Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашық пікір алаңы

Ашық пікір алаңы

Аудандағы белсенді жастардың басы тағы да орталық кітапханада қосылды. Бұл жолы олар Жастар жылын қорытындылап, келер жылға жоспар жасады. Еркін түрде пікір алмасып, ойталқы өткізу жастардың бірін-бірі толықтырып, кемелденуіне әсер етеді. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» дегендей, оқушылар мен студенттер де алдыңғы буын жастардың айтқан кеңесіне құлақ асып, соларға қарап бой түзейді. Бұл жолы да татымды әңгіме айтылып, тыңдар құлақтан табылды.

Шара жүргізушісі кеш барысында әр саланың белсенді өкілдерін қатысушыларға таныстырып, әңгіме ауанының ауданнан алыстап кетпеуін қадағалап отырды.

Бірінші ортақ тақырып аудан спортының даму бағыты жайлы болды. Бұл жайында көгалдағы хоккейден республика біріншілігінің чемпионы Мұқағали Сансызбаев: «Қазіргі таңда Қазалы ауданының спорты айтарлықтай қарқынды даму үдерісінде. Қай спорт түрін алсаңыз да ауданның атағын аспандатып, байрақты бәсекеде беделімізді арттырып жүрген жастар жетерлік. Жастар жылының аясында өткізілген әртүрлі деңгейдегі жарыстарда мәреден көрінген үздіктер биылда көп болды. Мысалға халықаралық бокс турнирінде Эйндховеннен алтын жүлдемен оралған Дәметкен, «Оқжетпес» клубының сапында Чемпиондар Лигасына жолдама алған Құндыз сияқты қыздар мен еркін күрестен, греплингтен, бокстан бәйгелі оралған жігіттер де бар. Футболға келсек, біз айтудан жалықпайтын ойыншы Дәуренбек Тәжімбетов Қазақстан футбол тарихында хет-трик жасаған жалғыз қазақ екені белгілі. Бірақ ауданның ішінде де бәсекелестікті жоғарылатсақ, кәсібиліктің артатыны белгілі. Сол себепті көптеген залдар ашылып, салауатты өмір салтын ұстанатын жастар көбейсе нұр үстіне нұр» – деген пікірін ортаға салды.

Көпшілікке қойылған келесі ­сауал өңірдегі медицина туралы болды. Неге қазірдің өзінде жастар арасында қазақы емге жүгінетіндер көп. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің беделіне нұқсан келтіреді ме?

Себебі, дипломы бар дәрігерге сенбеу және олар науқасқа немқұрайдылық танытады деген пікір халық санасында нықтап тұрып алғандығы туралы талқылады.

Бұл тақырыпта жиын қатысушылары қызу талқы жасап, әркім өз позициясын қорғап шығуға тырысты. Жетес би емханасының меңгерушісі Мерей Жаңғабыл кәсіби деңгейде жауап беріп, қос тараптың да көңілін жықпайтын жол тапты.
Барлық қатысушыны таң қалдырған мектеп оқушысы Асылжан Сатмағанбетов болды. Оның қызығушылығы робототехника екен. Және қазірдің өзінде жас өрен тек жоба қорғап, жарыстарға ғана қатыспай, өз лабораториясын құрған. Сол жерде түрлі эксперимент жасап, талантын шыңдап жүр. Оның бір дәлелі, өз үйін ешкімнің көмегінсіз «ақылды үй» етіп жабдықталғаны. Ілуде бір адам ғана таңдайтын мұндай мамандықтың өкілін жиналған жастар ұйып тыңдады.

Қазіргі таңдағы талай жастың бағын ашқан «Жайдарман» ойындары екені анық. Қазалыдан шыққан әзіл әлемінің ­жастары түрлі деңгейде фестивальдерге қатысып, бағын сынап жүр. Биыл алғаш рет «Қазалы» құрамасы жоғарғы лиганың телевизиялық бағдарламасына жолдама алған. Бұл әзірге біздің жастардың бағындырған алғашқы жеңісі.

Бір сағаттан аса уақыт тапжылмай отырып, кеңес құрған жастар бір сәт ән мен күй тыңдады. Жас әнші Рахымжан Мақсатбаев Қазалы қаласынан шыққан жас ақын Бақытжан Қаһардың сөзіне жазылған әуенді шырқап, көпшілікті тәнті етті.

Жастар ресурстық орталығының басшысы Асылхан Дәрібаев белсенділер мен студент жастарды осындай отырыстарға жиі араласып, белгілі бір орта құруға ұсыныс тастады. Қандай жастың да озық идеясын жүзеге асыруына ұйым барлық тараптан қолдау көрсететінін жеткізді.
Еріктілер жылында есінеп отырмай, тау еңсерер қуатпен жұмыла жұмыс жасауға сөз байласқан жастар жағы естелік суретке түсіп, көңілді тарқасты.

Аудан жастарының арасында біз байқағандай, үздік спортшы да, күміс көмей әнші де, робототехникте бар. Тек осыларға жеткілікті көңіл бөлініп, бағытынан айнымауға күш салсақ, келешек кемел болмақ.

Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ


24 желтоқсан 2019 ж. 1 401 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930