Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мультфильмнің тәрбиелік маңызы қандай?

Мультфильмнің тәрбиелік маңызы қандай?

Адам өміріндегі ең қызықты кезең – балалық шақ. Ол жастағыларға қажеттінің бірі әрине мультфильмдер. Көк жәшік алдына жайғасқан бүлдіршіндерді оның ­баурап әкететін айтсаңызшы. Балалар экранда қызылды-жасылды суреттерден, олардың әртүрлі іс-қимылдарынан, сюжеттерінен, сөйлеген сөздеріне қарап елтіп отырады. Демек олар кейіпкердің жағымсыз немесе жағымды бейнелерін қайталауға тырысатыны шүбәсіз шындық.
Сіз білесіз бе? Шет елдерде ата-аналар бала тәрбиесінде отандық мультфильмдерге аса қатты көңіл бөлетін көрінеді. Өйткені сол туынды арқылы бүлдіршіндер өз елінің салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, ұлттық белгілерін бала күнінен бойларына сіңіреді. Осылайша өскелең ұрпақтың кеудесінде отанына деген сүйіспеншілік сезімін жандырып, ұлттық тәрбиені ұқтырады. Ал бүгінде біздің экран алдындағы қарасы қалың бүлдіршіндер шетелдік мультфильмдерді қарауға әуес. Себебі теледидардағы отандық телеарналарда, радио толқынында, ғаламтор желісінде де барлығы жат елдің мульттоптамалары. Тіпті еліміздегі ірі ойыншық дүкендерін де өзге елдің мульткейіпкерлерінің кескіндері. Оған қоса олар түрлі жарнама арқылы өздеріне ғана емес, бүкіл әлемге танылып үлгеруде. Демек өскелең ұрпақтың бойына сырт елдің идеологиясын сіңірудеміз. «Әр елдің салты басқа» демекші, олардың ұлттық ұстанымдары бөлек болғандықтан, мультфильмдерінің негізгі мазмұны біз үшін жат болуы әбден мүмкін.
Жасыратын жоқ бүгінде кез келген отбасындағы сәбидің қолында ұялы телефон. Бала кішкене жылай қалса телефон ұстатып, тынышталғанын қалап отырады. Одан соң олар YouTube желісі арқылы түрлі түсініксіз мульттоптамаларды қарап, айтқандары мен іс-қимылдарын қайталайды. Анығында солардың қазақ балаларына беретін пайдасы бар ма? Әрине жоқ. Себебі олардың мазмұны ақылға қонымсыз, бүлдіршіндер үшін сөздері түсініксіз, тіптен кейде үлкен адамдардың өзін шатастырып жібереді. Қалай десек те бүгінде олар көп сұранысқа ие болып отыр. Мысалы, YouTube желісіндегі балаларға арналған «Cocomelon» туындылары 800 миллионға жуық қаралым жинаған. Бір шығарылым ғана емес, барлығы осындай миллиондаған қаралымды еншілейді. Ал одан өзге топтамаларды тізе берсек, тоқтау жоқ.
Десек те біз тақырыпқа арқау етіп отырған мультфильмдердің бала үшін пайдалы тұсы бар екенін дәлелдеушілер де жоқ емес. Мәселен, 5-ші квартал тұрғыны Перизат Ерланқызы аталған туындылардың арқасында баласының ағылшын тілін жетік меңгергенін айтады.
– Үйде алты жасар қызыма туған күніне әкесі ұялы телефон сыйлаған еді. Кішкентай кезінен YouTube желісі арқылы түрлі мультфильмдер қарап, ағылшын тілін үйреніп алды. Өзге елдің кейбір туындылары біздің ұлттық идеологиямызға жат болып келгенімен олардың арасында баланың шеттілді жетік меңгеріп кетуі үшін тигізер көмегі де бар. Осындай тиімді тұстарында естен шығармаған жөн, – дейді ол.
Расында бүлдіршіндер ондағы көргендерін қайталап, айтқан сөздерін жатқа соғып жатады. Бұл жайтты күнделікті тіршілікте көзіміз көріп жүр.
