Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңір дамуындағы өрелі өзгеріс

Өңір дамуындағы өрелі өзгеріс

Өткен жылы облыс экономикасына 400 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Бұл жөнінен жоғары өсу динамикасы бар 4 өңірдің қатарына қосылды. Сонымен қатар жыл қорытындысында Сыр өңірі экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша үздік саналатын сегіз аймақпен терезе теңестірді. Аталған жетістікке жету жолында сырбойылықтардың еңбегі орасан. Бұл жайында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыка драма театрында өткен халық алдындағы есепті кездесуінде мәлімдеді.
– Мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жасаған алғашқы жұмыс сапарында Сыр өңірінде атқарылып жатқан істерге өз ризашылығын білдіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына оң бағасын бергені белгілі. Тірліктің күші бірлікте екенін тағы бір дәлелдеп, 2019 жылды табысты аяқтадық, – деп облыс әкімі былтырғы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Инвестицияның өсуіне байланысты облыстағы құрылыс жұмыстары 54 процентке жоғарылады. Соған сай тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 8,8 процентке артты. Нәтижесінде 2019 жылы өңірде 760 мың шаршы метр көлеміндегі тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Өңдеу өнеркәсібінде де өнім өндіру көлемі 1,3, ауыл шаруашылығы 4,3, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,3 процентке өскен.
Өңір басшысы 2012 жылдан бастап мұнай өндірудің төмендеу үдерісі сақталғанын айтты. Бұл өнеркәсіп өнімін өндіру көрсеткішіне ғана емес, барлық салаларға, әсіресе, мұнайшылардың тапсырыстарын орындайтын мұнай сервистік кәсіпорындардың қызметіне тікелей немесе жанама түрде әсер етуде. Тек соңғы жылы ғана мұнай өндіру 830 мың тоннаға, соңғы 7 жылда 5 млн тоннадан астамға, яғни, 2 есеге азайған. Сондықтан жаңа мұнай кен орындарын игеру, осы салаға жаңа технологияларды енгізу, газ өндіру мен өңдеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қуанышбек Досмайылұлы қазіргі таңда оларды шешуге жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Өйткені болжам бойынша өңірде жерасты байлығының резерві бар.
Халық алдындағы есепті кездесуде басқа да кәсіпорындар жұмысы баяндалды. Мәселен 2018 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген тампонажды цемент өндіру зауыты 6 цемент түрін өндіреді. Оны көршілес өңірлерге ғана емес, 2019 жылдың шілдесінен бастап шетелге экспортқа шығаруда. Ал қара тақтатастарды автоклавты қайта өңдеу бойынша жоба іске асырылып жатқан «Баласауысқандық» ванадийлі кен орнынан жыл сайын Ресей мен Ұлыбританияға 200 тоннадан астам аммоний метаванадаты экспортталады. Ағымдағы жылы жалпы құны 408 млрд теңгеден асатын тағы 10 ірі жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Оның ішіне ел арасында көп талқыланған шыны зауыты да бар.
Бұдан бөлек былтыр «Арал тұз» акционерлік қоғамы тұз өндіру көлемін 25 процентке ұлғайтқан. 2022 жылға қарай өндіру көлемін 700 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ қуаттылығы 120 мың тонна болатын ас тұзын өндіретін үшінші испандық цехтың құрылысы басталды. Сонымен қатар кальцийлендірілген сода өндіретін алғашқы зауыт құрылысының жобасына байланысты министрлікпен келісудің соңғы кезеңі жүріп жатыр.
