Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Естелік кітабының тұсауы кесілді

Естелік кітабының тұсауы кесілді

Аудандық орталық кітапхананың «Coworking» орталығында Қазалының қайсар ұлы, білікті бапкер, КСРО спорт шеберлігіне кандидат Тарғын Таңатарұлы Нұралиевтің өмір жолына арналған «Мен қайта оралдым» атты естелік кітаптың тұсаукесері өтті.
Келместің кемесіне мінген дарынды спортшының өмірден өткеніне биыл 10 жыл толып отыр. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов жарық көрген кітаптың тұсауын кесіп, саңлақ спортшының ерен еңбектері естен шықпайтынын ескертті. Осылайша 5 бөлімнен тұратын ауқымды кітап қалың оқырманға жол тартып, кітапхана сөрелерінің төрінен орын тепті. Кітапта марқұм Тарғын Нұралиевтің өткен өмір жолы мен қызметі баяндалған.
Спорт ел мен жердің мерейін өсіретін киелі өнер болса, соның ішінде әр өңірдің маңдайына жарқырап біткен жарық жұлдыздай жайсаң ерлері болады. Соның бірі әрі бірегейі ретінде Тарғын Таңатарұлын айтсақ артық болмас. Жиынға келген 20-ға жуық бокстан бірнеше мәрте облыс, республика көлеміндегі чемпиондар ұстаздарын сағынышпен еске алды.
Қонақтар қатарында Өркендеу ауылдық округінің әкімі Нәби Үргенішбай да болды. Ауыл әкімі бокс шеберінің Жанкент ауылында білім алып, сол жерде өсіп ержеткенін айтып, азаматтық келбетін тілге тиек етті.
– Тарғын жүзі жарық, аузын ашса жүрегі көрінетін еңбекқор жан еді. Сол кездегі бірге өскен, қызметтес жандардың қай жерде болмасын оның жұмыстың ауырына жүгіріп, айналасындағы көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүретінін айтады. Бұл дегеніміз талантты спортшының адамгершілігі мол екенінің, алға қойған мақсатына жетпей қоймайтындығының дәлелі. Өкініштісі, қазір Тарғын жанымызда емес, – деді Нәби Мәлиұлы.
Осы сәтті пайдалана отырып аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Мұратбайұлы Өркендеу ауылдық округінің әкіміне сондағы білім ордасында Тарғын Нұралиевке арналған бұрыш ұйымдастыруды жүктеді.
Талай дүбірлі додадан білікті бапкердің қай шәкірті де сайыстарда топ жарып, қоржындары бос қайтпаған. Тарғын бастаған Қазалының бір топ жігіттері басқаларды місе тұтпаған, сол кезде Республикадағы спортшылардың өзі олардан айласын асыра алмай сүрінген деседі.
Шара соңында естелік кітапты баспаға дайындаған ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері, Ақпарат саласының үздігі Жұмабек Табынбаев туындыға «Мен қайта оралдым» деген атау неге қойылғаны туралы айтып, аудандағы бір спорт кешеніне Тарғын Таңатарұлының есімін беруді еске салды.
Кеште Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектептің 5 сынып оқушысы, Болгарияның Варна қаласында өткен Халықаралық байқаудың бас жүлдегері, дарынды жас әнші Мадияр Серік «Қазалым» әнін шырқап, жиналған жұрттың қошеметіне ие болды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
11 ақпан 2020 ж. 1 001 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 76

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930