Әйгілі сыйлықты иемденген
марапат. 1901 жылдан бері адамзаттың ілгері дамуына үлес қосқан біртуар тұлғаларға беріліп отырған. Осыған дейін 950 рет тапсырылған сыйлықтың 927-сі ғалымдар мен
өнер, әдебиет адамдары алса, 23-і арнайы ұйымдарға тапсырылды.
Жыл сайын 10 желтоқсан күні физика, әдебиет, химия, физиология және медицина саласының үздіктері мен қатар әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесі үшін сыйлыққа лайықты деп танылғандар Швеция астанасы Стокгольмге асығады. Барлық лауреатқа Альфред Нобель бейнеленген алтын төсбелгі мен диплом және 10 миллион швед кронына жуық қаржылай сыйлықты король табыс етеді.
Бұл сыйлық швед ғалымы, өнертапқыш Альфред Нобельдің есімінде. Себебі ол өмірден аттанбас бұрын өзінің барлық байлығын адамзатқа пайдасын тигізетін жаңалық ашқан ғылым адамдарына сыйлық тағайындайтын ұйым құруға мирас еткен. Ол адамның нәсіліне, шығу тегіне, ұлтына қарамастан сыйлықты алуға құқылы екенін қатаң тапсырған.
Кандидаттарды арнайы құрылған 4 ұйым іріктейді. Швед корольдік ғылыми академиясы 1739 жылы ғылыми жаңалықтар ашуға ықпал ету үшін тәуелсіз ұйым ретінде құрылған. Құрамында қазіргі уақытта 450 шведтік, 175 әлемнің әр бұрышынан жиналған ғалымдар мүшелікке алынған.
Стокгольм академиясы 1786 жылдан бастап жұмыс жасайды. Оның 18 мүшесі өмір бойына тағайындалады. Олар тек әдебиет бөліміне кандидаттар іріктеумен шұғылданады.
Норвегиялық Нобель комитеті жұртшылықты бейбітшілікке шақырып, ұлтаралық және дінаралық келісімді ту етіп, ынтымақтастыққа шақырған адамға сыйлық тағайындауға жауап береді. 1897 жылы негізі қаланған. Бес мүшеден тұратын комиссияны Норвегия парламенті бекітеді.
Каролин институты Нобель комитетінің міндеті жыл бойына денсаулық саласы бойынша үздік деп танылған ғылыми жобалар мен жаңалықтарды іріктейді. Швециядағы ең беделді оқу орны саналатын мұнда 50 профессор арыздарды қарап, өздері лайықты деп тапқан үміткерді үздіктер тізіміне қосады.
2019 жылы қазан айында лауреаттардың тізімі жарияланды. Аты тарихта алтын әріптерімен жазылатын жаңа иегерлердің тізімін ұсындық.
Әдебиет бойынша осы жылы екі сыйлық қатар берілді. 2018 жылы комиссия мүшелерінің айналасында өрбіген жанжалға байланысты бұл бағыт бойынша жүлдегер анықталмаған еді. Тиісінше 2018 жылдың үздік әдебиетшісі болып польшалық ақын, жазушы Ольга Токарчук иеленсе, 2019 жылға тиесілі марапатты австриялық жазушы, сценарист Петер Хандкеге бұйырды.
Ольга Токарчук алғашқы романын 1993 жылы жарыққа шығарған. Мамандығы бойынша психолог ақын Карл-Густав Юнгтың аналитикалық психологиялық көзқарасын құп көреді. Әлемдік деңгейдегі бұл Токарчуктың алғашқы алып тұрған сыйлығы емес. Бұған дейін Букер сыйлығын алған тұңғыш польшалық болған. Ал Нобельді алғандардың қатарында өз ұлтының өкілдерінің ішінде бесінші орында.
Токарчуктың тақырыбы – тарихтың әрқилы кезеңіндегі адамдар арасындағы түсіністік турасында. Бас қаһарман ретінде өмірде болған адамдардың тағдыры негізделеді. Оның прозасы халықтар мен түрлі дәстүрді бірге қамтығысы келетіндігімен ерекшеленеді.
1942 жылы туылған Петер Хандке 1960 жылы студент кездің өзінде таныла бастаған. Әңгіме, роман, өлең мен пьесадан бөлек киносценарист ретінде де танымал. Неміс режиссері Вимо Вендерспен тізе қосып, көп еңбектенген. Сәтті шыққан туындысы «Берлин үстіндегі аспан» фильмі саналады. Хандке өзі жазған сценарийлеріне режиссерлік жасап, «Солақай әйел» сияқты бірнеше туынды түсірген.
