Сарғайған сырлы суреттер

Бірінші тұрған ескі кадр Владимир Счастнов атындағы №16 аралас орта мектебін көрген жандардың көзіне оттай басылары анық. Білетіндердің айтуынша, қазақ және орыс тілінде білім берген оқу ордасы В.Т Дёмин басшылық еткен тұста түсірілген. Суреттегі қолында фотоаппараты бар, басына «шляпа» киген кісі біраз жылдар директорлық қызмет атқарған. Мектептегі түрлі іс-шара көрінісін өзі түсірген деседі. Бертін келе бұл мектеп бұзылып, орнына №266 мектеп-лицейі бой көтергені белгілі.

Ал 1960 жылғы бұрынғы Ленин, қазіргі Әйтеке би көшесін Виталий Тон атты фотограф түсірген. Бұл суретпен білетіндер вокзал алдындағы айналма жолдан шыға берісте, қазіргі «Рау-Илья» мейрамханасының орнында – асхана, ал жолдың сол жақ бетінде туберкулезге қарсы күрес диспансері болғанын айтады. Қазалының басты көшесінің бірін түсті қағазға басқан Виталий 60 жылдан кейін аудан орталығы осылайша өзгереді деп ойлады ма екен?!
Кезінде алыс-жақын елді мекендегі жұрт Сырдария өзенінен көпірмен емес, осындай алып паромдар арқылы өткен. Бұған кәдімгі төрт дөңгелекті көліктер де тиелді деген ақпар бар. Катерде тұрған қалалық Татьяна Сулякова есімді бойжеткен екен. Желі қолданушысы Нұрлан Сәлімбетов бұл заманды: «Кейін сол катер суға батып, дарияның ортасында қалды. Жолдастарымызбен суға түсуге барғанда дарияның ортасына жүзіп барып, катердің үстінде аздап тыныққан соң, арғы бетіне бір-ақ жүзіп баратынбыз. Әттең қамсыз балалық шақ-ай», – деп еске алады.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