Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсат – айқын, мүдде – ортақ

Мақсат – айқын, мүдде – ортақ

Байжігіт Әбдіразақов атындағы №88 мектеп ұжымы биыл жаңа оқу жылын 410 оқушы, 23 сыныппен бастады. Былтыр мектепте оқыған 401 шәкірттің 158-і оқу озаты, 140-ы оқу екпіндісі болды. Мектеп бойынша білім сапасы 74,3 процентті құрады.
Мектептегі білім сапасының көрсеткіштерінің бірі – түлектердің жыл сайынғы Ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткен білім деңгейімен сараланады. 2019 – 2020 оқу жылында тестілеу сынағына қатысқан 18 мектеп бітірушінің барлығы жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, жоғары оқу орындарының грант иегері атанды. Бұл ретте мектеп директоры Қуандық Қожалепесов: «ҰБТ көрсеткіші бойынша оқушыларымыз орташа 92,3 балл жинап, аудан мектептері арасында алғашқы үздік үштікке кіріп, мектеп абыройын асқақтатты. 7 түлек «Алтын белгі», 1 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. Бұл мектеп әкімшілігінің дұрыс бағыт-бағдары мен ұстаздардың қажырлы еңбегі», – деген пікірін білдірді.
Сонымен қатар мектеп басшысы өткен оқу жылындағы жетістіктерді айтып берді. 9-11 сыныптар аралығында өткізілген республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде Кемеңгер Өтегенов математика пәні бойынша екінші, Венера Ағымова мен Ақбота Кендебекова құқық пәні бойынша үшінші орын алды. Камшат Оңдаш физика пәні бойынша бірінші орын иеленіп, облыстық кезеңде үшінші орын тұғырынан көрінді. Камшаттың жетекшісі – Патима Томай. Дарынды оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өткізген «Абай сыйы – 2020» республикалық олимпиадасында 11 сынып оқушысы Меруерт Серікова І дәрежелі дипломмен марапатталып, оқу орны ректорының грантын жеңіп алды. Республикалық «ХХ Абай оқулары» байқауында «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бағамы бойынша 10 сынып оқушысы Рамазан Балтабеков бірінші орын иеленіп, облыс намысын қорғады. Рамазан «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» тақырыбындағы жазба ақындар және «Абай деп соққан жүректер» атты аудандық жас ақындар мүшайрасында да жүлдегерлер қатарында болды. Шәкірттің шығармашылығын шыңдаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Калышова.
Бұдан бөлек пәндік олимпиадаларда озық шыққан оқушылар – Жаннұр Төремұратова, ІІ орын иегері атанды. Ерасыл Алпысбай, Ердәулет Ерғазыұлы, республикалық, облыстық деңгейдегі ғылыми жобалар байқауының жүлдегерлері – Айнұр Мұстафаева, Жазира Нұрқашова, Назым Ағымова мектеп мақтаныштары.
Қазалы ауданының білім беру ұйымдарының оқушылары арасында өткізілген «Роботурнир – 2020» аудандық сайысының «Спорттық роботехника» бағыты бойынша «Робосумо» санатындағы роботтар сайысында 7 сынып оқушылары Дінислам Инятулла бірінші орын, Қасым Аманжол Алғыс хат иегері атанды. «Туған жерім – тұнған шежіре» тақырыбындағы аудандық сырттай бейнероликтер байқауында 10 сынып оқушысы Рамазан Балтабеков екінші орын алды. Оқушыларды дайындаған информатика пәнінің мұғалімі Серік Ахмет. Білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Ата-бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» тақырыбындағы қылқалам шеберлері байқауында ұстаз Құлатай Әбіловтің шәкірті Ердәулет Ерғазы бірінші орын иеленді.
Білім ордасы басшысының айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында республикалық бюджеттен ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, мектептің шатыры және есік-терезелері ауыстырылған. Бұл ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылында ерекше көңіл-күй сыйлап, тың серпіліс берді.
– Биылғы оқу жылы ерекше басталды. Оның себебі белгілі. Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, бастауыш сыныптан 43 оқушы ата-аналардың өтініші негізінде кезекші оқу топтарда және қалған оқушылар қашықтан оқыту форматында білім алуда, – дейді Қ.Қожалепесов.
Ұжымдағы 69 мұғалімнің 2-еуі жоғары, 7-еуі бірініші, 8-і екінші санатты. Қазіргі таңда жаңартылған жүйе бойынша «Педагог зерттеуші» біліктілік санаты бойынша – 8, «Педагог сарапшы» біліктілік санаты бойынша – 15, «Педагог модератор» біліктілік санаты бойынша – 14 мұғалім оқушыларға дәріс беруде.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
19 қыркүйек 2020 ж. 949 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031