Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл тынысы – әкімдер есебінде

Ауыл тынысы – әкімдер есебінде

Басықаралықтардың денсаулығы басты назарда
Қазалы ауданында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беруі басталды.
Алғаш болып Басықара ауылдық округінің әкімі Мұрат Бекмамбетов пен учаскелік полицей инспекторы Ерлан Байділдаев жыл ішінде атқарылған жұмыстары туралы баяндады.
Ауыл әкімінің сөзінше, өткен жылы Басықара ауылдық округіне бөлінген қаржының барлығы толығымен игерілген.
Жыл бойы ауылдық округ әкімінің атына 12 жеке тұлғадан, 1 заңды тұлғадан және 1 ұжымдық өтініш түссе, 14 адам жеке қабылдауда болған. Олардың барлығына тиісті заңдылықтарға сәйкес жауап берілген.
– 2019 жылы 14 ауыл тұрғыны кәсіптерін жаңадан ашса, 3 тұрғын мал шаруашылығымен айналысуға 55,5 миллион теңге несие алды.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты аясында «Бастау бизнес» жобасы арқылы 5 ауыл тұрғыны құжаттарын тапсырып, 3 адам оқу курсынан өтті.
Сонымен қатар «Startup» бағдарламасымен ауылдың 1 тұрғыны 252 мың теңге қайтарымсыз грант қаражатын алса, жеке кәсіпкер Нұргүл Жүсіп 505 мың теңге грант иегері атанды.
12 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылса, 19 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 10 адам қоғамдық жұмысқа тартылды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Бизнес кеңесші» жобасы шеңберінде 2 ауыл тұрғыны оқу курсын аяқтап, 1-еуі профнастил темір бұйымдарын шығару үшін 200 мың теңге қайтарымсыз грант иемденді, – дейді М.Бекмамбетов.
Әкімнің айтуынша, өткен жылы елді мекенді көркейту-көгалдандыру, абаттандыру бағытында 1,862 миллион теңге бөлініп, ел игілігіне жұмсалған.
Мұнан бөлек «Тілашар» бөбекжай балабақшасының шатыры жаңаланып, жылу жүйесі бу қазандығына ауыстырылған. Сонымен қатар Көбек қорымынан бастап «Басықара баба» аллеясына дейінгі орталық көшеге, С.Сейфуллин, А.Құнанбаев, Аманкелді көшелеріне жөндеу жұмыстары жүрген.
Ауылдағы электр желілері «ҚЭТТК» АҚ-ның теңгеріміне қажетті құжаттары облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына алыс-беріс актісі арқылы өткізілді.
Ауыл тұрғыны Қ.Қаратаевтың «мал басын асылдандыру» жобасы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы» ЖШС-нан қолдау тауып, 4 млн теңге несиеге қол жеткізген.
Мұнан соң аудан басшысы Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданында 2019 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Өткен жыл аудан үшін табысты болды. Әлеуметтік және экономикалық бағыттағы алға қойған межелерді орындап қана қоймай, көптеген салада күтілген нәтижелерден артық көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бұл жетістікке сіздердің қосқан үлестеріңіз зор.
Мақтанышпен айтайын, аудан экономикасы жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2019 жылдың басында аудан бюджеті 19,4 млрд теңге болып бекітілсе, жыл соңында 22,7 млрд теңгеден асты.
2020 жылдың бюджетін 21,3 млрд теңгеге бекітіп отырмыз. Бұл облысымыздағы Қызылорда қаласынан кейінгі екінші орын, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Есепті кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкірат Сейтекен «Жыл басынан бастап күшіне енген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігі қандай?» және «Ауылдық дәрігерлік амбулатория жабылып қалмай ма?» деген сұрақтарын қойды.
Бұл сауалға Қазалы ауданаралық ауруха­насының бас дәрігері Гүлжихан Нысанова жауап берді. Бас дәрігердің мәлімдеуінше, МӘМС-тің тиімділігі көп. Тегін берілетін дәрілердің көлемі едәуір артып, медициналық қызметтің сапасы артады.
2016 жылдан бастап фельдшерлік акушерлік пункт болған Басықарадағы медициналық мекеме 15 ақпаннан бастап дәрігерлік амбулатория болып өз жұмысын бастағалы отыр.

