Мектеп мақтаныштары – мұғалім мерейі
Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атымен аталатын ауылдағы №88 орта мектепке Б.Әбдіразақовтың есімі берілген.
Білім ордасының іргетасы 1936 жылы төрт жылдық болып қаланып, төрт мұғалім сабақ берген. Солардың бірі – халық ақыны, ағарту ісіне белсене араласқан Байназар Өтепұлы. 1944 жылы мектеп жеті жылдық болды. Әр жылдары Бақберген Есенқұлов, Аман Әлімбетов басшылық жасады. 1969 жылдан бастап арнаулы орта білім беретін мектеп болып ашылды. Мектеп директорлығына Миуа Қоспанова тағайындалды. Алтын ұядан есімі республикаға танымал академик А.Сәмбетов, ғалымдар А.Нұрғызарынов, Қ.Ділімбетов және ақын-жазушылар Б.Әбдіразақов, Б.Тәжімбетов түлеп ұшты.
Білім ошағы 1987 жылы үш қабатты типтік жобадағы ғимаратқа көшірілді. 1996 жылы жерлес жазушы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Байжігіт Әбдіразақовтың есімі берілді. Қазіргі таңда мектепте 407 оқушы білім алуда, оларға 62 мұғалім дәріс береді.
– Биыл жаңа оқу жылын 22 класс комплектімен бастадық. Былтыр оқу жылын 403 оқушымен аяқтадық. 1-11 сынып аралығында 132 оқу озаты, 136 оқу екпіндісі болды. Жалпы мектеп бойынша білім сапасы 66,5 процентті құрады.
Мектептегі білім сапасының басты көрсеткіштерінің бірі – түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткен білім деңгейі. 2018 – 2019 оқу жылында мектеп бітіруші түлектердің ішінен ҰБТ-ға қатысқан 15 оқушының барлығы да жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Оқушылар орташа 86,5 балл жинап, аудан мектептері арасында алғашқы ондыққа кірді. Шәкіртіміз Асланбек Бағзалбаев «Алтын белгіге», Назым Мергенбаева мен Азамат Жақсыкелді «Үздік аттестатқа» ие болды. 16 оқушы жоғары оқу орнының грант иегері атанды. Биыл да шәкірттерге артар үмітіміз мол, – дейді мектеп директоры Қуандық Қожалепесов.
Мектепте ұстаздар мақтанышына айналған шәкірттер көп. Спорттық және мәдени көпшілік шаралардан ешқайсысы қалыс қалмайды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Солардың бірі – 9 сынып оқушысы Рамазан Балтабеков.
Рамазан өлең оқығанды жақсы көреді. Өзінің жүрекжарды жырларын да нақышына келтіре орындап, поэзия кешінің көркін келтіріп жүр. Ол қазақтың ұлы ақыны А.Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі ХХ Абай оқулары байқауының аудандық кезеңінде «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Жас өрен облыстық кезеңде талапкерлерден оқ бойы оза шауып, тағы да бірінші орынды қанжығасына байлады. Аудан абыройын арқалаған Рамазан Балтабеков ұлы ақынның туған жері Семей қаласында өткізілген республикалық ХХ Абай оқуларының жеңімпазы атанып, І дәрежелі диплом және медальмен марапатталды. Шығармашылық шәкіртті шыңдаған ұстаз – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Қалышова.
Бұл бір ғана шәкірттің жеңісі. Батыр ауылының балалары әлі талай белесті бағындырарына ұстаздары бек сенімді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА