Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Енжар бала қайдан шығады?

Енжар бала қайдан шығады?

Бір кездері тәрбиеші мен мұғалімдерінің жолын тосып, оларды көруге асығатын балғындар қатары кеміген. Балалардың білу, тануға деген қабілетінің төмендеуінің салдары неде? Енжарлықтың белең алуы­на қандай себептер әсер етеді? Мәселені көпшілікке салдық...

Гүлдара Есенжолова, ата-ана:
– Бұрын әлеуметтік жағдайды әкелер шешетіндіктен, көбіне аналар үйде болып, бала тәрбиесімен айналысатын. Қазір көбіміз жұмыстамыз. Кішкентайларымызға лайықты көңіл бөле алмай қаламыз. Осындайда балалар смартфонға еліктейтіні бар. Өзі іздеген, іздемегеннің бәрін көз алдына оралтып отырған құралға телмірген баланы мектептегі тақтаға жазылған жазу мен ұстаздың сөзі қызықтырмасы анық. Баланы өзіміздің жастық шағымыздағы дағдыға баулу дұрыс емес. Ол кезде қазіргідей алаңдататын ақпараттық құралдар болмады. Біз үшін барлық байлық– мектеп пен кітапта еді. Ал оны беретін тек мұғалім деп білетінбіз. Қазір кез келген нәрсе қолжетімді екені белгілі. Оған мектеп бағдарламасының күрделеніп, оны игерту уақытының қысқаруы да әсер етеді.
Мектепте оқитын үш балам бар. Тапсырмасын орындатпақ тұрмақ, оны түсінудің өзі үлкен адамның санасына салмақ түсіреді. Осындайда үйге берілген жаттығудың алғашқы сөйлемін тақтаға жазып, талдайтын, есептің біреуін шығарып, үлгі ететін, қосымша сабаққа шақыратын Кеңестік дәуірдегі ұстаздардың тәжірибесі ойға оралады. Меніңше, енжарлық осындайдан ­туындайды.

Айгүл Құлмұратова, мұғалім:
– Ұстаздық қызметте түрлі оқушыға жолығамыз. Олардың қатарында сіздер сөз етіп отырған енжар балалар да бар. Бар деу аздық етеді, көбейіп келеді десек артық емес.
Енжарлықты туа бітті қасиетке жатқызуға болады. Оны кейбіреулер жуастық, тәртіптілік, кейде ұстамдылыққа жатқызады. Алайда ол – өзіне қажеттіні айта алмайтын, ойын ашық жеткізбей, өзгелерді дүдамал пікірге жетелейтін болымсыз қасиет.
Сонымен бірге отбасындағы жарасымсыз көрініс, әлеуметтік жағдай да жасөспірімді енжарлыққа жетелейді. Баланың жарқын үлгісі ата-анасы болғандықтан, олардың жайсыз тұрмысына қаныққан өрен өмірді тек сәтсіздіктерден тұрады деп қабылдап, өзі де болашақ мақсаты жоқ адамға айналады. Мұндайда мұғалімдер тәжірибесінде түрлі тәсілдер қолданылады. Мысалы, мектеп партасында отырған шәкірттің сабаққа зейінсіз, қызығушылығы жоқтығын байқаған ұстаз оны сабақтан соң жеке алып қалып, ашық сөйлескені дұрыс. Екеуара әңгімеде қандай да бір табыс кілтін ұстап, мол қазына, абырой-атаққа ие болған жандардың өмірі туралы айтудың артықтығы жоқ. Бұдан кейін болмысы түбегейлі өзгермесе де, оң нәтиже орын алып, қызығушылық оянуы мүмкін.

Мөлдір Нұрадинқызы, бала дәрігері:
– Әрбір баланың даму сатысында кезеңдік өзгерістер орын алатынын білу маңызды. Шақалақ қай кезде қандай дағдыны меңгеруі, қандай қылығын оятуы керек. Бұлардың барлығы оның келешегіне тікелей қатысты. Ол үшін ата-ана мен жергілікті дәрігер арасында тығыз қарым-қатынас болуы керек. Әдетте ата-аналар бала танымымен мектепке барған кезде ғана айналысады.Ұрпағының зейін жетіспеушілігі мен гипербелсенділік синдромын қалыпты жағдайға санайтындар да бар. Балақайға неғұрлым ерте көңіл бөліп, онда кездесетін ақаулықты анықтамау, кішкентайдың психологиясына да үлкен залалын тигізеді.
Баланың енжар болуына тұқымқуалаушылық, физикалық және сыртқы фактордың да әсері бар.
Мәселен, ана балаға аяғы ауыр кезінде бір нәрседен қорқып немесе секем алып қалса, оның салдары нәрестеге тікелей беріледі. Туылғаннан кейін бала өмір бойы қорқыныштан арыла алмайтыны дәлелденген. Кейбір сәбилерде табиғи, туа біткен кемістік кездеседі. Мұндайда дәрігердің арнайы көмегіне жүгінумен қатар, ата-ана баланың кемшіліктеріне мән бермей, қалжыңмен қарауына, қысылмауына көмектескен жөн. Осындай жағдайлар енжарлыққа алып келеді. Олар кейін де оқшауланып, өз-өзіне деген сенімін жоғалтып алады. Қазір Қазақстан бойынша әр баланың бесіншісі күйзеліске ұшыраған. Оған тұтас қоғам бас ауыртуы тиіс.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жолда ешқашан немқұрайлық танытпаған дұрыс. Бабалар «Баланы – бастан» дегенді бекер айтпаған.