Кәсіпкерлігі кеңейген Құмжиек
Мұнан кейінгі есепті кездесу Құмжиек ауылдық округінде жалғасын тапты.
Округ әкімі Болатбек Баймаханов өткен жылы әкімдікке келіп түскен ұсыныс-пікірлердің бір парасын атап өтті.
Құмжиек ауылдық округіне тіркелген «Орда инженеринг» фирмасы салық базасының ұлғайтуға байланысты жергілікті бюджетке қосымша табыс түсірген. Жыл басынан бері 5 азамат әлеуметтік, 8 азамат маусымдық, 22 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, 30 адам қоғамдық жұмысқа тартылған.
Ауыл бойынша 125 кәсіпкерлік нысан тұрғындарға қызмет көрсетеді. Шаруа қожалықтарынан бөлек 7 дүкен, 1 наубайхана, 1 фотосалон, 1 ветеринария қызметі, 1 пластикалық есік-терезе жасау цехы мен мал бордақылау алаңы, шаштараз жұмыс істейді.
– «Жеңіс», «Аян», «Серимов Кеңес» шаруа қожалықтары мен «Алаугаз» қожалықтары асыл тұқымды мал өсірумен айналысуда.
№92 орта мектепте 247 оқушы білім алуда. Мектеп жанындағы шағын орталықта 45 бала тәрбиеленуде.
Қ.Пірімов дәрігерлік амбулаториясында 1 дәрігер, 9 орта буын медицина қызметкері, шалғай елді мекен тұрғындарына 3 фельдшер медициналық көлігімен халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Қ.Пірімов ауылында 2019 жылдың қазан айында ауыл күні мерекесіне орай «Ауылым – құт мекенім» атты шара өткізілді. Онда түрлі спорттық жарыстар, жыршы-термешілер сайысы мен ат бәйгесі ұйымдастырылды.
Алдағы уақытта ауылішілік Ғ.Мұратбаев көшесі тұйығын жөндеуден өткізу, Т.Ақжігітов, Ғ.Мұратбаев көшелерін талапқа сай түнгі жарық шамдарымен жарықтандыру, ауылы орталығынан ашық балалар және спорт алаңын салу жоспарда бар, – деген ауыл әкімі Б.Баймаханов тұрғындар жағдайын алға тартты.
Келесі кезекте аудан басшысы М.Ергешбаев сөз алып:
– 2019 жылы аудан көлеміндегі көне мекеме ғимараттарды бұзбай, баспанасыз жүрген тұрғындарға беру жағы қарастырылды. Бұған дейін аудандық аурухананың ғимараты жөнделіп, 42 отбасына берілген болатын.
Сол жылы аудандық бюджеттен 20 миллион теңге қаралып, Әйтеке би кентінде орналасқан №204 мектептің көне 5 қабатты ғимараты жатақханаға бейімделді. Оған тұрғын үйге мұқтаж 39 отбасы орналастырылды.
Бүгінгі күні ауданда тұрғын үйге мұқтаж 1000-нан астам азамат кезекке алынған. Олардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында тиісті жұмыс жүргізілуде.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағында 18 пәтерлік 6 жалдамалы көп қабатты тұрғын үй салынып, халыққа берілді. Жоба құны – 1 млрд 61,4 миллион теңге. Пәтерлер кілтін тұрғындарға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өзі табыстады.
Бүгінгі күнге 5 үйдің құрылысы толық аяқталса, 1 үй өз мерзімінен бұрын пайдалануға берілгелі тұр. Бұл үйлердің құрылысы толық аяқталған уақытта жүздеген адам баспанамен қамтамасыз етіледі, – деді.
Осы ретте айта кетерлігі аудан басшысы тұрғындардың жеке талап-тілектері мен өтініштерін арнайы қабылдауда тыңдап, заң шеңберінде көмек жасайтынын жеткізді.
Есепті кездесулердің тағы бір ерекшелігі – бұл жолы халықтың өткен жылғы айтқан ұсыныстары мен шағымдарына байланысты жыл көлемінде соған сай атқарылған жұмыстар да баяндалды.
Құмжиектегі кездесуде тұрғындар атынан зейнеткер Т.Тілеуқабыл, Қ.Жаңабаев, «Ауданымызда малшаруашылығының шикізат өнімін, яғни тері мен жүн қабылдайтын орын болса; ауыл ішіндегі Ғ.Мұратбаев көшесіне жөндеу жасалынса» деген тілектері мен қоса Басықара каналының бойында орналасқан тұрғындардың тыныс-тіршілігіне аса қажетті көпірдің қауіпті жағдайда тұрғанын ескертті.
