Уақыт үнемдеудің ұтымды жолы
Қазір жұмыс беруші өз мекемесіне қызметкерлер табу үшін және бос жұмыс орындарын тіркеуге www.enbek.kz электрондық биржасын қолдана алады. Жұмыс беруші бос жұмыс орны туралы мәліметті Жұмыспен қамту орталығына тікелей бару арқылы немесе аталған сайтқа орналастыру арқылы оңай шығара алады. Жұмыс іздеушілер жайлы ақпаратты толығымен көріп отырады. Бұл жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші үшін тиімді тәсіл. Осы орайда электрондық еңбек биржасы дегеніміз не, оны қалай қолдануға болатындығы туралы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Мұратбек Бекмамбетовтен сұраған едік.
– Электрондық еңбек биржасы дегеніміз не?
– Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңы бойынша «Еңбек биржасы» мемлекеттік интернет-ресурсы – еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қамтитын, интернет желісінде жұмыс істейтін, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін электронды ақпараттық ресурс. Бұл – уақыт үнемдеудің ұтымды жолы. Яғни, жұмыс беруші де жұмыс іздеуші де осы арқылы үйде отырып-ақ шаруасын шеше алады деген сөз.
– Жұмыс берушілерге электрондық еңбек биржасын қолдану жолын айтып өтсеңіз?
– Алдымен электрондық еңбек биржасына, яғни, www.enbek.kz сайтына тіркелесіз. Тіркеу формасын толтырып, электронды поштаңызды растайсыз. Сіз үшін «Жеке кабинет» ашылады. Өзіңіздің логиніңіз бен пароліңізді жаттап алыңыз. Ол сізге электрондық еңбек биржасына кіруге және бос жұмыс орындарын тіркеуге қажет. «Жеке кабинетіңізде» ұйымыңыз жайлы толық ақпаратты орналастырасыз. Электрондық еңбек биржасына шығарған мәліметіңізді растау үшін Сізге электронды сандық қолтаңба керек болады. Оны халыққа қызмет көрсету орталығынан ала аласыз.
– «Жеке кабинет» дегеніміз не?
– Бұл сіздің ұйымыңыз жайлы, бұрын берген бос жұмыс орындар туралы мәлімет сақталатын жеке парақша.
– Бос жұмыс орын жайлы мәліметті қайдан көруге болады?
– «Жеке кабинетіңізге» кіріп, «Бос жұмыс орын жайлы мәлімет қосу» тетігін басасыз. Керекті хабарландыруды жазып, мәліметті сақтайсыз. Мәліметті сақтаған бетте, ол биржа қолданушыларына бірден шығады, яғни сайтта жарияланады.Қазіргі таңда біздің жұмыспен қамту орталығында «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрышы бар. Онда интернет жүйесіне қосылған арнайы компьютер қойылған. Орталық мамандары жұмыс іздеушілерге электронды еңбек биржасы туралы жан-жақты түсіндіріп, өз түйіндемесін сайтта орналастыруға көмектеседі. Өткен жылы 369 азамат еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасты.
– Электрондық еңбек биржасында жұмыскерді қалай табу керек?
– Электрондық еңбек биржасында тіркелген жұмыс іздеушілер туралы толық ақпаратты көре аласыз. Жұмыс іздеушінің түйіндемесін шығарып, көру режиміне қоясыз. Ол бос жұмыс орны бар екенін көрген соң, сізге жауап ретінде түйіндемесін жібереді. Жеке кабинетте алынған түйіндемелер тетігінде жарияланған жұмысқа тұруға ниет білдірушілер туралы ақпараттар келіп түседі. Өзіңізге қажет үміткерді таңдап алып, «Шақырту жіберу» тетігін басып, әңгімелесуге мүмкіндігіңіз бар. Яғни, жұмыс іздеушіге келетін орны, күні мен сағат уақытын көрсетесіз.
– Мәліметіңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