Президенттікке үміткерлер қашан белгілі болады?
Қазақстан президенттігіне үміткерлер қашан белгілі болатынын және мемлекет басшысы болуға кім үміткер бола алатынын Конституция заңына және "Сайлау туралы" конституциялық заң ақпаратына сүйеніп KAZ.NUR.KZ назарларыңызға ұсынады.
Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасының президентігіне тумысынан республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған азамат сайлана алады.
Азамат мемлекеттік тілді еркін меңгерген және соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұрған болуы тиіс. Сондай-ақ, болашақ президенттің жоғары білімі болуы керек. Бұл Ата заңның ІІ тарауының 41-бабында айтылған.
Сонымен бірге, конституциялық заң үміткерлерге қосымша талаптар қоюы мүмкін.
"Сайлау туралы" конституциялық заңда қосымша талаптар жазылған. Мысалы, үміткер мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға тиіс.
Сондай-ақ, заңның 10-тарауының 54-бабы бойынша үміткер Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.
"Сайлау туралы" заңның 10-тарауының 55-бабында президенттiкке кандидаттар ұсыну сайлау жарияланған күннен кейінгі күні басталып, сайлауға екi ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18:00 аяқталатыны жазылған.
Ендеше мемлекет басшысы болуға үміткерлердің есімі ертең белгілі болады деп болжауға болады.
Айта кететін жайт, ертең үміткер ұсыну үшін соңғы күн. Себебі, сайлау екі айдан кейін 2019 жылдың 9 маусымында болады.
Қазақстан президенті бес жыл мерзімге сайланады.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан президенті халыққа үндеу жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы болатынын мәлімдеді.
Дариға Назарбаева президент сайлауына қатыспайтынын мәлімдеді.