Айгерім Жақыпова, тәрбиеші:
– Қиын да күрделі үдеріс – бала тәрбиесінде байыптылық қажет екенін біле тұра, көбіміз оны екінші орынға қалдырып жататынымыз жасырын емес. Әр бала әртүрлі қалыптасады десек те, олардың белгілі бір даму динамикасы бар. Ал солардың арасында енжар бүлдіршіндердің қатары көбейіп келе жатқаны бізді алаңдатады.
Енжар бала болып қалыптасуға көптеген жайт тікелей әсерін тигізеді. Оған ата-ананың қаталдығы, дөрекілігі, отбасында бейәдеп сөздердің айтылуы, жағымсыз қылықтар жасалуы баланың өмірге деген көзқарасының дамуына кесірін тигізіп, оның жасқаншақ, енжар болуға ұшыратуы мүмкін.
Өскінге көп уақыт бөлу де маңызды. Егер қыз не ұлыңыз ұнамды бір іс жасап, онымен бөліскенде жанында болып, мақтау сөздер айтсаңыз, одан әрі ынталанып, бойындағы сенімділігін арттырады. Тағы бір жағдай, көршінің баласымен салыстырып, балғыныңыздың тек жаман қылықтарын ғана айтуды әдетке айналдырсаңыз, бала төмендей береді. Нәтижесінде оның санасында өз ісім бәрібір қате, үлкендерге тек кедергімді тигіземін деген ой қалыптасады.
Балаға шектен тыс көңіл аударудың да зияны бар. Ондайда кішкентайыңыз ата-анасының қандай маңызды жұмыс атқаратынын білуі керек. Егер анасы балаларды бақшаға апармай, өзі жұмысқа бармаса, отбасылық армандарының аяқсыз қалатынын, тамақ істегеннің орнына ойнап кетсе, отбасындағылар түгел аш қалатынын ақырын ақылмен ұғындыру қажет. Бұл орайда тәрбие орындары мамандары түрлі дидактикалық ойындар, зерттеулер, жаңашыл әдіс-тәсілдер арқылы тәрбиеленушінің таным көкжиегін кеңейтуге, ортамен араласуға, тұлға болып қалыптасуына көмегін тигізеді.
Әрбір балдырған өмірде ержүрек әкесі, мейірімді анасы барын, олардың кез келген жағдайда қорған екенін шынайы сезініп өссе, енжар балалар қатары азаяры анық.

Дамира Аққоянова, психолог:
– Адамның, соның ішінде баланың ішкі сырын білу оңай емес. Ал оны дұрыс жолға тәрбиелеу ең қиын шаруаның бірі.Бұған сіз қаншама шыдамдылығыңызды танытып, күшіңізді аямай төгесіз.
Балалардың барлығы да дамудың бір кезеңдері, яғни сатыларынан өтеді. Алғашқы ерте балалық шақ – туғаннан үш жасқа дейін және үш жастан бастап он жасқа дейінгі кезең. Осыны ескеріп, ата-ана бала тәрбиесіне, күтіміне үлкен мән бергені дұрыс. Баланың сезімдері күшті, бірақ көбіне тұрақсыз болуы мүмкін. Бүгін құштар болған нәрсесін ертең ұмытып кетуі ғажап емес. Жас бала өзін қызықтырмаған істі орындай алмайды.
Оның сөзін орта жолдан бөліп тастау, болмаса құлақ аспай қою, тіпті мұнымен де шектелмей, талпынысына тыйым салу оны жасытады. Өз ойының үнемі жүзеге аспайтынын сезінген сәбидің еңбекке деген ынтасы кемиді, айналасындағы адамдардың әрекетіне немқұрайлы қарап, енжарлыққа бой ұрады. Ендеше, әрбір ата-ана уақыты аз болғанның өзінде баласына көңіл бөліп, кітап оқып, бала мен бала болып ойнап, үй жұмыстарын беріп, ретімен мақтап, көтермелеп отырғаны жөн.
Сонымен қатар, ересек адаммен әңгімелесу балаға үлкен әсер қалдырады. Осындай әдет берік орын алған үйде ата-ана мен баланың арасында шынайы достық қарым-қатынас қалыптасады.
Ата-ана балам тыныш болсын деп телефонды қолына ұзақ беріп қояды. Бұл баланы енжарлыққа жетелейтін бірден бір жол. Электрондағы нәрселер бала қиялын өлтіреді, балаға жалған өмірді сіңіріп береді. Сондықтан ата-аналар бұл мәселеге ерекше үлкен мән бергеніміз абзал.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

26 қараша 2019 ж. 1 739 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930