Отансүйгіштікке жетелейді
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының жұртшылыққа мән-маңызы зор. Соның ішінде әсіресе ұстаздар қауымы, бүгінгі жас буын – жастар және оқушылар үшін туған жер мен біртұтас ұлт тарихын танып-білудегі тәрбиелік тәлімі айрықша. Елбасы бізге ата-бабаның нені аманаттап қалдырғанын ұрпақ санасында жаңғыртуға арналған бағдарлама жасап, жұмыс істеу қажет екендігін бұған дейін де «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетіп берген болатын.
Онда ұлтымызды сақтау мен өркендетудің мәселесін айқын да, анық атап өтті. Бұның ерекшелігі дәстүрдің өміршең тұсын заман ағымымен сабақтастыра келе тиімді тұсын жаңғырту болып отыр.
Жастар – қоғамның болашағы, ел ертеңі. Ал ұлт пен елге деген сүйіспеншіліктің бастау бұлағы – тарих пен мәдениет. Жас өскін тарихты терең білу арқылы бойындағы елге деген сүйіспеншілік, ұлтжандылық қасиетті қалыптастырады. Осы тұрғыдан қарағанда «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жас ұрпаққа берер тағылымдық мәні ерекше. Ұлт тарихына жан-жақты бойлаған әр ұрпақтың кеудесінде «Мен Ұлы даланың перзентімін», «Тарихы терең, рухани байлығы мол ұлттың ұрпағымын» деген мақтаныш сезімі мен Отанға деген шексіз ықылас қалыптастыратыны сөзсіз.
Қазақ ертеден-ақ әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге бай халық. Сол ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтың астарында ұрпақ тәрбиесі жатыр.
Жаңғыру елдің рухани тамырынан бастау алмаса, адасуға бастайтыны белгілі. Сондықтан өнегелі де, өрелі ұрпақтың өсіп-өнуі тәрбиеге байланысты. Сайып келгенде, Елбасының мақаласы өсер ұрпақтың еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігін нығайтады. Бұрынғылардың бізге аманаттаған мұраларын сол қалпында сақтауға үйретеді. Қалпын бұзбаған дүниелерді келер ұрпаққа ұсына білсек, олар түп-тамырының кім екенін, ата-бабасының барлық саладағы әр қырлылығын танып-біліп, Отансүйгіш болып өседі деген ойдамын.
Ләззат ІЗБАСҚАН,
№165 мектеп директоры,
аудандық мәслихат депутаты