Қызға тыйым қалып бара ма?

Олардың бойына әдептілік, имандылық, тазалық қасиеттерін дарытқан. Жеке бас гигиенасын сақтауға, әдепсіздік пен азғындық жолға түспеуге тәрбиелей білген.
Халқымыз "қыз – қонақ" деп төрден орын беріп, алтынның сынығына балаған. Бұдан қызды тәрбиелей отырып, ұлттық ұстынды нығайтқан бабалардың даналығын көреміз. Әрбір ата-ана Аллаһ Тағаладан жақсы перзент беруін тілейді. Сол баланы тәрбиелеу, оны жетілдіру өте маңызды. Исламда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Аллаһ Тағала ол кісіні жаннатына кіргізеді». Осындай діни үкімдерді негізге ала отырып, әжелер, аналар және жеңгелер бойжеткенмен оңаша сұқбаттасып "ұмытшақ, ұрысқақ болма, әдепсіздікке жол берме" деп тал бойынан мін табылмайтындай тәрбие беріп, үлкен өмірге даярлаған. Қыз бала өзін дұрыс ұстамаса, көптеген түйінді мәселелердің туындауына себеп болатынын құлағына жастайынан сіңіріп отырған.
Өзге ұлттa жоқ қaзaқтa «ұят болaды» деген ұғым болғaн. Баласын жaсынaн кешегі күнге дейін сол «ұят болaдымен» тәрбиелеп келді. Сондықтaн ибaлы, инaбaтты, aрлы болып ержетті. Бүгін сол «ұят болaдысы» кеміп, «жұрттың шаруасы болмасын, әуелі өздерін жөндеп алсын» көбейді. Соның сaлдары тастанды балалар мен тірі жетімдер қатарының артуына әкеліп соғуда. Саналы ұрпақ тәрбиесінде тығырықтан шығар жолды қарастырудың кезі келгендей. Ол үшін халықтық педагогика мен ұлттық психологияны қайта жаңғырту қажет сияқты. Ата-бабаның салт-дәстүрін қыз бала тәрбиесіне тиімді пайдалана білсек, тәрбие көрген қыздар ерін пір тұтып, оның ата-анасы мен бауырларын құрметтеп, үлкеннің алдын кесіп өтпей сыйлап, қадірлейтін болады. Бұндай әйелді ері де айрықша құрмет тұтары сөзсіз.
Қызды «өрісімді кеңейтеді» деп келешегін әріден ойлаған отбасында бұрындары талай тыйым болатын. Солардың көпшілігі мақал-мәтел, ырым-тыйым, насихат сөз ретінде астарлап жеткізілген. Аналар «қызға қырық үйден тыю» дегенді жиі айтатын. Оның астарында қыз бала жасынан қыдырма, желөкпе, кезбе болмасын деген қағида жатыр. Бұл көркем жаратылған аруларды әртүрлі аңдушылар мен зорлықшыдан, қаңқу-жаладан қорғап қалу ниетінен туған ереже еді.
"Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" деген бар. Осы сөздерді мықты ұстанып, отбасындағы бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлінсе саналы қыздар қатары көбейері сөзсіз.
Нұрай ШАБЫТ