1 ақпаннан бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді
Армения мен Қырғызстанның көліктерін тіркеу
Жуырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдерінен жеткізілген көліктерді уақытша тіркеуге рұқсат берді. Бұл көліктердің тіркеуі 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды болады. Яғни, шетелдік нөмірмен жүрген көлік иелері бір жыл ішінде кедендік баж бен утилизациялық алымды төлеп, темір тұлпарды тұрақты тіркеуге қоюы қажет.
Уақытша тіркеу ақпан айынан басталады
Бұған дейін ішкі істер министрлігі шетелдік көліктер арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркелетінін хабарлады.
Қажетті құжаттар:
жеке куәлік;
бұрынғы немесе транзиттік тіркеу нөмірлері;
көлік құралын тіркеу туралы куәлік;
меншік иесі туралы құжаттар;
алғашқы тіркеу салығын төлегені туралы түбіртек;
мемлекеттік нөмір мен техникалық төлқұжатты жасау үшін салық төлегені туралы түбіртек.
Осыдан кейін мұндай көліктерге сары түсті арнайы нөмір беріледі. Ал техникалық төлқұжатқа тиісті мәліметтер енгізіледі. Бұл құжаттың мерзімі – 2021 жылдың 1 наурызына дейін.
Балаларға азық-түлік пен мектеп формасы беріле бастайды
Ақпан айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі.
Әлеуметтік пакетпен 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қамтамасыз етіледі.
Яғни, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларға тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, қалалық қоғамдық көлікте жол ақысының 50%-і өтеледі.
1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік жиынтығы ай сайын, ал тұрмыстық химия тауарлары тоқсан сайын жеткізіліп тұрады.
6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға сертификат оқу жылының басталуына дейін, тамыз айында берілмек.
Ақша айырбастау пунктері жаңаша жұмыс істейді
Қазақстанда 1 ақпаннан бастап валюта айырбастау пунктеріне қатысты талап күшейеді.
Айырбастау пунктерінің жұмыс уақыты шектеледі. Енді олар таңғы 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Алайда теміржол вокзалы, казино, аэровокзал, әуежайда, сондай-ақ, шекарадағы автокөлік өткізу бекеттерінің аумағында тәулік бойы ақша айырбастауға болады. Ірі сауда орталықтарында ақша айырбастау пунктері кешкі 22:00-ге дейін ашық тұрады (бірінші категориядағы ірі сауда орталықтарына "Сауда қызметін реттеу туралы" заңның 10-бабы 2-тармағында көзделген нысандар жатады).
Сонымен қатар, 500 мың теңгеден (1323 доллар) асатын валютаны айырбастау кезінде жеке басты куәландыратын құжат ұсынып, заңды мекен-жайды айту қажет.
Егер ақша сомасы 500 мың теңгеден аспаса, онда клиент тек жеке куәлігін көрсетеді.
Қытаймен жолаушылар тасымалының барлық түрі тоқтатылды
Қытайдағы коронавирустың елге таралуына жол бермес үшін Қазақстан билігі бірқатар шара қабылдады.
1 ақпаннан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Үрімшіге баратын жолаушылар пойыздарының бағдары Достық стансасына (Алматы облысында орналасқан соңғы қазақстандық станса – Sputnik) дейін қысқартылады.
1 ақпаннан Достық – Алашанькоу, Алтынкөл – Қорғас бағдарлары бойынша теміржол қатынасы уақытша тоқтатылады.
Ал 3 ақпаннан бастап екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасы уақытша тоқтатылады. Қытай азаматтарына виза берілмейді. Нұр-Сұлтан, Алматы және Бейжің, Үрімші, Сиань, Санья, Хайкоу қалалары арасында тұрақты рейстерді отандық Air Astana, SCAT және Қытайдың China Southern Airlines және Air China әуе компаниялары орындайды.
Қытайға әуе билетін алған қазақстандықтар оны сатып алған жеріне кері қайтарып, ақшасын ала алады.
"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы Қытайдың Жаңа жылын мерекелеуге байланысты 22 қаңтардан бастап жабылды. Ол 2 ақпанда ашылуы тиіс еді, алайда коронавирусқа байланысты орталықтың жұмысы 15 ақпанға дейін уақытша тоқтатылды. Бұл мерзім әлі де ұзаруы мүмкін.
Бірінші сынып оқушылары демалысқа шығады
Бірінші сынып оқушыларына 3-нен 9 ақпанға дейін қосымша демалыс беріледі.
2019-2020 оқу жылында 2-11 сынып оқушылары 34 апта оқып, 30 күн демалады. Бірінші сынып оқушыларына қыста қосымша демалыс беріледі, сол себепті олардың оқуы 33 аптаға ұзарды.
Жазғы демалыс 26 мамырдан, дәстүрлі соңғы қоңыраудан кейін басталады.