Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. Яғни «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. Бүгінде ата-баба жолынан жаңылмай, қайырымды іс жасап, тура жолынан таймаған жандар бар. Солардың бірі – қайырымды жас, ерікті, кәсіпкер Мәулен Көбесов. Жомарт жанмен әңгімелесіп, сұхбат алған едік.
– Мәулен Талғатұлы, мейірімді, ­бауырмал, көмекке дайын тұратын жандар кез келген қоғамның негізгі тірегі саналады. Оның үстіне қайырымдылық сынды қайырлы қасиет бәріне бірдей тән емес. Жалпы қоғамда қысылып, қиын да қилы өмірдің ­жолаушысы болған жандарға көмек қолын созуды қашаннан бастадыңыз?
– Өмірде өзі қашан да қайғы мен қуаныш қатар жүреді ғой, сондықтан бір-бірімізге қайырымды болғанымыз абзал деп ойлаймын. Ал маған келер болсақ, қайырымдылықпен ең алғаш жолдас жігіттермен бірге бастағанбыз. Әлеуметтік желіге таралып кетеді деп ойламадық. Бірақ көрген жандарға сәл болсын ой салсам қуаныштымын.
– Жақсылық жасаймын деген жанға жағдай табылады. Десек те, бүгінгі қоғамда «Оның қажеті жоқ», «Өз туғаныңды асырамайсың ба?», «Ақшаң тасып жатыр ма?» деген пікірлерді көптеп естіп жатамыз. Бұл – сананы тұрмыс билеп, рухани құндылықтың азайғандығының бір белгісі болса керек. Сіздің осылай Хақ Тағаланың берген ризығын мұқтаж жандармен бөлісуіңізге отбасыңыз, ет-жақыныңыз қалай қарайды?
– Иә, Құдайдан келген ризықты барынша берекелі етіп жұмсаудың бір жолы қайырымдылық. Онымен бөлісе отыра өз несібе-берекеңде артады, жан тынышты алады. Жалпы отбасым, әкем мен анамда қайырымды іс жасағанды жаны сүйеді. Меніде арқамнан демеп, қолдайды. Бірақ ол істерін көбіне жария етпейді.
– Қазір жағдайы жақсы болса да қайырымдылыққа әбден үйреніп, масыл болған жандар кезігеді. Айтпағым, сол жандардың артында шын мұқтаждар көріне алмай қалады. Жалпы қайырым жасарда тереңірек зерттейсіз бе? Қандай мәліметтерге жүгінесіз?
– Әрине, сауалыңыз орынды. Қазір қоғамда масылдар қарасы қалыңдады. Әсіресе желіде жалған жарлылар қатары да көп. Сондай жандарға кезігіп қалмасы үшін алдымен ауданның мешіттерінен шын мұқтаж азаматтардың тізімін аламын. Кейін сол бойынша азық-түлік сынды басқа да көмектерін береміз.
– Жақсылық жасап, өзгелердің қуанғанын көру, сезіну ерекше құбылыс қой. Мұндай сәтке көбінің куә бола бермесі хақ. Айтыңызшы, қайырымдылықты алғаш жасағанда қандай сезімде болдыңыз?
– Біреуге кішкентай болсын қол ұшым тиіп, қуанышына себепкер болсам, бұл өмірде босқа жүрмегенім деп білемін. Ең алғаш рет жүздеріндегі жымиюды көріп, жүрегімдегі жылыған сезім әлі есімде.
– Алдағы уақытта жақсылық жасап жарысқандар жасағын құрып, қайырымдылық қорын ашу ойыңызда бар ма?
– Ойымыз бір жандармен қатарымды толықтырып, үлкен қор ашу, әрине ойда бар. Ал қазірге қолымдағы барыммен әрі шын көңілмен қайырымдылық жасауды жалғастыра бермекпін.
– Сөз соңында не айтар едіңіз?
– Асыл дінімізде «Садақа берген адамның ризығы көбейеді және дұғасы қабыл болады» делінген. Расында бүгінде ризығым мен табысымның артуының негізгі бір себебі – қайырымдылық деп білемін. Сондықтан да барша жандарды жақсылық жасап жарысуға шақырамын. Көп рахмет!
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Алдағы істеріңізге сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА
10 тамыз 2024 ж. 664 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 60

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 54

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930