Хандке 2006 жылы New York Times журналындағы сұқбатында жас кезінде Нобель сыйлығын алуды армандағанын айтады. Бірақ комуннистік Югославияға қолдау жасағаны үшін ешқашан мұратына жете алмаймын деп ойлаған. «Лингвистикалық дарынмен жазылған адам тіршілігінің өзіндік ерекшеліктері қамтылған ықпалды жұмысы үшін» – деген себеппен Нобель алуға әбден лайық деп танылған.
Бейбітшілік бағытындағы сыйлықты 43 жастағы Эфиопияның Премьер-Министрі Абий Ахмед Али алды. Осымен екінші жыл қатарынан бұл марапат Африка құрлығына табысталуда. Абий Ахмед Али 2018 жылы қызметіне кіріскенен кейін Эфиопия, Джибутия, Эритерия және Сомали мемлекеті бірге жатқан «Африкалық мүйіздегі» күрмеуі қиын мәселелерді шешкені үшін үздік деп танылды. Ол он жылдықтарға жалғасқан Эритериямен шекарадағы шиеленісті шешуде батылдық танытып, бейбіт келісімге қол қойды. Сыйлық берер де оның ішкі саясатта да жасаған демократиялық қадамдары назарға алынған. Билікке келген жүз күннің ішінде елдегі мыңдаған саяси тұтқындарға амнистия жариялап, БАҚ өкілдеріне бақылауды азайтқан. Қоғамдық, әлеуметтік мәселелердегі әйел адамдардың рөлін айқындап, саяси оппозицияны заңдастырған. Елден кеткен он мыңдаған босқынды қайтарды. Қоршаған ортаны қалыпқа келтіруде де қапы қалмады. Осы жазда 12 сағат ішінде 353 миллион ағаш отырғызып, әлемдік рекордты жаңартты. «Бұл сыйлық Эфиопия елінің, барлық Африканың жеңісі. Айтулы жеңісті көршілес жатқан мемлекет жетекшілері де жақсы қабылдап, біздің құрлықтағы бейбітшілік шараларына белсене атсалысуға ынтамен кіріседі деген ойдамын»,– дейді Абий Ахмад Али.
Химия саласы бойынша Нобельді неміс Джон Гуденоф, британдық Стэнли Уиттингем, жапон Акира Есино үштігі иеленді. Олар 1970 жылдан бастап литий-ионды батареяны ойлап тауып, әрі қарай дамытқаны үшін үздіктер тізімінде. Қазіргі әлемді бұл батареясыз елестету қиын. Ноутбук, смартфон, электромобильдер мен күн батареялары сияқты тіршіліктің қажетті құралына айналған заттар осы арқылы жұмыс істейді.
Медицинада жаңалық жасаған Уильям Кэлин, Питер Рэтклифф және Грег Семенза төсбелгі тақты. Олар денедегі тірі жасушалардың оттегінің болуына және азаюына қалай бейімделетіні жайлы жаңалық ашты. Оған қоса деңгейі өзгеріп отыратын оттегіге жасушалардың ыңғайлануы және кері жауап ретінде жұмыс істейтін ген белсенділігін реттейтін молекулалық механизмді анықтай алған.
Физика саласы бойынша сыйлықты теоретик Джеймс Пиблс пен тәжірбиешілер Майкл Майор және Дидье Келоз иеленді. «Ғарыш кеңістігіндегі ғаламның және жердің эволюциясын түсіндіруде қосқан үлесі үшін», – деп жазылған комитеттің берген мінездемесінде. Дәлірек, Джеймс Пиблс космология саласындағы теориялық жаңалықтармен ерекшеленді. Оның түсінігінде реликтік микротолқынды сәулелерді ұстауға болады. Оның түр-түсін зерттей отырып, «үлкен жарылыстың» қанша материя бөлгенін анықтауға мүмкіндік бар. Осы арқылы жердің өлшемін бағамдап, галактикалардың қалай қалыптасқанын түсіндіруге болады.
Ал Майор мен Келоз жұлдыз орбитасынан Күнге ұқсас экзопланета тауып, тарихта осы тақырыпқа қатысты тұңғыш жаңалық ашты. Бірінші экзопланетаны яғни басқа жұлдызды жүйедегі ғаламшарды 1995 жылы анықтаған. Оны Францияның оңтүстік-шығысындағы Жоғарғы Прованс обсерваториясында ғарыш кеңістігін бақылау арқылы тапты.
Әлемде жаңғырық жасайтын Нобель апталығы да аяқталып, бар болмысымен бір салаға беріліп, өркениетті алға ілгерілетуді мойнына міндет еткен жандардың еңбегі еленді. Келешекте аты шулы аламанда жұлдызы оңынан туған танымал тұлғалар арасында қазақ есімдері де кездеседі деп бек сенеміз.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