Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жан шуағын сыйлаған

Жан шуағын сыйлаған

Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген тәмсіл бар. Рамазан айында «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы аясында сауапты іске кенеліп, ағайын мен мұқтаж жандарға қайырымдылық шарасын көрсетіп жүрген азаматтар аз емес.
Солардың бірі – қазалылық жерлесіміз, жеке кәсіпкер Берік Садықов. Берік 1970 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген. 1987 жылы қаладағы №17 орта мектепті бітіріп, Шымкент ауылшаруашылық техникумын үздік дипломмен бітірген. 1993 жылы Жетісу жеріне қоныс аударған. Бүгінде ол Алматы маңындағы Есік қаласында тұрады. Орталыққа азық-түлікке әр келгенінде осындағы ағайын-жақындарына сәлемдесе жүріп, өз кәсібінен артқанынан сый-сияпат жасайды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылыққа арнаған мәлімдемесінде төтенше жағдай кезеңінде халыққа көрсетілген қамқорлық шараларын атап өтіп, мемлекет өз азаматтарын назардан тыс қалдырмайтынын жеткізген болатын. Індет қаупі жойылмай тұрған қазіргі шақта елдігіміз бен бірлігіміз сыналуда. Президент тапсырмасына сай осы бір сын сағатта халықтың қауіпсіздігін ғана емес, елдің тұтастығы мен тұрақтылығын сақтауға бағытталған түрлі шаралар қолға алынуда. Менің бүгінгі әрекеттерім Мемлекет басшысының шақыруына үн қосу, – дейді ол.
Еңбекқор азамат Есік қаласынан кәсібін ашып, оншақты адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ізгі ниетті жан өзі тұратын Көктөбе ауылында мешіт үйін көтеріп, жанынан 700 орындық асхана салды. Онда сауабы мол істер атқарылады. Қарт, қамқоршысы жоқ адамдарға, жетім-жесірлерге көмек көрсетеді. Еңбекшіқазақ ауданында өткізіліп жатқан түрлі мәдени шараларға демеушілік жасаудан тыс қалған емес.
«Қазір қазақстандықтар қоғамдағы қалыпты тіршілігіне қайта оралуды сағынышпен күтуде. Бұл үшін бір ғана шарт бар – ол тәртіп. «Көзі ауырған күнді көрмейді» дегендей, қазір жер әлем жасарып, айналамыз жасыл түспен жасанғанда, жан-дүниең сол ғажап әлемнің аясынан қатер күтіп, жасқанып тұрғандай.
Жыл айналып келетін ораза айының маңызы ерекше. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Рамазан айында жақсы іс жасаған адамға Алла басқа айларда жасағаннан жетпіс есе көп сауап жазады» деген хадисі бар. Бұл өсиет жақсылықтан үміт күтуге үндейді. Ол үшін – иманды күшейту керек. Дені сау, қаржысы бар, қарны тоқ адамда нәпсі қуаты да күшті болатыны аян. Басына ауыртпалық туып, бір сәт қиналған адамның нәпсісі азайып, иманы оянады.
Қайырымдылық – қайырлы іс. Рамазанда қаншама отбасы ішпей-жемей қуанышқа кенеліп, шат-шадыманға бөленеді. Бұл айда ізгі шараларға атсалысып, сауап алуға асықсақ дәулетіміз артпақ. Мен осыны өзіме мұрат етуден жалыққан емеспін», – деген Беріктің пікірі көңілден шықты.
Берік Жомартұлы «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін», – деген данышпан Әйтеке бидің тағылымын өзіне үлгі тұтады. Үнемі жан-жағындағыларға жан шуағын сыйлауға дайын тұрады.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ
23 мамыр 2020 ж. 862 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 35

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930