Қай-қайсымыздың болмасын шаңырағымыздағы сәбилер «Маша мен аю» мультфильмін сүйіп тамашалайды. Жаңғырған дауысы шыға қалса, барлығын ысырып тастап, көгілдір экран алдына жайғасады. Бұл мульттоптама 2011 жылдан бері Қазақстанда өте танымалдыққа ие. Басында қызықты әрі көңілді көрінгенімен, кері әсер беретін тұстары да кездеседі. Себебі кішкентай қыздың мінезін ұшқалақ, бірбеткей, айтқанынан қайтпайтындай етіп көрсетеді. Бүгінгі күні осыны қызыға көретін кейбір жеткіншектер көбіне қырсық әрі бірбеткей болып келеді. Одан бөлек елдегі телеарналардан көрсетіліп жүрген мультфильмдердің бірқатар кемшіліктеріне тоқталып өтелік.
Әрбір туындыдағы жағымды кейіпкерлердің өзі басқа кейіпкерлерді өлтіріп, қылмыс жасайды. Зұлымдыққа барады. Осыны көрген бала осыдан барып соған ұқсағысы келіп, қатыгездікке бармасына кім кепіл? Оған қоса ­басты кейіпкер қанша зұлымдық жасаса да жазаланбайды. Мұның өзі бала санасында «дәл сондай жасасам мені де ешкім жазаламайды» деген оймен қалып қояды. Психологтардың айтуынша, мұндай топтамалар баланың көңіліне кері әсерін тигізеді екен. Тағы айта кететіні телеарналардан көрсетіліп жатқан мультфильмдерде ері қайсы, әйелі қайсы ажыратып болмайсың. Ол туындылардағы ер адамдар бойынан жігітке тән намысшылдықты, қайсарлықты көру қиын. Ал қыздары нәзіктіктен жұрдай. Және ондағы сөздерде мәдениеттілік көрінбейді. Кейбір анимациялық фильмдерде кейіпкерлер аузынан небір былапыт сөздердің шығатыны да шындық. Бұл әлі қалыптасып үлгермеген бала үшін теріс тәрбие болмақ.
Осы бір тұста мына бір жайт ойға оралып отыр. Осыдан тура үш жыл бұрын шет ел азаматы баласымен бірге ойыншық дүкендерін аралап жүріп, баласы әкесінен «Өрмекші адамның» киімін алып беруін өтінеді. Баласының теледидардан көрген кейіпкерін алып беруге қарсы болмаған әкесі саудагермен есептесе кетеді. Қолына тиген киімдерін үйіне барып киіп көрген бала, «Өрмекші адам» секілді ұшсам деген оймен қылтимадан секіріп көз жұмған. Анығында барлығының бастауы мультфильм болған еді. Егер ол кейіпкерді жеткіншек көрмеген болса, мұндай жайт орын алмайтыны анық.
Бүгінгі топтамаларды тізе берсек, тоқтай алмаспыз. Өйткені бірінде қулықты, адам алдауды, зұлымдықты көрсетіп жатса, екіншісінде пара ұсынып қашып құтылғандарды, ата-анасын тастап кетіп жатқандарды да көрсетеді. Мұның өзі бала келешегіне жағымсыз әсерін береді. Осы тұрғыда психолог Айтолқын Амантаева:
– Иә, мультфильмнің тәрбие құралы екендігі анық. Бірақ балаларға теледидар көрмеуге тыйым сала алмаймыз. Қазіргі бүлдіршіндер оны қарамаса тыныш таппайды. Оған қоса көргендерін қайталап, кейіпкерлерге еліктейтіндігі де рас. Кейбір топтамалар бала санасына кері әсерін тигізеді. Десек те отандық туындыларды телеарналардан көрсетуді ұсынғанымызбен бүлдіршіндер ұялы телефоннан өзіне қажеттісін таңдап алады. Сонда да реті келсе отандық мульттоптамаларды көрсеткен дұрыс, – деді.
Айтса айтқандай, балаларға отандық туындыны көруге мәжбүрлегенмен олар өздері қалағанын тамашалайды. Оның үстіне елде қазақ тіліндегі топтамалардың да саны аз. Ақыл-сезімі толығып, айналасымен танысып үлгермеген балғын үшін бәрі тансық, әрі қызық. Дегенменде көргенінің барлығы пайдалы емес. Сондықтан қазақы нақыштағы, бүлдіршіндерге ұлттық рух пен намыс дарытатын мультфильмдер өмірге көптеп келер болса, бала тәрбиесі жолына үлкен үлес қосқан болар еді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
01 мамыр 2020 ж. 1 265 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 58

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 51

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930