Бала жігерін жасытпайық
Қазалы қаласындағы №17 мектепте «Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық көмек» тақырыбында дәріс-сағаты өтті.
Онда мектеп психологтары ата-аналарға мектепке дайындық пен оқудағы алғашқы айлар қиын кезең екенін ескерте отырып, бала үшін бірінші сынып үлкен өзгерістер уақыты болатыны тілге тиек етілді. Осыған орай мектеп өміріне бейімделу мерзімі туралы ата-аналарға кеңестер берілді. Түрлі жағдаяттар талқыланып, ата-аналарға бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар, ата-аналармен сергіту сәті мен тренингтер өткізілді.
Психологтар мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылардың ата-аналарына мынадай кеңестер береді:
– Балаңызды тілегіне қарсы оқуға мәжбүр етпеңіз;
– Баладан өз құрдастарынан артық болуын, білуін талап етпеңіз;
– Сәтсіздіктер мен жайсыздықты дұрыс сезінуді үйретіңіз;
– Балаға өзі шешім қабылдауға мүмкіншілік беріңіз;
– Мектеп туралы жағымсыз пікір айтпаңыз;
– Баламен әңгімелесу барысында түсінушілік пен мұқият тыңдаңыз.
Ал, енді мектепке бейімделуге қалай көмек көрсетуге болады? Мектепке оқуға барған балаға моральдық және эмоциялық қолдау қажет. Баланы текке мақтамай, бір нәрсе жасап жатқанда мақтау керек. Мысалы, баланың мектептегі жетістіктеріне өзіңіздің қобалжушылығыңызды көрсетпеңіз. Оның мектептегі өміріне көңіл бөліп, экскурсия, кезекшіліктер, мектептегі мерекелерге дайындық пен өткізуіне басқа балалармен қарым-қатынасына назарыңызды аударыңыз. Сондай-ақ, өзіне сенімділік беретін жетістікке жеткен саланы белгілеп, баса көрсетіңіз.
Балаңызды мектепке дайындағанда сіз өзіңізге мұғалім рөлін алмай, оны жақсы көретін және түсінетін ата-ана болып қала беруіңіз керек. Бала өзінің қолынан келетіндердің бәрін бар ықыласымен орындайды. Сондықтан ол жалқау бола алмайды.
Перизат САХИЕВА,
Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектеп психологы.