Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бекжан бағындырған белес

Бекжан бағындырған белес

Кіл мықтылар доп тебетін футболдан Қазақстан Премьер лигасында қазалылық екі азаматтың жүргені біз үшін үлкен мақтаныш. Оның бірі Қазақстан ұлттық құрамасы сапында хет трик жасап, көптің көңілінен шыққан Дәуренбек Тәжімбетов болса, екіншісі – екінші лига тарихында ең көп гол соққан ойыншы Бекжан Әбдірахман деуге толық негіз бар.
– Бекжан, сені көпшілік екінші лига тарихында ең көп гол соққан футболшы ретінде таниды. Сол кезең­дер есіңде ме?
– Әзірге солай болып тұр ғой (күліп). Негізінде бұл анау алып бара жатқандай мақтанатын дүние емес. Бұл жер футболға енді аяқ басқан жастардың өзін көрсететін, болашақта еліміздегі үздік командалардың көзіне түсуге арналған алаң десек болады. Мен де бұл доптарды сондай уақытта салдым десем артық айтпаған болар едім. Атап айтар болсақ, Шымкенттің №7 СДЮШОР сапында – 27, “Атырау”-U21 – 11, “Ордабасы”-U21 – 3, “Қыран”-U2 – 13, яғни, екінші лигада қарсыластар қақпасына барлығы 44 гол салдым.
– Осыдан соң Премьер лига командаларынан ұсыныс көп түскен шығар...
– Дұрыс айтасыз. №7 СДЮШОР құрамында 25 ойында 27 гол салып, көзге түскен соң, бірнеше командадан шақырту алдым. Жақындарыммен ақылдаса келе, “Атырау” командасына ауысуға шешім қабылдадым. Ол жерде мен әлемнің әр түкпірінен келген футболшылармен иық тірестіре жаттығу жасап, тәжірибемді толыстырдым. Ең алғаш рет осы команда сапында Премьер лигада доп тептім. Осы жетістік жадымда мәңгілікке қалады. Себебі мен соңғы уақытта ішкі біріншілік пен Еуропа төрінде үздік ойынымен көзге түсіп жүрген ел чемпионына қарсы өткізген ойында алаңға шықтым.
– Бүгінгі таңда қай командамен келісімшартқа отырдың?
– Қазір “Қыран” футбол клубында доп теуіп жүрмін. Бұл жаққа “Ордабасыда” аз ғана ойнаған соң ауысып келдім. Өткен жыл біз үшін жаман болған жоқ деп айта аламын. Бірінші лигада үшінші орынға табан тіреп, Премьер лигаға берілетін жолдама үшін павлодарлық “Ертіспен” таласқа түстік. Өкінішке орай, екі кездесуде де ұтылып, жолымыз болмай қалды. Амандық болса осы жылы жоғары дивизионға көтерілу үшін барымызды саламыз. Сол үшін жаттығу жиындарында ерінбей еңбек етіп жатырмыз.
– Алға қойған арманың қандай?
– “Генерал болуды армандамайтын солдат болмайтыны” сияқты менің де арманым асқақ. Премьер лигадағы азулы командаларға қарсы ойнап, тәжірибемді толыстырмақпын. Сонан кейін ұлттық құраманың бас бапкері чехиялық маман Михал Билектің көзіне түсіп, Қазақстан құрамасының намысын халықаралық аренада қорғасам деймін. Әрине, ол үшін жасыл алаңда көп еңбек етіп, қарсыластар қақпасына голдарды көп салу қажет.
– Футболдағы “кумирің” кім?
– Жалпы менің ойынын жата-жастана көретін белгілі бір “кумирім” жоқ. Бала кезімде бүгінгі күні аты аңызға айналған футболшылар: Зинедин Зидан, Роналдо, Роналдиньоларды сүйсіне тамашалап, дәл сондай теңбіл доп шебері болуды армандадым. Олардың жасаған финттарын жаттығу сайын қайталап, қарсыластарды сол тәсілмен сан соқтырып кетуге тырысатынмын.
– Жасыл алаңда қандай мықты футболшылармен кездесу мүмкіндігі бұйырды?
– “Атырау” мен “Ордабасы” сапында болғанымда ұлттық құрамада ойнаған Марат Хайруллин, Мардан Төлебек және Кирилл Ковальчук, аргентиналық Пабло Фонтанелло мен Факундо Бертольолармен иық тірестіре ойнағанымды мақтаныш тұтамын. Олардың әрқайсысы өзіндік қасиеттерімен ерекшеленіп, командаға үнемі жеңіс сыйлайтын ойыншылар.
– Ойын соңында футболка ауыстыруға қалай қарайсың?
– Ондай хобби жоқ менде. Көбіне өзімнің жейдемді сұрағандарға беріп жіберемін.
– Әңгімелескеніңе рахмет. Жеңісті сәттерің көп болсын!
Жеңісбек СОВЕТҰЛЫ
26 ақпан 2019 ж. 1 317 0

Ер есімі – ел есінде

02 қараша 2024 ж. 69

Бала жанының бағбаны

02 қараша 2024 ж. 94

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930