Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл үздіктері марапатталды

Жыл үздіктері марапатталды

Дүйсенбі күні Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында 2019 жылды қорытындылау аясында мерекелік шара өтті. Арнайы дайындалған сахналық кеште экраннан Қазалы ауданындағы жаңадан пайдалануға берілген ғимараттар слайд арқылы көрсетілді. Салтанатты басқосуда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев биылғы жылдың қазалылықтар үшін табысты өткендігіне тоқталды.
– Келе жатқан жаңа 2020 жыл бәріңізге құтты болсын! Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміт пен асқақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын ерекше мерекеміз. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, болашаққа деген мол сеніммен, нық қадаммен аттағанды қалайды.
Алдағы жылда отбасыларыңызға құт-береке, ынтымақ пен бірлік тілеймін. Тышқан жылы тек оң өзгерісімен, ұмытылмас сәтімен қуантсын. Болашақта да елдің жарқын келешегі үшін еткен еңбектеріңіз еленіп, үлкен жетістікке жете беріңіздер, – деді аудан басшысы.
2019 жылдың қорытындысы бойынша “Қазалы-Жолшы” ЖШС директоры Серік Өтегенов “Құрметті жолшы” төсбелгісін, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің аудандық филиалының меңгерушісі Сәкен Әлішев “Батыр шапағаты” медалін кеудесіне тақты. Аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ерболат Тұрым мен еңбек ардагері Әбжами Жанаевқа Қазалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Сонымен қатар өз саласы бойынша жақсы жетістіктерге жеткендер марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында “Бозкөл” дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Ә.Қартабаева “Үздік дәрігер – 2019”, Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінің директоры Б.Жібекәлі “Үздік мәдениет қызметкері – 2019”, №266 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Әділбаева “Үздік ұстаз – 2019”, №4 “Шұғыла” бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі С.Мұхашова “Үздік балабақша меңгерушісі – 2019”, “Шекер” шаруа қожалығының жетекшісі Е.Арықбай “Үздік ауыл шаруашылығы қызметкері – 2019” атанды.
Сондай-ақ бокстан ҚР спорт шебері А.Бахытжан “Үздік спортшы – 2019”, Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің әдіскері, баспасөз хатшысы Ш.Баекеева “Үздік ақпараттандырушы – 2019”, аудандық полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Ш.Сейтімов “Үздік сақшы – 2019”, “Nur.Med.kz” ЖШС директоры А.Тұрымбетова “Үздік бизнес жоба – 2019”, Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің әкімі А.Рыстығұл “Үздік ауыл әкімі – 2019” бағамымен марапатталды.
Мерекелік шара барысында мәдениет орталығының өнерпаздары әннен шашу шашып, көрерменге қуанышты көңіл-күй сыйлады.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
31 желтоқсан 2019 ж. 1 728 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930