Аудан әкімі тері мен жүн қабылдайтын орынның ауқымды, бірақ өте орынды көтерілген мәселе екендігіне тоқталды. Ол үшін аудан бойынша бір мезгілде қанша тері жинай алатынын зерттеп, инвестор іздеу керектігін алға тартты. Жол жөндеуге байланысты жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылатынын жеткізді. Сондай-ақ көпір қауіпіне орай ауыл әкіміне, құрылыс, су шаруашылығы кәсіпорны, төтенше жағдайлар мен тиісті мамандар арқылы зерттеп, ақау актісін жасап, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Жалаңтөс жаңа нысанға толы
Түстен кейін халық алдындағы дәстүрлі кездесу Қарашеңгел ауылдық округінің әкімі Орысбек Жамшейтов пен учаскелік полицей Мешітқазы Әбдіреевтің өткен жылдағы атқарған жұмыстарын тыңдаудан басталды.
– Қазіргі таңда ауылдық округте 302 отбасы тұрады. 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 14 шаруа қожалығы, 250 орындық жаңа типтегі Қ.Пірімов атындағы №103 орта мектебі, «Алақай» шағын орталығы, жаңа типтегі 90 орындық «Сәуле» бөбекжай балабақшасы, «Жалаңтөс» дәрігерлік амбулатория, кітапхана, 150 орындық клуб, Арал-Сарбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесіне қарасты №11 су көтеру стансасы, почта байланыс бөлімшесі, ветеринарлық пункт, автоматтандырылған телефон стансасы жұмыс істейді. Негізгі шаруашылығы егін егу. Округ сапалы ауызсу, аяқсумен қамтамасыз етілген.
Округ бойынша 47 кәсіпкер тіркелген. 2019 жылы 20 ауыл тұрғыны кәсіпкерлікке бет бұрып, нан пісіру, жолаушылар тасымалы, мал шаруашылығы, автобөлшектер, монша, той безендіру, жанар-жағармай бекеті, ұсақ сауда, шаштараз және азық-түлік саудасымен айналысуда.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының» бірінші бағыты бойынша еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау барысында 4 адам кәсіптік білім алуда, – деді ауыл әкімі.
Ауылшаруашылығы саласында 873 мүйізді ірі қара, 2403 уақ мал, 842 жылқы бар. Сонымен қатар «Жалаңтөс батыр» ЖШС, «Қият», «Қыдыр», «Өркен», «Рауан», «Дін-Нұр», «Қуан-Ата», «Жалаңтөс батыр», «Ұлан», «Сая», «Салмаев Ш», шаруа қожалықтары ауылшаруашылығымен айналысып, 113 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.
2019 жылы «Жалаңтөс батыр» ЖШС-і 685 гектар жерге күріш егіп, 20550 центнер өнім алған.
Бұл жолы да ауданның өткен жылғы жетістіктерімен таныстырған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев:
– Ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі басты назарда. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрғындар саны жыл сайын көбейіп келеді.
Өткен жылы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 347 адамға жер берілді.
Қазір қала мен кенттің аралығында 441 гектер жер учаскесіне электр желілері, ауызсу мен газ апару, жолдар салу үшін 2 миллиард 93 миллион теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Биыл жалғасын табатын жұмыстар аяқталған кезде екі аралықтан 1500 адамға тұрғын үй салу үшін жер учаскесі бөлінеді.
Жаңа үлгідегі кәсіпкерлік нысандарын салу үшін де жер учаскесі белгіленіп, оған 25 кәсіпкерлік объектісін салу жоспарланып отыр.
Бірнеше әлеуметтік нысан тұрғызу бас жоспарға енгізілген. Атап айтқанда, балабақша мен бірнеше мекеменің әкімшілік ғимаратын салу үшін орын белгіленді.
Жыл ішінде ауылшаруашылығы саласына тартылған негізгі инвестиция көлемі – 946 миллион теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда – 65 процентке артық.
Есепті мерзімде – 14 миллиард теңге көлемінде өнім өндіріліп, аталмыш салаға 1,1 миллиард теңгеден астам субсидия төленді, – деді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектері тыңдалып, тиісті жауап берілді.

