Саяси науқанның салмағы жоғары
Осы жылдың 9 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтеді. Қазіргі таңда елдің барлық аймағында салмағы жоғары саяси науқанға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Маңызды кезеңге әзірлік барысы Қазалы өңірінде қалай? Бұл жөнінде аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жаппарберген Жалғасбаймен әңгімелескен едік.
– Жаппарберген Жақсығұлұлы, алдағы айдың алғашқы онкүндігінде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді. Оның бұрынғылардан ерекшелігі неде?
– Ең басты өзгешелік – 9 маусымдағы сайлауға еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылған жоқ. Бұған дейінгі 5 сайлауда да Елбасы жеңіске жеткені белгілі. Демек, тәуелсіздік алған жылдан бері ел тарихында болмаған, жаңа мемлекет басшысын сайлайтын боламыз.
Сондай-ақ, бірқатар заңнамалар түзетілді. Нақтырақ айтсақ, “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына» 2018 жылғы 29 маусымда бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Онда биылғы жылдан бастап мәслихат депутаттары саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша сайланатыны айтылған. Кандидат бір ғана сайлау округі бойынша ұсынылады, кемінде екі саяси партиядан кандидат ұсынылуы тиіс. Бұрынғыдай мәслихат депутаттығына қоғамдық бірлестіктер өкілдерін, азаматтар өзін-өзі ұсына алмайды.
– Саяси кезеңге байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Сайлау туралы заңдылықтарға сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен “Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу” жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Соған сай 13 сәуірде аймақтық “Тұран Қазалы” газетінде сайлау учаскелерінің шекаралары, аудандық «Қазалы» газетінде учаскелік сайлау комиссияларының құрамы жарияланды.
Қазіргі таңда аудандағы 39 учаскелік сайлау комиссияларында 263 комиссия мүшесі жұмыс атқаруда. №59, 362 учаскелік сайлау комиссияларының құрамынан өз өтініштеріне сәйкес 2 мүшесі шығарылып, орнына аудандық сайлау комиссиясының осы жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен аудандық мәслихаттың сессиясына дейін 2 комиссия мүшесі тағайындалды.
Заңдағы өзгерістерге сәйкес 1000-ға дейінгі сайлаушысы бар 19 учаскелік сайлау комиссиясының құрамы 5 адамнан, 1000-2000 сайлаушы қабылдайтын 12 учаскенің құрамы әрбірінде 7 адамнан, 2000-2500 сайлаушысы бар екі учаскенің құрамы 9 адамнан, ал 2500-3000 сайлаушысы бар алты сайлау учаскесінің құрамы 11 адамнан жасақталып отыр.
– Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар аудандағы сайлаушылардан қол жинап үлгерді ме? Олардың сенімді өкілдері тіркелген бе?
– Кандидаттарды тіркеуге байланысты заңнамада олардың сайлаушылардан қол жинау еркіндігі айқын көрсетілген. Осыған сәйкес барлық Президенттікке үміткер азаматтар аудан сайлаушыларынан қол жинады.
Қол қою парақтары аудандық сайлау комиссиясы мүшелері мен аудандық полиция бөлімі көші-қон бөлімшесі қызметкерлері арқылы тексеріліп, облыстық сайлау комиссиясына тапсырылды. Аудандық сайлау комиссиясының хаттамалық шешімімен Қ.Тоқаевтың – 117, С.Түгелдің – 6, Д.Еспаева, А.Таспихов пен Ж.Ахметбековтің – 12 және Ә.Қосановтың – 3 сенімді адамдары тіркелді. Әрбіріне соған сай тиісті куәліктер берілді.
– Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталып кеткенін білеміз. Осы турасында сөз қозғасақ...
– Кандидаттардың сайлауалды үгіт жұмыстары 11 мамыр күні, тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін басталып, дауыс беру уақытына дейін 8 маусым күні түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Бұл мәселеге байланысты 13 мамыр күні кандидаттардың сенімді өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен аудандық сайлау комиссиясында семинар өтті. Тиісінше аудан әкімдігінің қаулысы қабылданып, қала, кент, ауылдық округтердегі үгіттік баспа материалдарын орналастыратын орындар және шарттық негізде берілетін үй-жайлар бекітілді.
– Маңызды науқанға қанша сайлаушы қатысуға ниетті? Олардың дауыс беруін ұйымдастыру жайы қалай?
– Жергілікті атқарушы органдардың 10 мамырдағы мәліметі бойынша бүгінгі күні ауданда 47711 сайлаушы тіркеуге алынған. Олардың тізіміне республиканың белсенді сайлау құқығы бар азаматтары енгізіледі. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиісті сайлау комиссиясы ұсынған сайлаушылар тізімдерінің, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердің анықтығы үшін жауапты болады.
Әрбір азамат сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Егер азамат сайлауға кемінде отыз күн бұрын тіркеліп, сайлау күні өзінің тіркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмайтыны белгілі болса, ол өзінің сол сәттегі мекен жайы бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу жөнінде жазбаша өтініш беруіне болады.
Айта кетерлігі, биыл Заңда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау көзделген. Сондықтан алдымен дауыс беруге ғимараттың бірінші қабаты таңдалып, пандустардың, төсеніштердің, тактильді көрсеткіштердің (уақытша рұқсат етіледі) болуын қамтамасыз ету керек.
Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сайлау учаскесінде бөгде адамның көмегінсіз таңдауын жасырын білдіре алатындай жағдай жасалуы тиіс. Сондай-ақ сайлау учаскесіне келе алмайтын тұрғынға, оның алдын ала өтініші арқылы, сайлау комиссиясының өкілдері үйден дауыс беруге жағдай жасай алады.
Саяси науқан алдында мамандардың біліктілігі басты назарда ұсталады. Осыған орай аудандық, аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің барлығы арнайы оқытылды. 39 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы мен төраға орынбасарлары, комиссия хатшылары, барлығы 124 комиссия мүшесі арнайы тестілеуден өтті.
– Аталған жұмыстар біршама қаражатты талап ететіні белгілі. Сайлау комиссиясын жарақтандыру қалайша жүзеге асуда?
– Сайлауды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Биыл сайлау комиссиясы мүшелерінің еңбекақысы мен учаскелерді жарақтандыруға 28 млн теңге қаржы қаралып отыр. Бүгінгі күнге дейін сайлау учаскелерінде науқан туралы баннер мен билбордтар ілінді. Кеңселік тауарлармен толық қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда сайлау кабиналары жасақталып жатыр.
Сөз соңында, Қазақстан Республикасының болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматты 9 маусым күні өз таңдауын жасауға шақырамыз. Саяси науқанда еліміздің әр азаматының дауысы маңызды екенін естеріңізге саламыз.
– Уақыт бөліп, сауалдарға жан-жақты жауап бергеніңіз үшін рақмет!
Әңгімелескен
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