Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлан Аманбай: Жас мамандарға баспана беруде қиындық жоқ

Нұрлан Аманбай: Жас мамандарға баспана беруде қиындық жоқ

Жыл өткен сайын ауылшаруашылық саласы даму қарқынын үдетіп келе жатқаны белгілі. Жер емген диқандардың қамбасы толып, мал бағумен айналысқан шаруалардың ырзық-несібесі тасып жатқаны ерен еңбек пен мемлекет қолдауының әсері екені даусыз. Профилактика төңірегінде атқарылған тынымды тірліктің арқасында аудандағы эпизотиялық ахуал да тұрақты саналады. Осы және жыл бойы атқарылған жұмыстар төңірегінде аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбаймен әңгімелескен едік.
– Нұрлан Аманкелдіұлы, 2019 жыл ауыл шаруашылығы үшін табысты болды ма?
– 2019 жылда жеткен жетістік аз емес. Былтыр барлығы 17 508 га жерге ауылшаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 6225 гектарға жеткізілді. Бұны игеру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер машина-трактор паркін жаңалау мақсатында барлығы 639 миллион теңгеге 25 дана әртүрлі ауылшаруашылығы техникаларын сатып алды.
Аудан диқандары мезгілінде егілген 6225 га күріштің әр гектарынан 46,0 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 28 мың тоннада астам астық құйды.
Жыл көлемінде төрт түлік бойынша мал басының саны артып, тұрақты өсім қалыптасты. Мүйізді ірі қара 37 017 басқа, түйе 9 807-ге жетті. Ал жылқы малы 30 000, шопан ата төлі 49000 басқа жуықтады. Ешкі малы өткен жылға қарағанда 850 басқа кемігенімен, асыранды құстардың саны өсім алды.
2019 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мемлекеттік қолдау аясында барлығы 1 млрд 196 млн теңге (2018 жылы 1045,8 млн теңге) субсидия алуға қол жеткізді. Бұл шаруашылықпен айналысушылардың саны артқанын, сәйкесінше мемлекет тарапынан берілетін көмектің көлемі өскенін көрсетеді.
– Заңдағы өзгерістерге байланысты шетелге мал экспорттау ісі қалай жүзеге асуда?
– Жақында “Агробизнес – 2020” деп аталатын ауылшаруашылықты қолдау бағдардарламасы 2021 жылға қайта создырылды. Бұның мақсаты – мал басын асылдандыра отырып көбейту. Одан соң оны бордақылап, бірнеше есе жоғары бағада шетелдерге сатуды көздейді. Нәтижесінде бұдан шаруа да мемлекет те игілік көреді.
Өткен жылы “Сыр маржаны” серіктесітігі шетелге 306 бас бұқашық тірілей экспорттады. Оның 56-сы Иранға, қалғаны Өзбекстанға жөнелтілген.
Агроөнеркәсіпті кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес енді ауыл шаруашылығы саласының алдында шикізат емес, өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Соған сәйкес барлық ірі қара малы мен ұсақ малды жыныстық-жастық топтары бойынша тірілей шетелге шығаруға толық тыйым салынғанын еске саламын. Енді мал шаруашылығымен айналысушылар отандық өнім қатарын арттырып, бордақылап сатуға ден қоюуы тиіс.
– Елге импортталған мүйізді ірі қара үйренісе алмай, шаруалар шығынға батып жатыр деген әңгіме көп айтылады. Сыртқа кеткен қаржыны жергілікті мал басын көбейтуге жұмсаған дұрыс болар ма еді?
– Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес өңірдегі аудандардың бөлінісі бойынша былтыр шетелден 280 бас мүйізді ірі қара сатып алу жоспарланған. Жыл қорытындысындағы есеп бойынша аталған малдың 360-ын ауданға алып келдік. Олардың барлығы ангус тұқымынан. Елімізде аталған мал кез келген өңірде кездеседі. Бірақ бұған дейін Қазалы ауданында болмаған. Бұны да “Сыр маржаны” серіктестігі мен Басықара ауылындағы шаруа ауданға алғашқылардың бірі болып жеткізді. Сиырлар суыққа биімді болса да, ыстық ауа райына төзімсіздік танытатыны рас.
Сол себепті жергілікті шаруа адамдары ангус сиырын көктем мезгілі жақындағанда алып келді. Ыстық ауа райына кезең-кезеңімен үйренісіп кетеді. Мал басының шығыны болатын қиындықтар да орын алады. Оған көптеген жағдайлар себепші. Көпшілік малдың табиғи өлімін де шетелден келгендігімен байланыстырады. Бұл дұрыс емес. Мәселен, аудандағы “РЗА” акционерлік қоғамы бірнеше жыл бұрын 600 бастан аса мал әкелді. Онда да жерсінбеу секілді кедергілер болды. Бірақ қазіргі нәтиже мүлдем бөлек. Шетелдік мал басының саны мыңнан асып, кәсіпорынға табыс әкеліп отыр. Биыл тағы 300 бас мүйізді ірі қара алдырды. Шығын шықпай кіріс кірмейді. Ал жергілікті сиырлар майдаланып кеткен. Олардың салмағы 150 келіден асуы екі талай. Ендігі мақсат – осылардың басын асылдандырып, еттілігін арттыру.
– “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында жас мамандарға тағайындалған бір реттік қаржылай қолдау қалай жүруде?
– Алдымен айтарым, бір реттік қаржылай қолдау мен тұрғын үй кезегі екі бөлек жүреді. Сонымен қатар ауылдық жерге келіп, диплом бойынша жұмысқа тұрған азаматтар бұл көмекті пайдаланады. Сол себепті мұндағы кезек қарасы қалың. Онымен қоса бұған дейін 70 айлық есептік көрсеткіште беріліп келген қаржы 100 АЕК-ке көбейді. Бұл 265 мың теңгені көрсетеді. Амандық болса, жыл аяғына дейін 81 маман мемлекет қолдауын сезіне алады.
Өткен жылы 100 маман көтерме көмекке ие болған. Онда да жыл басында 33 адамға ғана қаржы бөлінген. Жыл аяғында қалыптасқан жағдайға байланысты үнемделген қаржы есебінен кезегі келген жастарға бөліп бердік. Ал қазіргі сәтте 500-ге жуық адам көмек алғысы келетіндердің тізіміне тіркелген. Ағымдағы жылы бұндай қолдау 81 адамға көрсетіледі деп жоспарлап отырмыз.
– Биыл жас мамандардың үйлі болуы үшін қанша қаржы бөлінді? Тізімде қанша адам бар?
– Бұл жағдай бойынша үй алғысы келетіндер саны 100-ге жетпейді. Соған сай ағымдағы жылы 83 маманға баспана алу үшін қаржы қаралды. Бұл жеңілдетілген несие 0,01 проценттік өсіммен беріледі. Әр адам 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын бағадағы үйді таңдауы қажет. Аталған қаражат көлемі 3 миллион 796 мың теңгені құрайды. Бағдарлама аясында өткен жылы 67 маман қоныс тойын жасады. Бұл үшін бюджеттен 246,2 миллион теңге жұмсалды.
Бұл бағдарлама баспанасы жоқ жас мамандардың қажеттілігін өтеу бағытында іске қосылған. Сондықтан оған өтінім бергендердің басым бөлігі тұрақты мекен жайы жоқ азаматтар. Үй кезегінде тұрғандардың саны аздығы да осыдан болса керек.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
11 ақпан 2020 ж. 1 100 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930