Үрейленуге негіз жоқ

– Біз антибиотиктерді жеткілікті әкеліп, арнайы қоймада сақтаймыз. Тек соңғы үш күндікте цефазолин, натрий хлорид, С, В дәрумендері таусылып қалды. Кешке дейін аталған дәрілер келуі тиіс. Қазір біз де қиналып тұрмыз. Себебі сұраған өнімді жіберетін фирмада қажетті ассортимент болмауда. Келген парацетамолды 1 адамға – 2 конвалютадан, аспиринді – 5 конвалютадан босатудамыз. Себебі қаншама кезектегі адамға жеткізу парызымыз. Халық үрейленбесе екен, барлығына дәріні жеткізуге жұмыс істеп жатырмыз. Дәрігердің нұсқауымен ацикловир, амизон, анаферон, назаферон, эргоферон деген вирусқа қарсы препараттар босатудамыз, – дейді “Nur-med” дәріханасының провизоры Мөлдір Қадыр.
Бұл жағдай 5 ықшам аудандағы “Арнұр” дәріханасында да орын алып тұр. Ондағы фармацевттердің айтуынша, қазалылықтар қаланың арғы шетінен де күнде келіп, таң атқаннан кезекке тұрып вирусқа қарсы және иммунитетті көтеретін сұйықтықтар мен дәрумендерді көптеп алуда. Тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында күн-түн ұйықтамастан тапсырысты тездетіп жеткізу қолға алынып, дәрі-дәрмек барынша жеткізіліп тұр. Олардың кеңесіне құлақ түрсек, дене қызуын түсіру үшін құрамында парацетамол бар ұнтақ тектес және сұйық дәрілерді қолдануға болады. Ибуфен, тайлол, колдрекс, терафлю, панадол, антифлу, ин-грипп, гриппостад, антигриппин сынды және осындай тағы басқа да дәрілерін алса жеткілікті.
Дәріханалармен қатар теміржол ауруханасының ақхалаттылары да індетке қарсы күрес жүргізуде. Мұнда бүгінде жансақтау бөлімінде 4 адам аппаратқа қосылған. Терапия бөлімінен арнайы 20-30 төсек бөлінген. Қазір орташа ауыр жағдайда 12 адам ем алуда, аса ауыр халдегілерге арнайы оттегі берілуде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА