Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » “Сағынып кеттім, сағынып кеттім мен сені...”

“Сағынып кеттім, сағынып кеттім мен сені...”

Қасиетті Қазалы жерінің тарихында өлең өлкесін аралап, өзіндік өрнек салып кеткен жыр майталмандары көп-ақ. Солардың ішінде, айбынды жырымен, шынайы болмысымен, терең философиялық ой-орамдарымен дараланып тұратын бір жан бар еді. Ол – ақын Рүстем Жанай.

1944 жылы Қазалы ауданы, Дихан ауылында дүниеге келген ақын бар ғұмырын аудан халқына қызмет істеумен өткізді. Жауапты орындар да жүріп-ақ «Мәуелі махаббат», «Бақыт босағасы», «Мезгіл мақамдары», «Бір өзіңе», «Сағынып кеттім мен сені», «Жанайқай» сынды жыр жинақтары мен прозалық кітаптарын шығарды. Жақында адуынды ақынның жары Күләш апамыздан сұхбат алудың сәті келді.
– Рүстем ағамен отасқандарыңызға қанша жыл болды? Екеуіңіз қалай таныстыңыздар?
– Бұл 1961 жылдың маусым айының аяғы еді. Біз мектеп бітіруші 16 қыз бен жігіт комсомолдық жолдамамен Қазалы деген совхозға жүк машинаға тиеліп, жол тарттық. Совхозда болған төрт айдың бізге берген өмірлік тәжірибесі көп болды. Біздер есейдік, аздап та болса жақсы-жаманды түсіне түстік.
Рүстем екеуміздің достығымыз да осы кезде басталды. Ол басқалардан өзгеше болатын. Өлең жазады, онысын бізге оқиды. Оқыған кітаптарымыз жайлы пікірлесеміз. Өмір, адамгершілік, достық, адалдық, абырой деген қасиеттерге талпыну біздің басты қағидамызға айналды.
Келесі жылы оқуға кеттік. Рүстем Алматыға КазПИ-ге (қазіргі ҚазҰПУ), мен Қызылордадағы пединститутта оқыдым. Жиі хат алысып тұрдық. Сол хаттар әлі күнге сақтаулы.Күнделік жазушы еді. Бірге болуымыз керек деп мені КазПИ-ге ауыстырудың амалдарын жасап, үлкен басшыларға, ректорға кіріп, ақыры ойын іске асырды. 3-курста үйлендік. Студенттік той. Курстас ақын жігіт Мұстафа Алдажаров асаба:
Тойы бұл бақыт құшқан жүректердің,
Тойы бұл жарыса ұшқан түлектердің.
Білмесең той қадірін қыз-бозбала
Үйленіп өз басыңнан бір өткергін.
Тойы бұл бір арманның, ұлы арманның,
Көңілді жастық оты суарған күн.
Қос гүлі махаббаттың ортамызда
Қосылып бір букет боп құралған күн,-
деп тойды бастады.
Тойдағы көп тілектердің ішінде курстасымыз ақын Әбен Дәуренбековтің:
Ақ отауда түндігін жаңа жапқан
Қос жұбайлар келеді жалын атқан
Келешекте бөбегін әлдилейтін
«Жаралдың ба мөп-мөлдір
махаббаттан»
Мен не деймін?
Қосағыңмен деймін де қоса ағар,
Осы ақ отау бақыттың қосы болар.
Қол ұстасып басыңдар, алдарыңнан
Әлі талай жарқын күн тосып алар,- деген ақындық көрегендігі қабыл болғандай, біз 44 жыл отастық. 4 перзент, 6 немере сүйдік. Келін түсірудің, қыз ұзатудың да қызығын көрдік.
– Рүстем ағаның жақын достары кім еді?
– Бұл өмірде Рүстем көп адамдармен араласты, қарым-қатынаста болды. Аға буын өкілдерімен де, қатарларымен де, өзінен кіші жастармен де араласып, солардың ішінен сырлас, пікірлес достар тапты. Солардың арасында Рүстемнің өзі атап кеткеніндей «Қазалының абызы» Мәкенов Қали, «қара өлеңнің қара нары» Сейіл Боранбаев, ерекше мінезді Ерғали Төлепов, аңқылдаған Әйниет Әсербаев, сабырлы Сақыбай Нармағамбетов сынды ағаларымызбен жақын болды, оларды аса құрметтейтін.