Ел тілегі ескеріледі
Бұл күнгі әкімдердің есепті кездесуі Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі болған Ғани Мұратбаев ауылында өткізілді.
Округ әкімі Абай Рыстығұлдың 2019 жылы атқарған жұмыстары тыңдалды.
– Өткен жылғы есепте айтылған ұсыныстар бойынша қазіргі уақытта №15 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының 1 блогының шатыры ауыстырылды, Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйінің дыбыс күшейткіш қондырғыларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, газ желісін тартуға байланысты құжаттар облыстық энергетика басқармасына тапсырылды. Биылғы 2020 жылға қаржыландыру кезегінде тұр.
Жыл көлемінде ауылдық округі әкімінің жеке қабылдауында 14 адам болып, жеке және заңды тұлғалардан жазбаша 28 өтініш түсіп, заңдылықтарға сәйкес жауаптар берілді. Жыл ішінде 80 шешім және 102 өкім қабылданды.
Ауылдық округте иесіз ғимараттар жоқ. Округ бойынша 24 тұрғын үй тұрғызылды, оның ішінде 8 азамат жаңадан жер алса, 16 азамат өз ауласынан салуда.
Жыл басынан бастап 5 жас маман жастар тәжірибесінен өтті. 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 39 адам маусымдық жұмыспен қамтылды.
Округ бойынша 1520 мүйізді ірі қара,1204 қой, 986 ешкі, 1130 жылқы, 138 түйе есепке алынған. Барлық мал басы бірдейлендіріліп, базаға енгізіліп, сырғаланған.
Мал ауруларының алдын-алу шаралары бойынша 12 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық шаралар атқарылып, 3 түрлі ауруға қарсы диагностикалық тексерулер жүргізілді.
Сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты жыл көлемінде 4 рет ауыл тұрғындары, қоғамдық ұйымдар мүшелері, мекемелер қызметкерлерінің және жұмысшы тобының қатысуымен жиын өткізіліп, 3 рет құқықтық оқу ұйымдастырылды, – деді округ әкімі А.Рыстығұлов.

Мұнан соң аудан әкімі ауданда атқарылған жұмыстармен таныстырып, ауыл халқының талап-тілектерін тыңдады. Тұрғындарда орайы келгенде аудан әкіміне өздерінің инженерлік инфрақұрылымға, кәсіпкерлік саласындағы несие алу жолындағы кедергілерге көптеп ұшырасатындығына қатысты өздерінің түйіткіл және елеулі мәселелерін жеткізді.

Есет ТАБЫНБАЕВ

19 қаңтар 2020 ж. 1 192 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031