Мейірбандық пейіл бұзылмасын
Құранның арабшасын түсінбесем де қазақша аудармасын үзбей оқимын. Сол сүрелерден «Жер бетінде барлық нәрсе фәни, яғни өткінші», «Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады» деген жолдарды кездестірдім. Демек адам дүние есігін аттағаннан-ақ өмір жолаушысы екеніне ешкімнің таласы болмас.
Әрине жалған дүниеде өлімнің де түрі көп екені рас. Адам баласы үшін қазаның жеңілі жоқ. Сонда да болса бұл жағдайдың өзі ретімен, орнымен болғанын Алладан тілейміз.
Халықтық ұғым бойынша ең алдымен «ақ өлім», «ақ бұйрықты өлім» болмақ. Тура келген тағдырдың жазуын ата-бабалар жақсы ұққан. Тірлігінің қызығын көріп, асарын асап, жасарын жасап, иман суын ішіп, жақындарымен араздасып, бала-шағасының алдында өткен өлімді осылай атаған. Сондықтан да «Қартайып өлсе қапыл жоқ», «бұл дүниеден армансыз өтті» десіп шүкіршілік қылған.
Жалпы қазаның қара тастай ауыр салмағы «Әкенің өлгені – асқар тауыңның құлағаны. Анаңның өлгені – таудан аққан бұлақтың суалғаны» деп Жиреншенің тағылымдық сөзінде түсінікті түйінделген.
Жуырда менің анам өмірден озды. Аса қимастық сезіммен ол кісінің өлімін «ақ өлімге» жатқызып, шүкіршілікпен қолдан келген қызметімізді жасап, арулап мәңгілік мекеніне аттандырдық. Біршама уақыт өткен соң анамның зиратына ескерткіш құлыптасын орналастыру мақсатымен басына бардық. Бейітке зер сала байқап қарасам, сыртқы қабырғасының біраз жерін қара күйе басыпты. Әдепкіде зираттарда жұмыс істеген біреулер шай қойып ішкен болар деп ойладым.
Ескерткішті орналастырып болған соң зираттың айналасын тазартуға кірістім. Жағдай мен ойлағандай болмай шықты, жағылған қоламтаның астында қалып қойған бірталай қорғасын түйірін көріп, жағамды ұстадым.
Имансыздар бейіттердің айшығын еріткенге ұқсайды. Себебі айшықтардың өзектері де күл астында қалып қойыпты. Бұл көзі ашық, көкірегі ояу деген жастардың оспадарсыз қылығы болса керек.
Жасыратыны жоқ соңғы кездері кейбіреулер марқұмдарды сыйлау, қаралы отбасын құрметтеу сияқты бабалардың ғибратты жолын сақтай бермейді. Өйткені қайғыға ортақтасып көңіл айтылғаннан кейін келушілер ас дастарқаны жайылған бөлмеге кіргізіледі. Сондайда түрлі тақырыптағы әңгімелер басталып кетеді. Қыза-қыза нағашы мен жиеннің, балдыз бен жезденің қалжыңына ұласып, отырғандар күлкіге бөленеді. Қайғылы отбасының жоқтауы есітіліп жатса да, оған мән берілмейді.
Қорыта келгенде айтарым: сіз болайық, біз болайық кейінгі толқынға марқұмдарды қадірлеуді үйретейік. Бойымыздағы мейірбандық пейіліміз бұзылмасын.
Еліміздің іргесі сөгілмесін, ретсіз қайғы-қасірет болмасын деп тілейік.
Кемал КӨПЖАСАР,
Қаржы саласының ардагері