Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Төтеншеде сап түзеді тарландар

Төтеншеде сап түзеді тарландар

Қазақта «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер» – деген тәмсіл бар. Бұл нақылды бүгінгі күні әлемге үрей әкелген коронавирустың таралуын тоқтату үшін тізе қосқан сарбаздарға қаратып айтсақ жарасады. Өйткені денсаулыққа орасан көп залал әкеліп, салдары өлім жағдайына әкелетін ауруды жүгендеуге қол жинау басталғанда бұрын әскери міндетін өтеп келгендердің бәрі бірдей еріктілер қатарынан көрінбегенін білеміз. Тек Отан алдындағы борышын өтеуден ешқашан тартынбайтын, ел амандығы үшін бастарын қатерге тіге алатын айбынды жігіттер сап түзегендер ішінен табылды. Қазіргі таңда олар блок бекеттер мен маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр.
Аумақтық қорғаныс взводы деп аталатын әскерилердің командирі – аға лейтенант Марғұлан Ахметов. Сарбаздардың күн тәртібін реттеп, қауіпсіздік шараларын қадағалайды. Командирдің айтуынша, аудандық қорғаныс бөлімінің мамандары взводқа әскерилерді жинап жатыр деген хабар тарағанда мекеме алдына жиылған жігіттердің қарасы қалың болған. Десе де карантин режимін қадағалауға тартылғандар арасынан ондаған әскери борышын өтеп келгендер іріктеліп алынған.
– Аудандық қорғаныс істері бөлімі қызметкерлері сапқа тұруға асыққан қазалылық жауынгерлерді отбасылық жағдайына, денсаулығына қарап таңдады. Олардың көпшілігі үйленбеген. Өйткені мұнда сарбаздардың казармаға емес, үйлеріне қайтатыны болмаса кәдімгі әскерден айырмашылығы жоқ. Таңғы 8:30-да полиция бөлімінде жиналып, белгіленген міндеттермен танысып, учаскелік полиция қызметкерлеріне екі сарбаздан бөлініп беріледі. Кешкі сағат 9:00-ге дейін, демалыс күндерінсіз қызмет атқарады, – дейді М.Ахметов.
Взвод құрамының бір ерекшелігі – жас айырмашылығында. Онда 21 жастан бастап, 32 жасқа дейінгі орда бұзар жігіттерге дейін жұмыс істейді. Бұрын олар десант, теңіз флоттары, ОМОН мен Ұлттық ұланда әскери борышын өтеген. Бөлініске сай үш сарбаз ауданға кіре берістегі басты блок бекетті күзетсе, қалғандары теміржол бойындағы кентке әкелетін кішігірім автожолдарды, жолсыз жерлерді, сондай-ақ аудан аумағын патрульдейді. Карантин аяқталғанша кенттегі банк бөлімшелері мен адам көп шоғырланатын қоғамдық орындардағы қауіпсіздік шараларының орындалуын қадағалайды. Мамыр айының жиырмасы күні сарбаздардың қызметке кіріскендеріне отыз күн толады. Дегенмен әзірге олардың алатын жалақы көлемі айтылмайды.
Сарбаздардың керек-жарағы облыстық жұмылдыру басқармасы есебінен қамтамасыз етілген. Әскери формалары, үш мезгіл тамақ пен оларды тасымалдау мәселесі шешілген. Взвод қатарына алынған 24 жасар қатардағы жауынгер Көби Дали бастысы елдің тыныштығы, жұрттың амандығы екенін айтады.
– Әскери борышты өтеу бір бөлек, елдің амандығы үшін сапқа тұрған мүлде басқаша екен. Өйткені қатардағы сарбаздардың қырағылығы, қауіпсіздік мәселесіне салмақты қарауы қазіргі аудандағы, сонымен бірге елдегі ахуалдың оңалуына әсер ететінін білеміз. Елде төтенше жағдай жарияланған тұстан ­бастап, өзімді қоярға жер таппадым. Тіпті «полицей болғанымда індеттің таралуымен күресіп жүргендердің алдыңғы шебінде жүрер ме едім» деген арман-қиял маза бермеді. Жақында аумақтық қорғаныс құрамына сарбаз жиналып жатқанын білгенде, еліме, Отаныма қиын сәтте қол ұшын созудың мен үшін амалы табылғандай болды.
Көшелерде патрульдік жұмыс жасап жүргенде адамдарға үйде отыру керектігін, сол елге тигізген пайдасы екенін ескертеміз. Жұрттың бір жерге шоғырланбауын қадағалаймыз. Бәрінен бұрын осы арқылы туған жерге пайдам тигеніне қуанамын, – дейді жауынгер.
Айта кетейік, аталған құрамның жұмысы мамыр айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Алайда сол уақыттағы жағдайға байланысты взвод жұмысы жалғасуы да мүмкін.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
05 мамыр 2020 ж. 776 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 31

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 39

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930