Ал қатарларынан өзі үш досым бар деп Жарасқанды, Қуантқанды, Оңалбекті атаушы еді. Жарасқан Әбдірашевпен екеуін поэзия достастырған. Екеуінің бір-біріне деген қатынастары ерекше болды. Таңды-таңға ұрып сырласып, өлең оқып, әңгімелері таусылмаушы еді. Жарасқан өмірден ерте кетті. Қуантқан Зейнелов қарапайым, жаны таза, Рүстемше айтқанда «денесінде бір түйір де арам клеткасы жоқ» азамат. Алғаш мұғалім болып жүргенінде қызметтес болған, әрі көрші тұрдық. Отбасыларымызбен араластық, балаларымыз қатар өсті, тату, бір үйдің бауырластарындай болды. Ал, Оңалбек Сәпиевпен комсомолдық қызметте жүргеннен бері достық қатынаста болған.
Жалпы Рүстемде дос аз емес деп ойлаймын. Соңғы жылы үйде көп болып жүрді. Сонда, телефон мен Рүстемге тыныштық жоқ. Жан-жаққа телефон шалып: «Әй, бала, қайда жүрсің?»(бұл Жетіскенді іздегені); «Әй, қырғыз, әлемде нендей жаңалық бар?»(бұл Кеңесбай Алиасқаровқа айтатыны); «Ақ Қуан, тез жет, Күләш балық асып жатыр»(бұл қараторы Қуантқан); «Ақшабай, апаң шай ішіп кетсін деп жатыр»(бұл аудандық финанс бөлімін басқарған Қалмырза) деп, бәрімен кездескісі келіп отыратын.
– Ағамыз жаңа туған өлеңдерін алғаш кімге оқитын?
– Рүстем үкімет қызметінде көп уақыт жүрді. Жұмысты педагогтіктен бастап, комсомол, партия, кәсіподақ, аудан әкімшілігі салаларында болып, соңында педагогикаға қайта оралды. Үнемі жүрген жерінде қай істі болмасын игеріп алатын. Сондай сан-салалы қызметтерді атқара жүріп, өзінің «өлең» деген сүйіктісін ұмытқан жоқ. Жанынан әрдайым қойын дәптерін тастамайтын. Шумақтарды миында әбден пісіріп алып, айрықша шабытпен жазатын. Қиналмай, шимайламай қағазға түсіре қоятын. Әрине, алғашқы тыңдаушысы қасында отырған кез келген адам болатын. Ол мен де, қызметтестері де немесе қарапайым жолаушы болуы мүмкін.
– «Ақын жайлы айтады қызықты аңыз, Бірақ сен қызықпа қыз, қызықпа қыз...» – дейді Мұқағали. Ақын Рүстем Жанайдың жары болу қиын болды ма?
– Әрине, отбасылық өмір бірқалыпты жайма-шуақ бола қоймайтыны белгілі. «Ақынға жар болу қиын ба?» деген сұрақ әдетте жиі қойылады. Себебі, ақын бірде от, бірде дауыл, бірде жадыраған жаз күні сияқты. Кейбірде ерке бала, кейде данышпан. Құдай оған мінез байлығын аямай-ақ берген. Мінезіміздің әртүрлілігіне қарамастан, біз бір-бірімізді рухани ұғыстық. Сондықтан, тұрмыстағы кейбір қиыншылықтарды жеңіл көтеріп, түсінісіп өмір сүруге тырыстық. Ыдыс-аяқ сылдырлап, сынған кездер де болмады емес. Алайда, барлық жағдайда бір-бірімізге деген адал сезіміміз жеңіске жеткізетін. Осындай ұлы сезімнің символындай болып, «Сағыныш сазы» деген өлең де дүниеге келген:
Сағынып кеттім,
Сағынып кеттім мен сені.
Сағыныштың жоқ екен ешбір өлшемі.
Сағынбау деген-күнәнің нағыз үлкені,
Сағынып кеттім,
Сағынып кеттім мен сені,
Жанымның жарты бөлшегі.
