Денис Тен туралы кітапты 1 миллион адам жүктеп алған
Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында жарияланған "Біздің Денис" кітабының электрондық нұсқасын бір айдың ішінде 1 миллион адам жүктеп алған, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
"Бір айдың ішінде электронды кітапты 1 миллион адам жүктеп алды. Соның ішінде Қазақстан (30 пайыз), Ресей (15 пайыз), Қырғызстан ( 8 пайыз), Оңтүстік Корея (13 пайыз), Өзбекстан (6 пайыз), Франция (8 пайыз), АҚШ (10 пайыз), Түркия ( 3 пайыз), Италия ( 4 пайыз), Канада (3 пайыз) және тағы басқа елдердің азаматтары бар", - деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Атап өтсек, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қаза табуына байланысты «Біздің Денис» атты кітап шығарған болатын. Кітапта спортшының өмірбаяны, жарқын сұхбаттары, сондай-ақ ел, отбасы және өмір туралы айтылған пікірлері келтірілген. Онда Денистің сирек кездесетін және жарыстар мен әр түрлі іс-шаралардан естелік фотосуреттері, сондай-ақ әлемдік және қазақстандық жұлдыздардың естеліктері қамтылған.
Baq.kz