Қызылорда паркінде хайуанаттар бағы ашылды
Биылдан бастап Қызылорда қалалық паркі жанынан хайуанаттар бағы жұмыс жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазір мұнда құстар мен жан-жануардың бірнеше түрі бар. Хайуанаттар бағында өзге құрлықтан жеткізілген аң-құс жоқ. Негізінен жергілікті табиғатқа бейімделген аң-құстар жеткізілген. Мұнда келушілер алдымен алып бүркітті қызыға тамашалайды. Кішкентай балалар құстың осы түріне зор қызығушылық білдіріп жатады. «Бүркіт айналасына сақтықпен қарайды. Дегенмен қимыл-қозғалысы өте шапшаң. Балалардың тор арасына лақтырған жемтігіне мұқият қарайды. Сондай өте сақ», - дейді хайуанаттар бағының қызметкері Азамат Мырзабеков. Сондай-ақ, бұл жерден аппақ үй қояндарын да таба аласыз. Тауықтың балапандары да балаларға өте қызық. Сырты әйнек қоршауда тұрған сары жыланға да келушілер таңдана қарайды. Төр жақтағы қоршауда екі тауыс орналасқан. Айта кетерлігі, мұндай іс Сыр өңірінде тұңғыш мәрте қолға алынып отыр. «Әрине, бұл ірі хайуанаттар бақтарымен салыстыруға келмейтін шығар. Алайда, жас ұрпақты табиғатпен етене тәрбиелеуге бұл орынның өз пайдасы тиеді деген ойдамын», - дейді қалалық мәдени-демалыс паркінің директоры Әнуар Нақып. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, бұл орынға келушілер қатары күн санап артып келе жатыр. Ата-аналар балаларымен мұнда жиі келееді. Қазір бұл жерде аталған хайуанаттардан бөлек тотықұс, тасбақа, лақ, терісі бағалы тышқан тұқымдас - шиншалла бар. Олардың күтімі де оңай емес. Әрбірінің өз бабын жасау қажет. Хайуанаттарды арпа, бидай, күнжара, жүгері сынды қарапайым тағамдармен азықтандырады. «Алдағы уақытта хайуанаттар қатарын көбейтуге көңіл бөлсек деп отырмыз. Әрине, олардың барлығы алдағы күндерде жүзеге асатын болады. Басты мақсатымыз - хайуанаттар бағы жұмысын өз деңгейінде атқарып, бұл бағытта атқарылатын жұмыстарда жүйелеу. Бұл бағытта тәжірибені молайта түсу ойда бар. Сол мақсатта өзге қалалардағы тиіст мамандармен әріптестік байланыс орнатуға мән береміз», - дейді А.Мырзабеков.
Әділжан Үмбет
inform.kz