Жемқорлық жерге қаратады
Орталық коммуникациялар қызметінде сарапшылар – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асырудың сыртқы сараптамасы мен бағалау жөніндегі арнайы мониторинг тобы мүшелерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Арнайы мониторингтеу тобының мүшелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асырудың алғашқы нәтижелерін және топтың 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын жариялады.
«Қазақстан бүгінгі таңда жемқорлыққа қарсы стратегияның бірінші кезеңін, яғни 2015-2017 жылдарға арналған жоспардың бастапқы кезеңін аяқтады. Ендігі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шараларымызға қадам бастап отырмыз», деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Сыйлыбайұлы.
Сарапшы Айгүл Соловьева Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалу барысын, мемлекеттік қызметті, құқық қорғау органдарын және сот жүйесін реформалаудың маңызды қадамдарын атап өтті.
«Соңғы екі жылда біз кәсіби мемлекеттік аппараттарды қалыптастыруда, сондай-ақ мемлекеттік қызмет стандарттарын іске асыруда – құзыретті іріктеуде, құқық қорғау органдарын меритократия қағидаты бойынша ілгерілетуде үлкен өзгерістерді байқадық. Мысалға, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу құқық қорғау органдарында оқуға түскендердің санын қысқартты (2016 жылы 8640-тан 2017 жылы 6181-ге), бұл қабылданатын кадрлардың сапасының жақсарғанын білдіреді», деді ол.
«Атамекен» ҰКП өкілі Мұрат Әбенов мемлекет жалғыз өзі жемқорлықпен күрескенімен жетістікке жете алмайтынын алға тартып, онымен қоғам болып күресу керектігін тілге тиек етті.
«Ол үшін мемлекет өз тарапынан ашық жария түрде жұмыс істеп, қоғам соны қолдауы керек. Сыбайластық жасағандарды сынап, таза, шынайы жұмыс істегендерді қолдаған жөн. Сонда ғана жемқорлық жолын толық жауып тастамасақ та, санын азайта аламыз», деді ол.