Білім министрі қай мұғалімді үлгі тұтатынын айтты
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді кәсіби мейраммен құттықтады. Салтанатты жиында Асхат Аймағамбетов алғашқы мұғалімін еске алып, үздік ұстаздың образын сипаттап берді.
"Мен ылғи алғашқы ұстазымды еске аламын. Аты-жөні – Людмила Валентиновна. Оның маған деген ілтипаты ерекше болып сезілетін. Әлі есімде, ол парталардың арасымен өткенде балаларды бастан сипап жүретін. Сонда ішің жылып, кластың іші жанға жайлы болып кетуші еді. Артынан сыныптастарымның бәрі өздерін ерекше бала деп сезінгенін білдім. Мұғалімнің таланты осы деп ойлаймын. Ол әрбір балаға өзін ерекше сезінуге жағдай жасауы тиіс", - деді Аймағамбетов.
Министр орыс тілі пәнінің мұғалімін де еске алып, оның айтқан сөздерін өзі де қолданып жүргенін жеткізді. Себебі ол мұғалімнің берген білімі мен тәрбиесі адам болып қалыптасуына қатты әсер еткен.
Өз сөзінде министр соңғы жылдары білім мен ғылым саласына үлкен қолдау жасалып жатқанын айтып, "Педагог мәретебесі туралы" заң жобасы жайында ақпарат берді.
"Қазір бұл заң парламент қабырғасында қаралып жатыр. Осы заңды іске асыру үшін бюджеттен де қомақты қаражат бөлінеді. Бүгіннің өзінде 3 триллионнан астам қаражат қаралып отыр. Бұл біздің ұстаздарымызға, жалпы, білім саласына деген үлкен құрмет. Әрине, проблемалар жоқ емес, бар. Біз оның бәрін жақсы білеміз. Сондықтан алдымен мұғалімдермен, ата-аналармен, жалпы, қоғаммен бірге осы мәселелердің бәрін шешеміз деп айтқым келеді", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.
sputniknews.kz