Қандай мамандық қадірлі?
Әртүрлі өркениет тоғыса қайнасып жатқан әлемде жүздеген мамандық түрі бар. Қазақстан да дамушы ел ретінде жаһандық үрдістің үздік үлгілеріне иек артады. Таңдаудан қателеспей, қоршаған қоғамда сұранысқа ие, табысы жоғары маман атану кім-кімнің де арманы. Заман талабына сай білім алып, құнды капитал саналатын уақытыңызды кәсібилігіңізді арттырып, нәсіпке айналдырар оқуға жұмсаған абзал. Нарық ауыспалы болғаннан кейін, ондағы қажеттіліктерде біркелкі болмайтыны белгілі. Аты айқайлап тұратын беделді салаға бет бұру адамның тұрмысқа қалыптасуыңа ықпал етеді. Жоғары жалақы, сөзің өтетін дәрежедегі өткірлік, мансап баспалдағын мардымды аттау жас адамның бойындағы қозғаушы күші, жанар отының ұшқыны. 180 жоғарғы оқу орны жұмыс істейтін Қазақстанның білім ордаларының бәрі дерлік сапа санаты күшті дей алмасымыз анық. Сондықтанда елде сандық түбінде сарғайып жатқан көк, қызыл түсті дипломдар қаптап кеткен. Университет қабырғасынан өткеннен кейін, сан соғып бірнеше жыл жұмыссыз жүретіндер де аз емес. Осы тақырыпта оқырман ойымен санасып, көңілге қонымды пікірлерді назарларыңызға ұсындық.
Нұртілеу Мизамбай, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттің студенті:
– Тарих мамандығында білім алып жатырмын. Болашақта мұғалім болуды көздеп, саналы түрде осында түстім. Мұғалім, дәрігер, заң өкілі сияқты оқу түрлері мәңгілік мамандық десек қате айтқандық емес. Негізі мамандық деген сәндік болмаса қомақты қаражат табыс көзі ғана емес адамның келешектегі шамамен елу жылдық еңбектенетін, тәуліктің жартысын солайымен арнайтын сүйікті ісі болуы керек. Елдің экономикасын немесе өмір сүру деңгейін пазл деп елестетсек, оның дұрыс құралуы әр саланың дұрыс жұмыс жасауына негізделеді. Кішкентай тетіктердің үлкен механиканы басқаратыны сияқты мамандық тепе-теңдігін едәуір әлсіретіп алсақ, кері әсері болмай қоймайды. Біздің елде баяғыдан кәсіби біліктілігі асқан ұстаздар жетіспейді. Мейлі ол мектеп үшін, иә болмаса жоғарғы оқу орындарында. Реформалардың арқасында білім саласындағы түйткілді мәселенің түйіні тарқағандай сезіледі. Бірақ жыл сайын таңдай қақтырар жаңалық лек-легімен толастамай тұр. Болашақта сол жылдамдығын үдетпесе, азайтпайды. Үштілділік оқу жүйесін енгізгелі ел арасында ағылшын тілін білетін ұстаздар сұранысқа ие болды. Жұмыс іздеу сайттарында мыңдаған вакансия соларға тиесілі. Жалпы елдің негізгі бөлігін құрайтын өскелең буынға тәрбие мен орта білімді беретін мұғалім өз кәсібін сүйіп, ертеңгі күннің қалай болуы өз мойнында екенін түсініп қызмет ету өте маңызды. Себебі мемлекет мектеп пен бала тәрбиесіне аса мән беріп, мұғалім дәрежесі туралы заңға да қол қойды. Билік тарапынан барлық қолдау жасалып тұрған маманға қалатыны қарапайым жұмысына жауапкершілікпен қарау.
Еркін Құсан, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі оқу өндірістік шебері:
– Қазіргі қоғамдағы жалпы мамандық таңдау мектеп қабырғасын, колледжді аяқтағалы жүрген жастар үшін маңызға ие тақырып. Мамандығың дұрыс таңдалса ол өз кезегінде жақсы орта табуға септігін тигізеді. Осы қағидаларды ұстанған өрен өкінбейді. XXI ғасырдың Z буынына жататын өскелең өкілдеріне ешқандай мамандық қиындық тудырмайды. Әмбебап ойланатын, барлығына икемі мен қабілеті жететін саланы таңдаған жөн.
Елдегі басым бағыт – кәсіптік салаға көптеп гранттар берілуде. Осы тұста аймақтардағы жастардың техникалық кәсіпке қызығушылығы жетіспей жатады. Оқушылар мамандық таңдаған уақытта алдағы бес жылдықты, он жылдықты жоспарлауы тиіс. Жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық іспетті кеселді мәселелер мамандық таңдауға тікелей байланысты. Бір орынға көптеген талапкер тілек білдіретін конкурстар да соның арқасында әділ өтпек. Кәсіптің атына, атағына қарамай келешекте жұмыс ұсынылатын бөліктерін таңдау керек. Бір жұмыспен шектелмеген жөн. Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде дуалді оқыту жүйе бойынша бір мамандыққа оқуға түскен студентке біліктілігіне сай үш мамандық қоса оқытылады. Осы сынды жастарды көптеген мамандықтың пайдалы тұстарына баулу қоғам сапасын жақсартатыны сөзсіз.
ДариғаКенжебекқызы, Қожабақы ауылындағы №25 мектептің 9 сынып оқушысы:
– Бас ауруымның бірі осы тоғызыншыны бітіріп колледжге түссем бе, әлде он бірінші сыныпқа қалып бір жола жоғарғы оқу орнына құжат тапсырсам ба деген ой болып кетті. Интернетті ақтарсаң біздің елде қазір бакалаврдің өзі рөл ойнамайтындай көрінеді. Аға-әпкелерімде онбіріншіні бітіріп, мамандық таңдарда аса ыждаһатты бол деп кеңес береді. Негізі әлемде трендтен түспей тұрған үздік үштік IT маманы, инженер-жобалаушы және мұғалім екен. Ал мен өзімнің кім болғым келетінімді әлі шешкен жоқпын. Бірақ бір байқағаным елдегі әлеуметтік желінің нарыққа әсер етуі өте жоғары деңгейде. Жарнамамен жұмыс, блог жүргізу қалтаны қалыңдадатын кәсіп екен. Оған белгілі бір дәрежеде білім не болмаса өнер керек. Инстаграмдағы жазылушылар тектен тек отырмайды. Блогерлер оларды тұтынушы есебінде көреді. Тұрақты қаралым жинап, белсенді оқушысы бар инста-блогерлер ең азы 200 мың табады деп ойлаймын.
Қазақстанда басқадан озық түсіп, қатарының алды болып, жетекші орында жүруді қалайтын миллиондаған жас бар. Менде сол қатарданмын. Себебі өзіңді жетілдіру, тынбайтын ізденіс кім-кімге де әсер етеді. Ондай ортада өмір сүру барлығына ұнайды. Қандай мамандықты таңдасаң да егер сен сол кәсіпті меңгеріп, кәсіби деңгейде әріптестеріңнен оқ бойы озып жүрсең жоғарғы жалақы ешқайда қашпайды.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