Қызылорда облысында коронавируспен 3 мыңға жуық медицина маманы күресуде – Әбдіқалықова
Қызылорда облысында коронавируспен күреске медицина саласының 3 мыңға жуық қызметкері жұмылдырылды. Бұл туралы өңір әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысы әлемді жайлаған коронавирус өңірдің түкпір-түкпіріне таралып үлгергеніне назар аударды.
Қазір облыс бойынша 116 адам қатерлі індеттің құрығына іліккен. «Бұған проблеманың шын мәнінде алапат екенін әлі де болса түсіне алмауымыз себеп. Оның қаншама адам өмірін жалмап жатқанын естісек те, көрсек те, тиісті мән бермейміз. Індеттен қорғанбаймыз. Тек сақтансаң ғана сақтайтынын естен шығарғандаймыз. Міне, осындай көзқарас санамызда тұрақтап қалған. Қазір көшеде жүрген адам да, көлік те көп. Тәртіп біркелкі орындалып жатқан жоқ. Кей мекемелердің, дүкендердің, дәріханалардың алды адам аяғынан арылмайды. Тосқауыл бекеттері ше? Сан түрлі айла-тәсілдерді ойлап тауып, айналып өтпек болғандар да бар. Таяуда карантинге қарамай, аң-балыққа шығудың арты апатқа ұласқанын да көріп-білдіңіздер. Ойланайық! Коронавирустың соңы өлімге әкеп соғуы әбден мүмкін. Осы күннің өзінде, 10 отандасымыз қауіпті кеселден көз жұмды», - деп атап көрсетті.
Сондай-ақ, облыс басшысы облыста тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қатаң шаралар қабылданып жатқанын, бірақ ереже орындалмаса, тәртіп сақталмаса, жұмыс еш нәтиже бермейтінін қадап айтты. «Аймақ бойынша бұл вируспен күреске медицина саласының 3 мыңға жуық қызметкері жұмылдырылды.
Тосқауыл бекеттерінде 200 полицей мен 170 әскери қызметкер үздіксіз кезекшілік етіп тұр. Енді қоғамның әрбір мүшесі жауапкершілікті түсінуі керек. Сыр халқы ғасырлар бойғы тарихында талай қиындықты еңсерген. Тағы бір сынақты артта қалдыратын кез келді. Мен сіздерден азаматтық жауапкершілік танытуды сұраймын», - деді. Гүлшара Әбдіқалықова сонымен қатар жеке парақшасына көптеген маңызды әрі мазмұнды ұсыныстар келіп жатқанын жеткізді. «Әрқайсысы бойынша басқарма және бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берілген. Біз халықпен кері байланысты тұрақты түрде жалғастыратын боламыз. Әрбір пікір маңызды», - деді ол. Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы расталған 119 адам бар.