Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Маржанды Мона Лиза

Маржанды Мона Лиза

Уақыт пен тарих бағамы өнер туындысына автордан әлдеқайда артық атақ сыйлап жатады. Яғни, есімдер өшкенмен, қолтаңба мәңгі өмір сүреді. Сурет әлемінде дау мен дақпыртқа толы туынды – голландиялық қылқалам шебері Ян Вермеердің «Інжу сырғалы қыз» картинасы.
Әлем сыншыларына тыныштық бермейтін бұл әйел портреті «Орамалды қыз» атауымен де танымал. Маурицхёйс мұражайында орналасқан туынды 1665 жылы салынғанымен, әлі күнге дейін кенептегі кейіпкер қараған жанды ­бейжай қалдырмайтын көзқарасымен өз құпиясын арттыра түскендей. Картинаның құпиясы неде? Інжу сырғалы ару кім?

Құпия кейіпкер
Картина авторы Ян Вермеер тұрмыстық және жанрлық кескіндеменің шебері болған. Өкінішке қарай, оның өмірі туралы мәлімет аз. Шығармашылық тұрғыдан суретшінің әлемдік өнер тарихына қосқан үлесі даралығында болса керек. «Інжу сырғалы қыз» – шебердің танымал туындысы ғана емес, сонымен қатар голландиялық кескіндеме тарихындағы ең жұмбақ жұмыстардың бірі.
XVII ғасырда портрет жанры ерекше танымал болды. Бұл кезеңде суретшілер кейіпкердің сыртқы бейнесі, яғни, бет-әлпеті, қимылы немесе киіміне ерекше элемент қосу арқылы картинаны жандандыра білді. Аталған картинадағы үш компонент – арудың жүзіндегі ерекше әсер, бас киім мен үлкен інжу сырға, жанды, динамикалық поза суретшіге қарау үшін бір секундқа бұрылғандай әсер қалдырады.
Арудың басындағы орамалдың өзгеше үлгісі XVII ғасырда Еуропаны жаулап алған Сұлтан Сүлейменнің кезінде кеңінен таралған. Сол уақыттағы сән классиканы құптағанына қарамастан, суреттегі әйелдің бас киімі өзгеше. Келесі назар аударатын дүние – қыздың құлағындағы сырға. Дәлірек айтқанда, ондағы інжу-маржанның пішіні мен мөлшері. Сарапшылар бұл мөлшердегі тас табиғатта кездеспейді дейді. Бірақ мұндай сырға Вермеердің тағы сегіз картинасында бейнеленген.
Аталмыш картина туралы бірқатар болжам бар. Олардың біріншісі танымал туындыда Вермеердің қызы Мария бейнеленгенін құптайды. Алайда бұл тұжырымның дұрыстығына қыздың жасы күмән тудырады. Ол жылы қызы небәрі 12 жаста еді, ал портреттің кейіпкері сәл үлкенірек көрінеді. Суретшінің өз баласына жас қосуы да екіталай...
Екінші болжам суреттегі Вермеердің жары Катарина Болнес екенін айғақтайды. Бұл жағдайда да кейіпкердің жасы күмән тудырады. Шынында да, суретші сұлу әйелін модель болуға шақыруы мүмкін. Бірақ Катарина ол кезде портреттегідей жас болмаған. Соңғы болжам бойынша суретшінің жас қызға ғашық болғаны туралы ақпаратпен тарихшылар келіспейді. Сүйген жары суретшімен бірге 15 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген.
Өзінің күңімен бас қосқан деген нұсқаның кең таралуына американдық жазушы Трейси Шевальердің «Інжу сырғасы бар қыз» романы әсер етті. Дегенмен автор мұның ойдан шығарылған кейіпкер екенін, картинамен тікелей қатысы жоқ екенін айтқан.
Төрт нұсқаның ешбірі дерекпен нақтыланбаған. Сонымен қанша ғасыр өтсе де, кейіпкердің кім екені жұмбақ. Бұл картинаның құнын биіктете түскендей.

Томбенің еңбегі
Вермеердің стиліндегі портреттер XVII ғасырдағы Голландияда бастау алған «трони» деп аталатын жанрға жатады. Яғни, графикалық немесе кескіндемелік суретте толыққанды портретті емес, адамның ажары мен ерекше көңіл-күйін жеткізе білу шарт. 1994 жылы аталған картинаны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Суретшінің туған жерінде сирек кездесетін картиналарды сақтау үшін талай жыл табанды еңбек етіп, күрескен Виктор де Стюрдің кеңесімен коллекционер Арнольдус Эндрис де Томбе «Інжу сырғалы қызды» 1881 жылы Гаагадағы аукционда екі гульден отыз центке сатып алды. Айта кету керек, гульден – голландықтардың ескі ақша бірлігі, алтыннан жасалған валютасы. Артынан ерген мұрагері жоқ де Томбе 1902 жылы Маурицхейс мұражайына бірнеше басқа картинамен бірге аталған туындыны да тарту етті.
1937 жылы «Інжу сырғалы қызға» ұқсас сурет табылды. Оны Вашингтондағы Ұлттық өнер галереясына коллекционер Эндрю Меллон тапсырған. Алайда жиырмасыншы ғасырда туындының жалған көшірме екені анықталды.
2018 жылы Гаагада орналасқан Маурицхейс галереясының ғалымдары зерттеу жүргізіп, нәтижесінде кейіпкердің құлағындағы інжу-маржан көзді сырға суретшінің қиялынан туғанын айғақтаған. Себебі, сырғаның ілгіші, басқа бөліктері көрінбейді. «Біз картина арқылы Вермеердің материалы мен әдістері туралы көп нәрсе білдік. Бірақ кейіпкердің кім екені әлі белгісіз. Осындай жұмбақтың арқасында туынды талай ғасыр қызығушылық тудырады», – дейді жоба жетекшісі Эбби Вандивере.
Арудың жанарындағы құпия көзқарас суреттің басқа бөлігін жоққа шығаратындай тылсым күшке ие. Тіпті, маржанды сырға да отты жанардың қасында елеусіз қалады. Тарихи тұрғыдан кейіпкері арқылы біраз шу тудырған туынды екінші «Мона Лиза» деп аталып кетті.

Дина БӨКЕБАЙ
20 қараша 2021 ж. 975 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930