Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық саласындағы соны ережелер

Салық саласындағы соны ережелер

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда үкіметке микро және шағын бизнесті үш жыл мерзімге дейін табыс салығын төлеуден босатуды қамтамасыз ететін заң жобасын әзірлеуді тапсырғанын жұрт ұмыта қойған жоқ. Белсенді халықтың 30 процентін құрайтын кәсіпкерлер тың бастамаға шынайы қуанғанын білеміз. Онсыз да 5 жыл бойы мемлекет тарапынан жасалған үздіксіз қолдау есебінен осы саладағы субъектілер 1,5 есеге, яғни 1,3 миллионға артқан. Кезекті жеңілдіктің кәсібін бұрын бастаған қазақстандықтар мен ісін жаңа қолға алғандар үшін айрықша демеу екені анық.
Алайда көпшілік қазірдің өзінде жарыққа шығып үлгерген жаңа заңнаманың жай-жапсарын толық біле бермейді. Табыс салығынан нақты қандай кәсіпкерлер босатылады, басқа төлемдер қалай жүретіні нақты түсінікті емес. Сол себепті аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаровқа жолығып, жаңа өзгерістер жайын айтып беруді сұраған едік.
Аталған мәселе бойынша сөз қозғамас бұрын ауданның бас салықшысы өткен жыл қорытындысына тоқталды. Жергілікті салық төлеушілер мен тиісті органның жүйелі жұмысының нәтижесінде бекітілген жоспар артығымен орындалған. Жалпы түсім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 306 миллион теңгеге көбейген. Осы күнге дейін аудандағы жеке кәсіпкерлердің саны 4165-ге жетсе, оның 150-ден астамы жаңадан тіркелген.
Қолданысқа енген өзгерістерге байланысты ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың басына дейін микрокәсіпкерлік немесе шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын тұлғалар толығымен салық төлеуден босатылады. Бұдан былай бірыңғай жер салығын төлеушілер де есептелген табыс салығы, әлеуметтік және бірыңғай жер салығын белгіленген мерзімге дейін төлемейді. Алайда Президент жасаған жеңілдікті пайдалана алмайтын кәсіпкер тұлғалар да бар.
– Жаңа ережеде аталған көмек аясына кірмейтін кәсіпкерлік субъектілері көрсетілген. Психотроптық есірткі заттарын, акцизделетін өнімдер, астық сақтау, лотерея, ойын бизнесі, радиоактивті материалдар айналымы, банк пен сақтандыру қызметі, аудиториялық, бағалы қағаздар мен кредиттік бюро қызметімен айналысатындар бұрынғыша есеп беріп, тиісті салықты төлей береді. Бұл күзет қызметін ұйымдастыру сияқты тағы бірнеше қызмет түріне де қатысты, – деді Темірлан Қожаназаров.
Сонымен бірге жеңілдікті патент негізінде арнаулы салық режимін қойылған талаптарға сай келетін бизнес субъектілері қолдана алатыны белгілі болды. Бұл ереже жұмыскерлер еңбегін пайдаланбайтын, қызметін жеке кәсіпкерлік нысанында жүзеге асыратын азаматтар мен жан-жақты қызмет түрлерін ұсынатын аталған кәсіп иелеріне де қатысты. Мұны құрылыс жүргізу түрлерімен айналысатын, такси, жүк тасымалдау, фотография, аударма, мүлік, көлік, ойын-сауық құралдарын жалға беру, білім беру саласындағы қызметтер, құрылғы жөндеу, сұлулық салоны ұсынатын қызметтер мен ветеринария, жер учаскелерін өңдеу бойынша қызмет көрсететін тағы басқа жеке кәсіпкерлер пайдалана алады.
Бұдан бөлек салық төлеушілер кірістер басқармасына тапқан табысы жайлы есеп беруді бұрынғы ізбен жалғастыра береді. Ал тіркелген салық жойылады. Сонымен бірге темекі тауарына акциз ставкалар 13,8 процентке өсті.
Шағын орта кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларға жеңілдік мерзімі аяқталған сәтте жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау басталады. Ауданның бас салықшысы бұл үрдіске көшу кезеңдерін де түсіндіре кетті.
– Салық кодексінің 71-тарауына өзгеріс енгізу 2021 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылып, кезең-кезеңімен көшу көзделген. Бірінші кезекте мемлекеттік лауазымдағы, мемлекеттік функциялар орындауға уәкілеттік берілген және оған теңестірілген адамдар мен олардың жұбайы назарға алынады. Олар “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «ҚР Конституциялық заңына», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «ҚР банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» қолданыстағы заңдарға сәйкес декларация ұсынуға тиіс.
Мемлекеттік жұмыскерлер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жұмыс істейтін азаматтар мен олардың жұбайы (зайыбы) кодекстің 2023 жылдың 1 қаңтарында басталатын декларацияның екінші кезеңінде тапсырады. Тағы бір жылдан кейін үшінші кезең басталып, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер мен олардың некедегі жолдастары есеп береді. 2025 жылдан бастап қалған санаттағы барлық азаматтар декларация тапсыруға міндеттеледі, – деді ол.
Бұдан былайғы уақытта аудандық кіріс басқармасы қызметкерлері онлайн-БКМ қолдану талаптары жалпы пайдаланудағы телекоммуникация желілері жоқ аймақтарда өз қызметін жүзеге асыратын бизнес субъектілеріне таратылмайтынына баса назар аударады. Яғни ағымдағы жылдан ¬бастап телекоммуникация желілері жоқ ауылдарды есептемегенде барлық салық төлеушілер онлайн кассалық аппарат қолдануға міндеттеледі.
Бүгінге дейін полиция қызметкерлері толтырған айыппұлды мерзімінен бұрын төлеген азамат 50 процент жеңілдікпен төлей алуы салаға серпіліс әкелгені белгілі. Ендігі жерде салық саласында да Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің құқықбұзушылық жасау фактісін мойындаған және айыппұлды төлеумен келіскен тұлға он тәулік ішінде оның жартысын ғана төлеп құтыла алады. Аудандық салық басқармасының басшысы аталған өзгерістердің салық төлеушілерге берер пайдасы мол екенін атап өтті.
Аталған мәселелерге байланысты аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы мамандары халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кетті. Сейсенбі күні кенттік клубта аталған басқарма басшысы Темірлан Қожаназаров, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов және облыстық кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалының директоры Қадырхан Еңсепов салық төлеушілермен жүздесіп, жаңа ережелер жайынан толыққанды ақпар берді. Жиынға қатысушылар өздерін алаңдатқан сауалға жауап алды. Тиісті мекеме басшылары бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасатынын айтты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
15 ақпан 2020 ж. 873 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930