Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » От-жалынның ортасынан оралған

От-жалынның ортасынан оралған

Бұрындары Қазалы қаласындағы Қорқыт ата көшесінде тұратын туысымның үйіне жиі баратынмын. Қарама-қарсы беттегі үйлердің бірінің алдында қарт кісі үнемі отыратын. Көшеден өткен үлкенді-кішінің барлығы қарияға қос қолын созып, амандық-саулық сұрасады. Мен де сәлемімді жазбаймын. Қабағы қанша қатулы болса да, бас изеп «бақытты бол, қарағым» деп жауап бергенінде жүзі ерекше мейірленетін. Кейін білдім бұл кісі Ұлы Отан соғысының ардагері – Қәлеп Бектұрғанов екен.
Бір күні әдеттегідей емес жанына жақын барып, амандастым. Ондағы ойым жеңіс таңын жақындатқан қарт жауынгермен сұхбаттасу еді. Әңгіме ауанын аңғарған ардагер: «Соғыстың несін айтайын, ол күндер ешқашан оралмасын», – деп қысқа қайырды. Атаның алысқа тіккен жанарынан көп ойды анық аңғаруға болатын еді. Дидарындағы әжімдер астарында бүгілген сыр қаншама? Қарияның сұрапыл сәттерді еске алуды құп көрмегенін көзінен ұғып, балалық шағына ойыстық.
– Ата, қай топырақтың тумасысыз? Бұл жолы ардагер шорт кеспеді. Бетіме қарап жылы жымиды да: «Мен Абай ауылының маңында дүниеге келгенмін. Әкем Бектұрған Тілеулиев пен анам Ақжан Шүкейқызы колхозда еңбек етті», – деп сөз бастады.
Анасы қаншама құрсақ көтерсе де бала тұрмай, өмірге тағы бір шақалақ келгенде Қәлеп деп есім береді. Бұдан соң дүние дидарына қос қыз келіп, отбасы екі жанға толығады. Сол заманның ауыртпалығы ер баланы ерте есейтіп, бұғанасы қатып, буыны бекімеген шақтан-ақ әке-шешесімен бірге колхоз жұмысына кірісіп кетті. Таңның атысы, кештің батысы еңбек етіп, жан бағудың қамын жасады. Еңбекақы деген жоқ, орнына адам басына бір келіден астық беріледі. Қанағат қарын тойғызады. Қолда барды ұқсатып, Ақжан ана отбасын ассыз қалдырмайтын. Бозбала Кәлеп Қазалы қаласындағы №16 мектептен 5 кластық білім алды. Оқуды одан әрі жалғастыруға ниеті болғанымен, тағдырдың бұралаң жолы басқа арнаға бұрылды. Соғыс басталып, ел іші абыр-сабыр күй кешті. 19 жасар Қәлеп 1942 жылдың мамыр айында әскер қатарына шақырылды. Бұл күнді қарт жауынгер бір сәт есінен шығарған емес. Көз алдынан кетпейтін жүрек тебірентер көріністі баяндап бергенде толқымайтын жан болмас сірә.
– 1942 жылдың көктемі. 18 бен 30 жас аралығындағы ерлерді жинап, майдан даласына жіберетін болды. Қатарында ең жасы мен де бармын. Әр әскерге аттанушының ізінде 4-5 адамнан. Менің жанымда анам мен қарындастарым бар. Міне, осылайша вагондарға жайғасып, батысты бетке алып кете бардық, – дегенде менің көз алдыма жабырқаулы жанарлар, баласына, жарына, жақынына қадала қараған мұңға толы жүздер мен кеудені қақ айырған қимастық сезім елестеді.
Жас сарбаз өзі құралпы бозбалалармен алдымен Чкалов қаласында жаттығып, ПВО әскерінің сапында 1942 жылы Мәскеу маңында майдан даласындағы жан алып, жан беріскен сұрапыл шайқасқа еніп кетті. Оның взводы жауға ауыр соққылар беріп, өршелене алға ұмтылған фашистердің сағын сындырды. 1943 жылы от пен оқтың ортасында өткен қиян-кескі шайқастың бірінде желкесінен оқ тиіп, Рязань облысында үш ай госпитальда ем алды. Жарақатынан айыққан бойда майдан даласына қайта оралып, жаяу әскер қатарында басқыншыларға қарсы айқасты. Осы жылдың қыркүйегінде аяғынан қатты жараланып, тағы да госпиталь төсегіне таңылды. Желтоқсан айында әскери комиссариаттың шешімімен денсаулығына байланысты соғыстан босатылып, елге қайтарылды. Аспаннан оқ қарша борап, жер беті отқа оранған майдан даласынан аман-есен туған жерге оралған Қәлеп Бектұрғанұлы колхоз еңбегіне бел шеше кірісті. Тапсырылған іске тиянақты, артылған жұмысқа жауапты жан Абай колхозында ферма меңгерушісі, жүк қабылдаушы болды. 1955 жылы балық зауытына ауысып, осында 21 жыл еңбек етіп, зейнеткерлік демалысына шықты. 1944 жылы Айымша Нұрмашевамен бас қосып, өмірге ұл-қыз әкеліп, өсірді. Өкінішстісі, Айымша ана бүгінде өмірден озған. Алайда әкесімен, атасымен мақтанатын ұрпақтары бар. Олар елдің әр өңірінде қызмет етіп жүр.
Қара шаңырақтағы ұлы Бақытжан Қәлепов пен келіні Айсұлу Шүйелбаева әкелеріне қамқорлық танытып, құрақ ұшады. Наурыз айының бірінші жұлдызында тоқсан жетінші көктемін қарсы алған Ұлы Отан соғысы ардагерінің кеудесінде III дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жеңістің 40,50,60,65 жылдығы» және «СССР Қарулы күштеріне – 70 жыл» мерекелік және «Маршл Жуковтың» естелік медалі жарқырайды.
– Әкеміздің жүріп-өткен өнегелі жолы бізге үлгі. Әрқашан атамызды мақтан тұтамыз. Шаңырақтың асқар тауы, тамырын тереңге жайған бәйтерегеміз. Ата атына кір келтірмеу біздің перзенттік парызымыз, – дейді қазыналы қарттың ұл-қыздары.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
21 сәуір 2020 ж. 568 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 57

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 110

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 119

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 84

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 110

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 121

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031