Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ала жіптің не қасиеті бар?

Ала жіптің не қасиеті бар?

Қазақ ала жіптің қасиеті бар деп сенген. Өмірде ақ пен қара бірге жүреді. Ала жіп те - сол ақ пен қараның, бар мен жоқтың бір бірінен ажырамайтындығының символы. 

Қазақ халқы бала кезден “Біреудің ала жібін аттама” деп жамандық жолынан сақтандырып, тыйым салған. Бұл халқымыз үшін тәрбиенің басты құралы деуге болады. Ала жіпті аттау өзгенің жолын кесіп, басқаға зиян келтіру деген түсінік қалыптасқан.
 
Қазақта ала жіпке қатысты тыйыммен қатар ырым да жетерлік. Мысалы, жас бала тәй-тәй басып, жүруге талпыныс жасай бастаған кезде оның тұсауын ала жіппен кескен. Содан кейін адам ойда жоқта елсіз далада қонып қалса, ала жіппен шеңбер жасап, жататын жерін қоршап қояды. Сонда кесіртке, жылан сияқты басқа да кесапатты жәндіктер ала жіптен өтіп, адамға жақындай алмайды. Тіпті, егістікке шегіртке, құрт сияқты басқа да зиянкестер түссе, халқымыз оны ала арқанды иіріп, қуған.
Билер мен қазылар да дауласқан екі адамды татуластыратындай әділ шешім шығарғанда ала жіпті кесіп, белгі берген. Бұл екі адамның арасындағы алалық біткенін білдіреді. “Күнәлі бір іс істеді” деп, күдікті болған адамның кінәсін анықтау үшін де оны ала жіптен аттатады. Осы кезде ары таза адамның ала жіпті аттауға дәті бармайды. Бұл ырым мен тыйымдар халқымыздың тұрмысында қазір де қолданылып келеді. Ғалымдар мұны тәңірілік діннің бір жұрнағы деп тұжырымдап жүр.

Ала жіп немесе арқан тұрмыста өзге де мақсатта пайдаланылады. Мысалы, киізүйдің бауы мен басқа да арқандарының көбі ала етіп есілді. Мұның да түп төркіні жоғарыда айтылған түсініктермен тікелей байланысты. Киізүйдің белдеу арқаны кейде ала болады. Уық пен кереге баулары түгел осы қара ала жіптен жасалады. Ала жіп әдемі әрі ерекше көрінеді. Оның үстіне, отбасы мүшелерін, жас баланы көз бен сұқтан қорғайды деп сенген.

Ала жіпті қойдың жүнін, жылқы не ешкінің қылын араластырып есіп жасайды. Есілген жіптің біреуі ақ, келесісі қара болуы керек. Ақ және қара болып дайындалған жіптер қосарлана есіліп, ала жіп не арқан өріледі.

Қазақта “ала жіпті мойныңа салма”, “ала жіпті аттама”, “ала арқанды кеспе”, “ала жіппен беліңді байлама”, “ала арқанмен жылқыны арқандама”, “ала арқанды далаға тастама”, “ала арқанмен шалма салма” деген сияқты тыйымдар бар. Оларға құлақ аспаған адамды жамандық шақырып жүр деп санап, міндетті түрде ескерту жасаған.
04 маусым 2019 ж. 2 181 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930