Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Таулы Қарабақтағы қақтығыс

Таулы Қарабақтағы қақтығыс

2020 жыл әлем елдері үшін күтпеген қиындық пен келеңсіздіктен басталды десек қателеспейміз. Өйткені жарылыс, орман өрті, пандемия, “енді тынышталдық-ау” дегенде таулы Қарабақтағы қақтығыс бұрқ ете қалды. Қазақтың “бәле бір айналдырса, шыр айналдырадының” кері екені даусыз. Десек те бір ғана жыл ішінде осыншама келеңсіздіктердің орын алуы адамзат баласын ойландыруы керек еді. Бірақ таулы аймақ үшін тартысқа түскен елдер әзірге соғысты тоқтататын ойы жоқ секілді. Бүгін күн санап жазықсыз өлген жандардың қатары көбейіп келе жатқан соғыс ошағы жайында сөз қозғамақпыз.

Қарабақта қарақшы қай жақ?
Әзірбайжан тарихының барлық кезеңдерінде Қарабақ аймағы ерекше географиялық позицияны иеленді. Қазір Армения оккупациялап, қақтығыс объектісіне айналған бұл аймақ көптеген зерттеушілердің пікірі бойынша ерте орта ғасырларда әзірбайжандардың отаны ретінде танымал болған. Тіпті осы аймақтың топонимінде Қарабақтың анық иесі әзірбайжандықтар екені көрсетілген. Бірқатар дереккөздер «Garabagh» сөзі «gara» (үлкен) және «bag» (бақ) тіркесінен шыққан және солардың тілінде «үлкен бақ» мағынасына ие екенін мәлімдеді.
1991 жылға дейін Әзірбайжан мен Армения Кеңес Одағының құрамына кірді. Қарабақ қақтығысы үш жыл бұрын – Таулы Қарабақ Автономиялық облысы Әзірбайжан КСР-нің құрамынан шыққанын жариялаған кезде басталды. 1992-1994 жылдардағы екі республика арасындағы әскери қақтығыс кезінде Әзірбайжан Таулы Қарабақты уысынын шығарып алды. 1992 жылы осы қақтығысты бейбіт жолмен шешу үшін ЕҚЫҰ-ның Минск тобы құрылды. Оған Ресей, АҚШ және Франция теңдей төрағалық етті.
Ереван Қарабақтың (СҚО) тәуелсіздігін ресми түрде мойындаған жоқ. Бірақ нақтыланбаған ақпаратқа сенсек жаңа республиканың бюджеті мен армиясы Армениямен тығыз байланысты.
2020 жылы пандемия кезінде Қарабахта президент сайлауының екінші кезеңі өткізілді. Сайлау нәтижесіне сай Арайк Арутюнян 88 процент дауысқа ие болды. Еуропалық комиссия дауыс беру нәтижелері Таулы Қарабақтың соңғы мәртебесіне немесе келіссөздер процесінің нәтижелеріне ешқандай әсер етпейтінін мәлімдеді. Өйткені ЕО бұл сайлаудың конституциялық және құқықтық базасын мойындамайды. Өз кезегінде Әзірбайжан науқан нәтижесін де әділдікке балаған жоқ. Бірақ бұл шешім қарсы тараптың наразылығын тудырып, соңы өткен жексенбідегі соғыс алауына ұласты.
Әзірбайжан қорғаныс министрлігі сол күні таңертең Армения Тертар, Джабраил және Физули бағытындағы елді мекендерді атқылағанын, ал Әзірбайжан армиясы бейбіт тұрғындарды қорғау үшін кең ауқымды қарсы шабуыл жасағанын жариялады. Сол сияқты Армения билігі де бірінші шабуыл Әзірбайжан тарапынан жасалғанын мәлімдеді. Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзірбайжан әуе және зымыран шабуылдарын жергілікті уақытпен таңғы 8:00-де бастағанын айтты.
Қақтығыстар басталғаннан кейін екі елде де әскери жағдай енгізілді. Армения бүкіл территорияға дайындық жұмыстарын жасатса, Әзірбайжан тек бірнеше аймаққа режим енгізді. Сонымен бірге Еревандағы 55 жасқа дейінгі еркектер жұмылдыруға шақырылып, соғысқа дайындықтарын пысықтауда.

Қаза болғандар қаны кімнің мойнында?
Армения тарапынан екі бейбіт тұрғын қаза тапқан. Соғыс кезінде ресми мәлімдемелерде де саясат жататынын ескерсек, ажал құшқандардың қатары бұдан да көп болуы мүмкін. Ал қарсы тарап бес адамнан тұратын отбасының қайтыс болып, 19 адамның жараланғаны туралы хабарлады.
Аздаған уақыттан кейін армениялық тарап 16 сарбазынан айырылғанын, оның алдындағы дерекке сай жүзге жуық жауынгері қаза тапқанын жариялауға қымсынбады. Қарабақтың тарихи иесі қаза болғандар жайында ақпарат таратпағанымен, жау тарапы 200 әзірбайжандықтың оққа ұшқанын айтып берді.
Жексенбі күні соғысушы елдер жау әскерінің әскери техникасын жойғандығын мәлімдеп, оған дәлел болатын жазбаларды ғаламторға жүктеді. Арменияның қорғаныс министрлігі, сонымен бірге әзербайжандық танкілер мен сарбаздардың Қарабаққа баса көктеп кіріп келе жатқан видеосын таратты.

