Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызға қырық үйден тыйым

Қызға қырық үйден тыйым

Дана халқымыз ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Оның ішінде әсіресе «қызға қырық үйден тыю» деп қыз баланы жасынан қатаң бақылауда ұстап, қағілез, пысық, іскер болуын естен шығармаған. Оларды күнделікті тұрмысқа үйрету мақсатында 6-7 жасынан жеңіл ыдыс-аяқты жуғызу, үй сыпыру, мосыға немесе ошаққа шәугім іліп, шәй қайнату, көрпе, жастық, киім-кешекті күн көзіне жаю сияқты жұмыстарға бейімдеп отырған.
Сегіз жасқа жеткенде қазанға сүт пісіру, жеңіл тамақ істеу, қамыр илеу мен жаю, нан пісірумен бірге кір жуу, шай құю, ыдыс-аяқ жинау, жуып тазалауға және оны еппен істеуге үйреткен. Он бесінде мал сауу, сауылған сүттен айран ұйыту, күбі пісіп, май шайқау, құрт жасау, ірімшік қайнату, қымыз ашыту істеріне жаттықтырған. Сондай-ақ ұршық ұстап, жіп иіру, ине ұстап, кесте, киім тігуге анасы өзі бастап тақия тігіп, оған өрнек салған. Аяяқап, жүкжабу, сырмақ, түскиіз тігу, үй жиһаздарын әшекейлеу, сәндеу арқылы қолөнерге баулып, шеберлікке талпындырған.
Бұдан бөлек оның бойына әдеп пен ибалықты сіңіруге қатты мән берген. 3-4 жасында-ақ ұзын көйлек кигізіп, етегін жауып жүруге әдеттендірген. Тілі шыққаннан әдепті сөйлеуге, ерсі сөздерді аузына алмауға дағдыландырған. Қарт кісілердің алдын кеспеу, есікті қатты ашып-жаппау, ыдыс-аяқты сылдыратпау, жасы үлкенге «сіз» деп айту сияқты ізеттілік жолды үйреткен.
Он үш жасында қыз баланың ата-ананың рұқсатынсыз өз бетімен қыдыруына жол берілмеген. Жұмыс бабымен немесе дос-жарандарға, басқа ауылға барғанда таза, ұқыпты киіну, өзін салмақты ұстау, орынсыз сампылдап сөйлеп, саңқылдап күлмеу, өсек-аяңға араласпау, қисынсыз қылық жасамау, далаға шыққанда жалғыз болмау секілді тәртіп-тыйымдарды құлағына құйған.
Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Олай болса бұрынғы ата-бабалардан жеткен осындай ұлттық дәстүрдің ұтымды тұстарын өмірімізге кеңінен пайлана білейік. Көз жауын алар әсем гүлге балаған қырмызы қыздардың санасы тағылымды тәрбиемен нұрланып, қазақылық қалпымыз нығая берсін!

Эльмира ҚАПАРОВА,
мектеп-интернат тәрбиешісі
22 наурыз 2020 ж. 1 868 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 32

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930