– Аудан жұртшылығына ұран болып кеткен «Ақұдайлар» өлеңінің тарихы халықтың біразына белгілі. Ақынның тағы қандай жырларының дүниеге келуі туралы сырларды білесіз?
– Өзің де білесің, өлең бір ғана адамның, ақынның өміріндегі жайлардан туа қоймайды, қоғамдағы көпке ортақ сезімдерден ұшқындайды. Дегенмен, кейбір өлеңдер белгілі бір жайттарға байланысты жазылады. Сондайдан туған, тарихын ел жақсы білетін «Ақұдайлардан» басқа да өлеңдері баршылық. Мысалы, «Сүрінгенде туған ой» өлеңі. Демалыста жүргенде санаторийдің баспалдағына сүрініп, құлап кеткенде Оңғар деген ақсақал бірден жүгіріп келіп, сүйеп тұрғызғанда Рүстем қатты толқып, ризашылығын өлеңге түсірген. «Сырапұл» М.Мақатаевпен кездесуінен туды. «Талпыну» баламыздың жаңа тәй-тәй басып жүрген сәттерін қызықтап отырып жазған үлкен философиялық ой түйіндейтін өлең. «Бір өзіңе» деген өлеңнің тарихы маған ғана мәлім еді.
«Карпат қызғалдақтары» цикліндегі бір топ өлең қыздардың атымен аталады. Олар «Юза», «Мария», «Нафтусия», «София» деген өлеңдер, бұл Трускавецтегі шипалы сулардың атаулары еді. Бірі көзге, бірі іш құрылысына, бірі буын ауруларына, бірі бауырға ем екен. Осы елге шипа болар сулардың қыздардың атымен аталуы Рүстемнің анаға деген, әйел затына деген құрметіне жақын болғандықтан осындай лирикалар туды. Кейін бір жігіт «Рүстем аға орыс қыздарына да ғашық болған ба?» деп сұраған екен.
«Цыган жырлары» топтамасы да бір мезгіл цыгандармен кездесіп, сұхбаттасқан сәттерге байланысты жарыққа шықты. Осының ішіндегі «Бойжеткен» жырына Б.Омаров деген композитор әуен жазып, ол ән бір кездері «Қазақстан» арнасынан Айгүл Иманбаеваның орындауында жиі беріліп тұрды.
– Ақынның «Іштен шалу» атты ғажап өлеңі бар. Шындығында да оны іштен шалған замандастары болды ма?
– Ақынның өмірі оңай болмайтыны белгілі. Ол шындық үшін, әділдік үшін, болашақ үшін айтысады, күреседі. Кейбіреулерге ұнамайды, енді біреулер ел алдындағы беделін, абыройын көре алмайды. Сондайдан аяқтан шалу, өсек тарату, түрлі қитұрқы жағдайлар орын алады.. Осындайлар Рүстемнің басында да талай болды. Әрине, аяқтан шалған замандастары, сатқындық жасағандар да жолықты. Бірақ, ол әрекеттері іске аспады, Рүстем дер кезінде мұндайларға ашық және батыл түрде тойтарыс беретін. «Іштен шалу», «Түс», «Леп белгі», «Көп нүкте», «Сұрау белгі», «Кім сатпады» деген өлеңдері осындай көңіл күйлерден туған.
– Ұрпақтарының ішінде ағамыздың жолын қуған ақынжанды жандар бар ма?
– Ақындық жол – қиын шың. Әзірге балалардың арасында бұл мақсатқа қол созған ешкім жоқ. Мүмкін кейінгі толқыннан шығар деген үміт те жоқ емес. Немере, шөберелер... Жеті атаға дейін берілетін көрінеді ғой адамдағы ерекше қасиеттер.
Өздеріңдей өлең ауылының есігінен қарап, үлкен талап талпынысында жүрген жастарға ерекше жігерлілік, даралық, сәттілік тілеймін!
– Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан,
Бақытжан ҚАХАР

10 шілде 2018 ж. 4 391 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 76

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930