Қазіргі таңда өңірдегі мал басын арттыру ісі жолға қойылған. Биыл Қазалы ауданындағы 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын кеңейту жобасы аяқталады. Жалпы құны 450 млн теңгеге бағаланған нысан «РЗА» акционерлік қоғамына тиесілі. Сонымен бірге Қармақшы ауданындағы 1500 тонна құс етін (1,9 млрд теңге) өндіретін фабрикасы мен Шиелі ауданындағы 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын («Сыр агро и К» ЖШС) мерзімінен бұрын пайдалануға беру күн тәртібінде тұр.Облыс әкімі әр аудан мен Қызылорда қаласы жыл сайын кемінде 10 гектар жеміс ағаштарын отырғызу, сол себепті суармалы егіншілікті дамыту және өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін аяқсумен тұрақты қамтамасыз ету үшін суға деген тәуелділікті азайту қажеттігін айтты. Шиелі, Қармақшы, Жаңақорған, Қазалы аудандары вегетациялық кезеңде суармалы судың жетіспеушілігінен зардап шегіп, нәтижесінде ауыл шаруашылығының дамуын тежеп отыр. Аймақ басшысы бұл жылда қайталанатын мәселе болғандықтан Үкімет алдында әрқайсысы 1,9 млрд теңге болатын «Қараөзек» және «Күміскеткен» су қоймаларын салуды көтеріп отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңінде қамтылған үш компонент: Қызылорда су торабын қайта жаңғырту, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту, Жалағаш ауданында Тұрымбет және Қорғанша учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету ағымдағы жылы іске асырылатыны айтылды. Бір жақсысы облыс орталығы шегінде Сырдария өзенінің арнасын тазалау үшін қаржыландыру мәселесі шешілген. Құны 5 млрд теңге тұратын жоба іске асар болса, өзен арнасының 9 шақырым табаны 7 метр тереңдікте тазаланатын болады.
Бұдан бөлек биыл кем дегенде 10400 тұрақты жұмыс орынын ашу көзделіп отыр. Бос орындарға, мемлекеттен жеңілдік берілетін орындарға орналастыру, жеңілдетілген шағын несиелер, қайтарымсыз гранттар беру, жаңа мамандықтарға оқыту одан әрі жалғаса береді. Алайда, егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмыспен қамтудың ұсынылған шараларынан бас тартатын болса, онда атаулы әлеуметтік көмекті оған ғана емес, тұтас отбасына да төлеу тоқтатылады.
Халықтың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру – мемлекет пен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысының басты критерийі саналады. Бүгінде облыс халқының 97 проценті орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Ал бұл халықтың тек өмір сапасының ғана емес, оның денсаулығына да әсер ететіні анық. Сондықтан 2023 жылға қарай бұл көрсеткішті шегіне жеткізу көзделген. Облыс әкімі осы бағытта орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2020 жылы тұрғындар саны 24 мыңнан аса адамды құрайтын Қазалы ауданының Қазалы қаласы мен Мұратбаев елді мекенін және Шиелі ауданының Байсын, Қодаманов, Бидайкөл, Бекежанов, Алғабас елді мекендерін газдандыру жобаларын іске асыруды қолға алғанын айтты.
Өңір басшысы мектеп салу мәселесі бюджет қаржысы мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша шешіліп жатқаны айтылды. Нәтижесінде өткен жылы жеке инвесторлар есебінен 1450 орынға арналған 3 мектеп бой көтерген. Тағы үш инвестор жеке мектеп салуға ынта білдіріп отыр.
Сол сияқты денсаулық сақтау саласында да «2019-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау нысандарының өңірлік перспективалық даму ­жоспары» бекітілген. Соның аясында былтыр апаттық жағдайдағы денсаулық сақтау нысанының орнына Шиелі ауданаралық ауруханасы пайдалануға берілген. Жалағаш ауданында да жаңа аурухана құрылысы жүріп жатыр.
Бұдан басқа мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жеті дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріліп, облыстық көпбейінді аурухана мен Қазалы ауданаралық ауруханасына ангиографиялық қондырғы орнатылды. Облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлініп, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық қамтылуы 85,3 процентке жеткен. Ал дәрігер тапшылығын шешу мақсатында 2019 жылы 95 маман тартылып, қамту көрсеткіші 82 процентке жеткенімен мәселе толық шешілмеді. Қазірдің өзінде денсаулық сақтау саласына 159 маман жетіспейді.
Облыс басшысы халық алдындағы есепті кездесуінде бұдан басқа салаларда атқарылған ілкімді істер мен келелі жоспарлар жайына кеңінен тоқталды. Биылғы жылы да іске қосылатын маңызды нысандар мен халық әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар көптеп жоспарланған.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
22 ақпан 2020 ж. 610 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930