Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлігі мен еңбегі ел есінде

Ерлігі мен еңбегі ел есінде

Әйтеке би кентінде білікті бапкер, КСРО спорт шеберлігіне кандидат Тарғын Нұралиевті еске алуға арналған бокстан облыстық турнир өтті. Оған 2006-2007 жылдар аралығында туған жасөспірімдер қатысты. Алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Жиналғандар Тарғын Нұралиевтің жарқын бейнесін бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
№17 Қазалы спорт мектебінде өткен жарыс «Ақжелең» би тобының «Ер Тұран» батырлар биімен ашылды. Бұдан соң шара жүргізушісі Кенже-Әлі Асқар турнирдің мақсатына тоқталды. Қазалы боксының алға басуына айтарлықтай үлес қосқан білікті бапкер Тарғын Таңатарұлының есімін есте қалдыру, сол арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақ санасына өрлік пен намысты, адалдық пен қайсарлықты, отансүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыруды көздеген шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, жас боксшыларға сәттілік тіледі.
Аталған турнирде ақын Жұмабек Табынбаевтың сөзіне жазылған Нұрмаш Алғашбаевтың әні «Бокс­шылар маршын» әнші Қаршыға Қалымбет шырқады.
Байрақты бәсекеге Қызылорда, Байқоңыр қаласы және облыстың барлық аудандары, сонымен бірге Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыс­тарынан 200-ге жуық талапкер келді. Турнирдің өтуіне ұйытқы болған ұйымдастырушылар – Қызылорда облыстық спорт басқармасы, Қазалы ауданы әкімдігі, №17 аудандық спорт мектебі және бокс жанашыры, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері Жұмабек Табынбаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жарыстың демеушілері Тарғын Нұрғалиевтің шәкірттері де ізгілікті істің ойдағыдай өтуіне үлес қосты. Тарғын Таңатарұлының туған бауыры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Мұхан Нұралиев, туыстары, жора-жолдастары турнирге келген қонақтар қатарынан табылды. Турнирдің бас төрешісі Азамат Құтмамбетов болып белгіленді.
– Тарғын Таңатарұлы Қазалы ауданы, Өркендеу ауылының тумасы. Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орнында оқып жүргенде бокс­тан өткен көптеген жарыстың чемпионы атанды. Спорттың осы түрінен КСРО спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындады. Кезінде атақты боксшы Серік Нұрқазов Қазалының қара баласының шаршы алаңдағы шеберлігіне ризашылық танытқаны бар. Сол тұста Тарғынның Қарағанды қаласында қалып, таңдаған мамандығы бокс жаттықтырушысы болып жұмыс істеуге толық мүмкіншілігі бар еді. Үй толы балаларына қорған болып, аналарын жоқтатпаған әкесінің «елге келсеңші» деген сөзінен аса алмады. Дайын жұмысын, әне-міне қолына тигелі тұрған пәтерін тас­тап туған жері Қазалыға оралды. Аудан орталығынан бокс секциясын ашып, шәкірттер дайындады. Алдымен мектептің спорт залында, уақыт өте спорт мектебінде бокстан жаттықтырушы болып жұмыс істеді. Туған жерде тура 10 жыл еңбек етті. Жүздеген шәкіртті нағыз ер жігітке тән спорт түріне баулыды, – деді бокс­шы туралы естелігінде Жұмабек Табынбаев.
Қоржындары жүлдеден бос болмайтын Жеңіс Боранбаев, Берекет Сәрсенбаев, Қайыржан Аманов, Батырбек Сыдықов, Алмат Насыров, Райымбек Бақиев, Қайыркелді Табынбаев, Саян Мубенов, Сақытжан Акимов, Талғат Сайдуллаев, Алтынбек Ақтілеуов, Бауыржан Құттықов, Асқар Түктібаев, тағы басқа да көптеген шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда, халықаралық турнирлерде топ жарды.
– Тарғынның есімі көп уақыт ескерусіз қалды. Ақыры бұл мәселе де шешімін тапты. Арда азаматтың есімін есте қалдыру мақсатында өздеріңіз көріп отырғандай байрақты бәсеке өтіп жатыр. Бұл үшін Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевқа, орынбасары Әлімжан Жарылқағановқа, №17 спорт мектебінің директоры Қуанған Бәкенге, облыстық спорт басқармасына, атсалысқан барша мекеме мен жекелеген азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді ұйымдастырушылар.
Төрт күнге созылған турнир өз мәресіне жетіп, қатысушыларды марапаттау сәті де келді. Қорытынды шараға келген аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов 15 салмақта бақ сынаған жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығын марапаттап, сыйлықтар тапсырды. Ең жас боксшыларға «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы, қонақтарға арнайы дайындалған кәдесый берілді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 қараша 2019 ж. 1 170 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031