Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлге айналған көшелер

Көлге айналған көшелер


   Тарихы тереңнен сыр шерткен Қазалы қаласында соңғы жылдарда бірқатар жұмыстар жүзеге асқаны белгілі. «Сырт көз сыншы» дегендей, атқарылған шаруалар мен шешімін күткен мәселелер көпшіліктің көз алдында. Міне, көктем мезгілінің алғашқы белгілері де қылаң бере бастады. Қыстың пәті қайтуымен қасиетті Жер-анада жіпсіп, бусанатыны әмбеге аян. Мұны Қазалы қаласындағы өзіміз көзбен көрген көріністерден де анық аңғардық.

   «Қазалының Алтынсарины» атанған, ұлағатты ұстаз Бердікен Мергенбаев атындағы көшеге аяқ басқаннан «Жол азабын жүрген біледі» деген қанатты сөз ойымызға оралды. Анығын айтқанда, көшенің балағыңнан тартып, ілгері басқан қадамыңды кері кетірген бауырмал балшығы еріксіз есімізге түсірді. Тездетіп құлап-жығылмай, аман-есен құрғақ көшеге түссек деп тілеген едік.
    Көңіліміздің бір түкпірінде «жауын-шашын, лайсаң кезіндегі бұл көшенің тұрғындарының жағдайы қалай болар екен? Олар қашанғы резенке етігін киіп немесе арқалап жүрмекші?» деген ой қылаң берді.
Өзіміз тілдескен тұрғындар болса:
    – Көшенің қиындығы жаз айларында білінбейді. Ал қалған мезгілде жаяу адамдарға жүріп-тұру өте қиын. Кейде үлкен жүк көліктері өтіп, топырақты езіп, босатып кетеді. Жауын-шашынмен сол езілген жерлер шылқып, батпаққа айналады. Әсіресе, оқушылар мен балабақшаға қатынайтындарға қиын. Мектепке жеткенше үсті-бастары лас болады. Қала әкімі, әкімдік қызметкерлері көшенің жайымен танысса, қандай мәселесі барын көзімен көрсе, – деген уәжін жеткізді.

      Қаланың шет жағындағы белгілі қаламгер Асқар Тоқмағамбетов атындағы көшенің жағдайы тіптен қиын. Қар еріп, әне-міне есіктен көктем кіреді деп тұрған тұста басым бөлігін еріген су шайып жатыр. Мұның көпшілікке зардабы айтпаса да түсінікті. Осы ретте аталмыш аумақтың тұрғындары да Қазалы қаласы әкімдігі ұйытқы болып, жиналған суларды тартатын арнайы көліктермен дер уақытында жұмыс жасаса қиындыққа тап болмас едік деген пікірлерін білдірді.

      Біз көтерген мәселені құзырлы орындар назарға алып, нәтиже шығарады деп үміттенеміз.
    (Бұл бүгін біз көрген көптеген көшенің бір парасы ғана. Ал осындай су жиналып, жүруге мүлдем қолайсыздары қаншама?)

25 ақпан 2020 ж. 1 086 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031