Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірдің кейбір көріністері

Өмірдің кейбір көріністері

Жастарымызға не жорық?

Көпшілік қауым бас қосқан дастарқан басындағы отырыста мұсылманшылық хақында басталған әңгіме-дүкен қызды-қыздымен жаназа мәселесіне қарай ойысты. Сонда қызулана сөйлеген бір ағам:
– Қазір ұзын арқан, кең тұсау рахат болды. Күні кешегі социализм тұсындағыдай сағатымен істеліп жатқан жұмыс, жұмысшы-қызметкерлердің тәртібін бақылауға алатын кәсіподақ, комсомол сияқты ұйымдар жоқ. Сондықтан да кейде ауылдық жердегі жастарымыздың өлік шығатын үйді айналсоқтап жүргенін көп көреміз, – деді.
– Оны қалай дәлелдей аласың? – деді енді бірі.
– Оған байланысты айтар айғағым жетеді, – деді адуын ағамыз алғашқы екпінінен таймай. – Осы жылдың басында ауылымыздағы бір азаматтың тоқсаннан асқан шешесі қайтыс болды. Мүмкін, көп жасаған кейуанадан «тәбәрік» аламыз деген ниеттері де бар шығар, ауылдың жастары мен қариялары қонақасысына көп жиналды. Әжеміздің жаназасы күні немерелерінің қатары келіп, жайланатын үй сұрағанда көңілімізді реніш биледі. Бірақ жастар өтінішін аяқасты етпедік. Ал енді осынысы мұсылманшылық жолын сақтағандыққа жата ма?
Мен қазіргі күндері ауыл жастары арасынан осындай өз қатары емес адамдардың жаназасына қатысатын кейбір жас буынды байқап жүрмін. Жаназа үстінде таратылатын аз ғана теңге үшін имандылық жолынан тайып жүрген сол жастарымызға не жорық?! Келешек олар осыны мықтап ойланса екен.
Ағамыздың пікірі дұрыс-ақ. Сан-қилы қауіп-қатер, қиыншылықтар басына төнсе де, ардақты аталарымыз «Жаным – арымның садағасы» деген. Олай болса, қашанда қазақы қалпымыздан айнымауға тырысайық, ардақты бауырлар!

Теріс үгіттің уыты

Көше бойында таныс құрбыма кездесе қалдым. Онан үй-ішінің амандығын сұрай келе:
– Жол болсын. Қайдан келесің? – деген сауал ұштығын шығардым.
– Мектептегі ата-аналар жиналысынан қайттым. Тоғызыншы сыныпта оқитын ұлым бар еді. Бүгін соның сынып жиналысына қатыстым. Сынып жетекшілерінің айтуына қарағанда, қазіргі балалардың тәртібі жақсы емес. Біз оқып жүргенде мұғалім ағай мен апайларды ерекше құрмет тұтушы едік қой. Бүгінгі оқушылардың бойында ондай қасиет азая бастаған сияқты, – деді ол көңілсіз кейіппен.
– Соншама түңіліп, ақыр заманды жақындата бермеші, – деймін мен.
– Артық айтып, боямалап қайтейін. Менің баламның сынып жетекші ағайының айтуына сенсем, мектептің жоғары сынып оқушылары арасында барға барып қыдырып, темекі шегіп, насыбай ататын шәкірттер анықталған. Бұл не масқарашылық?! Біздің кезімізде мұндай жөнсіздікке жол берілетін бе еді? – деді құрбым тағы да.
– Қашанда адам қоғамда болып жатқан жаңалықтардан алшақ кете алмайды. Қазіргі заман ағымы басқаша. Түрлі өзгеріс пен құбылыстар жастардың тәлім-тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Күнделікті теледидардан көрсетіліп жатқан шетелдік кинофильмдердегі біздің ұлттық дәстүрімізге жат қылықтар да жас ұрпақты ізгі жолдан адас­тыруы мүмкін, – деймін оның санға бөлінген санасына ойтамызық тас­тап.
Не десек те, теріс үгіттің уытынан сақтанып, өскелең ұрпақты саналы да, білімді етіп тәрбиелеу жалғыз ұстаздардың ғана міндеті емес, ата-ананың да борышы екенін ұмытпағанымыз да ләзім-ау.

Кейуананың тапқырлығы

Нарық заңы күннен күнге тықсырып біраз қиындық кел­тіргенімен қазекемнің той-думаны таусылған ба?..
Бір жолы сәті түсіп, туыс ағайынның шақырыспасына қатыс­қаным бар. Дастарқан басына жиналған жұрт қарап отыратын ба еді? Әркім әр саладан білгенін қозғап қояды. Әзілі жарасқандар бір-бірін жеңіл қағытып та алады.
Аяқ жақта отырған етжеңді сары қарын келіншектің әңгімесі бөлек. Сүйреңдеп, күйеудегі қызын мақтаумен отыр.
Сүт қатқан қою шайдан ұрттап қойып:
– Мен Бибінің үйіне барғанымда... – деп тағы бір ойдың ұштығын шығара берген.
Сол сәт төрдегі жасы біразға келген томашадай тарамыс кейуана түсі бұзылып:
– Шырағым, әңгімеңе қандық. Бұрынғылар «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық» деген. Бибі... Бибінің үйі дегенше, күйеу баланың атын неге айтпайсың? Отбасының егесі қашан да ер жігіт емес пе, күнім-ау... – дегені.
Орынды айтылған уәжге дас­тарқан басындағылар үнсіз келісті.

Сахи ҚАПАР
31 желтоқсан 2019 ж. 999 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 184

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 127

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031