Билік басындағылар не дейді?
Армения Премьер-министрі ­Никол Пашинян кешегі қақтығыстан кейін ­Ереван Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін ресми түрде тану мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Премьер-министр өзінің халыққа жолдауында Әзірбайжан бүкіл армян халқына соғыс жариялағанын, бірақ армяндар бұған дайын екенін ескертті. Ол Баку тарапының әрекетін «ауқымды арандатушылық» деп атады.
Елдің Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Карабақтағы қақтығысты реттеуді «Әзірбайжанның тарихи міндеті» деп атап, Баку «жартылай шешімге» келіспейтінін айтты.
– Мен осы уақытқа дейінгі позициямды бүгін де еске салғым келеді. Біз бұл мәселені Әзірбайжан халқы разы болатындай етіп шешуіміз керек. Сонымен қоса мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру және Әзірбайжанның территориялық тұтастығын шегендеу үшін жасаймыз», – деді Әлиев. Бұдан екі тараптың да оңайлықпен ақ жалау көтермейтінін көрсетсе керек. Өйткені кеше Ресейдің сыртқы істер министрі қақтығысты тоқтатуды, бейбіт елді майдан алаңына айналдырмауды сұрап, мәлімдеме жасаған болатын. Дәл осы сәтте соғысушы елдер бұған құлақ асуы екіталай.

Таулы аймақтағы дауда Түркияның таңдауы бар
Түркия Таулы Қарабах мәселесінде Әзірбайжанды толық қолдайтынын мәлімдеді. Бауырлас елдің қорғаныс министрі Хулуси Акар Ереваннан Әзірбайжанға қарсы агрессияны тоқтатуды талап етіп, Таулы Қарабақтағы жағдайды ушықтырып отыр деп Арменияны айыптады.
– Әзірбайжанның территориялық тұтастығын сақтау үшін күресте Түркия барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, әзірбайжандық бауырлардың жағына шығады» деп жазды министр өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Соңыра Әлиевтің баспасөз қызметі Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған өз елінің бұрынғыдай Әзірбайжанды қолдайтынын айтты.
– 27 қыркүйекте Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевке қоңырау шалды. Түркия Президенті Әзірбайжан мемлекетінің басшысына және халқына Арменияның әскери арандатуының салдарынан Әзербайжанның бейбіт тұрғындары мен әскери қызметшілерінің қазасына байланысты көңіл айтты, – деп хабарлады.
Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинян халықаралық қауымдастықтан Түркияның Қарабах қақтығысына араласуына кедергі болуға шақырды.
– Жаңа фактор – биыл Түркияның Әзірбайжанды қолдауы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ашық болды. Ресей Федерациясы Армениямен әскери одақтастығына қарамастан, Әзербайжанмен тығыз қарым-қатынаста. Сол себепті оның бұл тұстағы позициясы әлдеқайда түсініксіз, – деп британдық талдаушы Том де Ваал пікір білдірді.
Оның ойынша, енді зорлық-зомбылықты тоқтату үшін Франция, АҚШ және Ресейдің, ЕҚЫҰ-ның Минск тобының шешуші бастамалары қажет. Олай болмаса соғыс алауы одан әрі өршіп кетуі мүмкін.

Бүкіләлемдік қауымдастықтың ойы қалай?
Ресей Сыртқы істер министрлігі агенттіктің сайтында жарияланған ресми мәлімдемесінде жағдайды тұрақтандыру үшін тараптарды келіссөздерді бастауға шақырды.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) өкілі Владимир Зайнетдинов РИА Новостиге берген сұхбатында Таулы Қарабақта атысты тоқтату режимін қалпына келтіру керек деп мәлімдеді.
– Біз бұл қақтығысты тек бейбіт жолмен шешу керек деп санаймыз. Бұл үшін халықаралық деңгейде танылған тетік – ЕҚЫҰ Минск тобы бар, – деді ол.
Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Мария Пейчинович-Бурич жанжалдасушы тарап Әзірбайжан мен Арменияның Еуропалық одақ құрамында барын, сол себепті қақтығысты бейбіт жолмен шешу жөніндегі міндеттемесін орындау қажеттігін еске салды.
– Мен Еуропа Кеңесінің атынан екі мүше мемлекетіміздің билігін адам өмірін қорғау және әскери қақтығысқа жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырамын. Эскалацияны тоқтату үшін барлық күш-жігер жұмсалу керек, – деді ол.
– Америка Құрама Штаттары зорлық-зомбылықтың күшеюін қатаң түрде айыптайды. Мемлекеттік хатшының орынбасары (Стивен) Биган Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Арменияның Сыртқы істер министрі Зохраб Мнацакянға қоңырау шалып, екі тарапты да соғысты дереу тоқтатуға, әрі қарай өршіп кетуге жол бермеуге және пайдасыз әрекеттерден аулақ болуға, жергілікті жердегі шиеленісті одан әрі қиындатпауға үндеді, – делінген АҚШ Мемлекеттік департаментінің жексенбіге қараған түні жарияланған хабарламасында.
Ватикандағы жексенбі күнгі жиын кезінде Рим Папасы Франциск Әулие Петр алаңына жиналғандарды онымен бірге Кавказда бейбітшілік болсын деп дұға етуге шақырды.
– Мен Кавказда бейбітшілік болсын деп дұға етемін және жанжалдасушы тараптардан проблемаларды күш пен қару қолдану арқылы емес, диалог пен келіссөздер арқылы шешуге әкелетін ізгі ниет пен бауырластықтың нақты қимылдарын жасауды сұраймын», – деді Рим Папасы Франциск. Оның ұстанған жолын мойындайтын армян-католиктер Армения мен Ватиканда көптеп кездесетінін еске сала кетейік.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы мұндай жағдайларда бейтарап позиция ұстанады. Бірақ қос қарапты Азиялық ұйым арқылы келіссөзге келуге шақырды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
29 қыркүйек 2020 ж. 1 362 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 39

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930