Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бар базарлық – балаларға

Бар базарлық – балаларға

Жадыраған жаз мезгілінің алғашқы күнінде ерекше мереке тойланады. Ол – шаңырақтың сәні, өмірдің мәні болған Балаларды қорғау күні. Бұның әрбір жан үшін орны ерекше. Өйткені өмірдің қаталдығы мен қиындығынан бейхабар, күнә атаулыдан пәк сәбилер айналасына тек қана шаттық пен қуаныш сыйлайтын жаратылыс иелері.
Дәл осы күні бауырыңызға немесе балаңызға ерекше көңіл бөліп, естен кетпестей қуаныш сыйлағыңыз келетіні даусыз. Алайда қандай сыйлық сыйларыңызды білмей әлі де ойланып жүрсеңіз, біз ұсынған кеңестерге құлақ түріп көріңіз.
Сыйлықты талғаммен және баланың жас шамасын ескере отырып таңдағаныңыз абзал. Ойыншықты ұнатпайтын бүлдіршін кемде-кем. Ол – баланың рухани азығы. Ойыншықты таңдарда оның танымдық және тәрбиелік рөлін ескерген жөн. Аса қымбат дүние алып берудің де өзіндік қайшылықтары бар. Тым молшылық балаларға зиянды, ол тоқмейілсушілік, шектеулік, өзімшілдік секілді нашар қасиеттерді қалыптастырады. Мәселен, мынадай ойыншық менен өзге ешкімде жоқ деген ой санада сақталып қалуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, бүлдіршіндерге арналған ойыншықтар оңай жуылатын, түсі де, формасы да көз тартатындай болуы тиіс. Сондай-ақ балаға жас кезінен бастап оның түсінуіне жеңіл суретті кітапшалар сыйлап, сол арқылы оның бойына кітапқа деген сүйіспеншілік дарытуға, оны күтіп ұстауға үйретуге болады. Оларға жас кезінен бастап сурет салуға арналған құралдар, бастапқыда қарындаш пен бор, ал одан соң акварель бояуларын түрлі бейнелер жасау үшін ермексаз сыйлауға болады. Ең бастысы – сапаға назар аударғаныңыз жөн.
Мектеп оқушыларына жасына сай оқитын кітап, мектеп жабдықтарын, үстелге қойып ойнайтын немесе дойбы, шахмат ойындарына арналған бұйымдарды, велосипедті сыйға тартуға болады. Есі кіріп қалған бүлдіршінге доп, шаңғы, шана, ролик, бокс қолғабын, бадминтон тарту етсеңіз де пайдалы. Бұл спортқа жастайынан баулудың бірден бір тәсілі. Балаларға тәтті тағамдар, жеміс-жидектер және киім-кешектер де ұнайды.
Оларға бала деп қарамай, кейде талғамымен санасқан да жөн. Жылына бір келетін мерекеде баланы дүкенге ертіп алып барып, бір күніңізді оған арнасаңыз да артық болмайды. Егер сіз баламен ашық сөйлесіп, не қалайтынын біле алсаңыз, тіптен, жақсы. Бұдан бөлек жеткіншек ұлыңыз немесе қызыңызға арнайы кино көрсететін залдарды тамашалауға болатын мультиктер немесе балалар киноларына билеттер сыйлаңыз. Кішкене жастағы балаларға ойын залдарында ойнауға болатын билеттер, карталарды да тарту еткен дұрыс. Бұл да бала үшін ерекше сыйлық түрі. Көп ешкімнің ойына келе бермейтін тосын сый десе де болады.
Сыйлық түрлері осылай жалғаса береді. Адам қиялы өте ұшқыр. Бұдан басқа да кереметті өзіңіз де таңдап ала аласыз. Бәрінен маңыздысы оған деген көңіліңіз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
02 маусым 2020 ж. 1 287 0

19 наурыз – Жаңару күні

19 наурыз 2024 ж. 41

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031