Бидайдан киім жасау технологиясы: Ірі инвестор Қазақстанға келуді қалайды
«Атамекен» ҰКП басшысы Абылай Мырзахметов бидай өңдеудің тың технологиясы туралы айтып берді. Бүгінде аталған технологияның патентін ірі шетелдік инвестор ұстап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының Қытайға жасайтын сапары барысында бірнеше ірі инвестормен келіссөздер жүргізіледі. Бұл - қытайлық компаниялар емес, сол жақта жұмыс істеп жатқан әлемдік компаниялар. Олар биотехнологиялар бойынша халықаралық патенттерді ұстап отыр. Бізде бидай көп қой. Жаңағы компаниялар бидай өңдеудің «жетінші сатысын» іске асыруға даяр. Бидай өңдеудің «екінші-үшінші сатысы» ол - ұн және ұн өнімдері болса, бесінші және алтыншы сатыда крахмал мен глютен өндіріледі. Одан қант, сироп және тағы басқа өнімдерді жасайды. Ал «жетінші саты» - бұл жаңа патент. Барлығы оны өз еліне әкелуге талпынып жүр. Ол патенттің иесі - америкалық кәсіпкер. Өзі Гонгконгта тұрады. Патенттің негізінде бидайдан арнайы синтетика жасауға болады. Бұл дайын мата ғой. Одан киім тігуге мүмкіндік бар», - деді А.Мырзахметов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Палата басшысының айтуынша, аталған компаниялардың жетекшілері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, өз жобаларын таныстыруға мүдделі.
«Президент ол бастамаларды қолдаса, 2-3 миллиард долларды тартуға мүмкіндік бар. Ал бидайдан синтетикалық материал жасасақ, соның біраз бөлігін Қытайға сатуға әбден болады. Негізі, инвестордың өзі де Қазақстанға келуді қалап отыр. Бұған дейін біз оған бидайымыздың сапасын, өндіріс орындарын, бәрін-бәрін көрсеттік. Оған ұнады», - деп атап көрсетті А.Мырзахметов.
Фото: beta.palata.kz