QR кодтың көмегі
Quick Response – шұғыл жауап дегенді білдіреді. Бұл – ұялы телефонның немесе планшеттің камерасы арқылы ақпаратты жылдам оқуға арналған штрих код.
1994 жылы Жапониялық «Denso – Wave» компаниясының инженерлері ойлап шығарған. Бастапқыда зауыт пен фабрикаларда жұмыскерлердің ісін жеңілдету үшін қолданылған. Роботтарға қолдау көрсетіп, автокөліктің қосалқы бөлшектерін, маманға керекті құралды тез сұрыптау үшін қызмет еткен. 2000 жылдан бастап, жалпы қолданысқа кеңінен енген.
Штрих кодты түрлі мақсатта пайдалануға болады. Мәтіндерді, телефон нөмірін, сайт сілтемелерін, визиттік карточкаларды кодтау қарастырылған. Газет-журналдарға, буклеттерге орнату арқылы оқырманға редакция жайлы толық ақпарат беріп, жеке сайтқа сілтеме жасап, жазылым науқанының мерзімін енгізе аласыз. Қала, аудан орталығы көшелерінде орын тепкен жарнама тақтайшасының бір бұрышына орналастырып, тауар туралы, жеткізуші компания жайлы мәліметті салуға мүмкіндік бар. Адам көп шоғырланатын тарихи – мәдени көрме, ескерткіш алаңдарында қосымшаны орнатып, тез ақпарат беруге болады. Мобильді қосымша «Play market» және «App store» интернет дүкенінен тегін жүктеледі.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша ел аймағында электронды кітапханаларды, қоғамдық көліктегі жол ақысын төлеу, мобильді төлемдерді, сауда орталықтарын, пошта маркаларын «qr кодқа» ауыстыру қарқынды жалғасуда. Қызылорда қаласындағы автобус аялдамаларында 50-ге жуық қазақтың классик ақын-жазушыларының электронды шығармалары, кітапхананың байланыс телефондары, кітап қоры туралы мағлұмат штрихталған стэндтер ілінген. Кітаптың мұқабасындағы QR-кодтарды автор мен виртуальды көрме жайлы немесе кітап туралы қосымша ақпараттың анықтамалық материалдарын көруге пайдаланады.
Жақында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы негізінде аудандағы 32 тарихи-мәдени ескерткіштерге код тақтайшалары қойылды. Республикалық маңызы бар Қазалы қаласындағы Нұралы мешіті, Ғанибай үйі, Ғанибай мешіті, Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық мұражай ғимараты, Кәукей ауылынан шығысқа қарай 3 жақырым жердегі Сараман Қоса мұнарасы, Әйтеке би кентіндегі бұрынғы теміржолшылар клубы ғимараты, Өркендеу ауылынан оңтүстікке қарай 1 шақырым жердегі орта ғасырлық Жанкент қалашығын телефон камерасына сканерлеу арқылы қазақ және орыс тілінде толық мәлімет ала аласыз.
Бұл күндері Қазақстанда кеңінен қолданыла бастаған бұл бағдарлама тұрғындарға тез ақпарат таратып, жергілікті елді мекендегі мәдени ескерткіштерді танып білуге, болмаса қолы жетпей жүрген кітаптарды жүктеп оқуға, жол жүру билеттерін жылдам алуға таптырмас мүмкіндік сыйлайды.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