Қазақстан ұнын өткізу нарықтары жыл сайын азайып келеді – министр
Қытайға астықтың өңделген өнімдерін экспорттау көлемі артады. Бұл туралы Сенатта өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды inform.kz.
2022 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдерін өндіру 3,9% артып, 2,9 трлн теңгені құрады. Салаға инвестициялар ағымы көбейіп келеді, 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 141 млрд теңгені құрады немесе 12% артты. Биылғы 5 айда негізгі капиталға бағытталған инвестиция 30 пайызға өсті. Жеке позициялар бойынша өндіріс көлемін өсіру есебінен 2022 жылда агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспорты 5,6 млрд долларға жетіп, 2021 жылдың деңгейінен 46% көп болды
, - деді Е. Қарашөкеев.
Ведомство басшысының айтуынша, бұл ретте қайта өңделген өнімнің экспорты 64% артып, 2,3 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорттағы өңделген өнімнің үлесі бір жылда 37%-дан 42% дейін өсті.
Өңдеу салаларының құрылымы бойынша алғашқы үштікті ұн өндіру (17%), сүт өнімдерін және ет өнімдерін өндіру (16 пайыздан) бастап тұр. Одан кейінгі орында өсімдік майлары (8%), қант (4%), жарма (2%) өндірісі орналасқан. Егер нақты бағыттар бойынша өңдеу саласын дамытуды қарастыратын болсақ, астық өңдеу саласы жетекші орын алады
, - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, 3,3 млн тонна көлемде өндірілген ұн еліміздің ішкі нарығына қажет деңгейді (1,4 млн тонна) артығымен қамтамасыз етеді және экспорттық жеткізілім бойынша әлемде көшбасшы орындамыз. Былтыр 1,9 млн тонна ұнды экспортқа шығардық
Отандық ұн өндірісімен қамтамасыз ету деңгейі 237%, макарон өнімдері бойынша - 122%, ал жарма өнімдері 102 пайызды құрады. Дәстүрлі импорттаушылар протекционистік қолдау шараларын енгізу арқылы өз елдерінде қайта өңдеуді дамытуына байланысты Қазақстан ұнын өткізу нарықтары жыл сайын азайып келеді. Осыған байланысты министрлік өнімді өткізу тұрғысында нарықты кеңейту қадамдарын іске асырып жатыр. Мәселен, жақында Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында осы елге астықтың өңделген өнімдерінің экспортын ұлғайту және жеткізушілер тізіліміне жаңа компанияларды қосу бойынша келісім жасалды. Сондай-ақ жаңа өндірістерді ашуға бизнесті ынталандыру үшін астық дақылдарын тереңдетіп өңдейтін кәсіпорындар салуға және жаңғыртуға 25% дейін инвестициялық субсидиялау, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, «қарапайым экономика» аясында негізгі және айналым қаражаттарына жеңілдетілген кредиттер бөлу, қосылған құн салығын 70% дейін төмендету сияқты салық жеңілдіктерін беру, сондай-ақ экспортау кезінде 30% дейінгі көлік шығындары қайтарылады
, - деді Ербол Қарашөкеев.