Зиянды әдеттер қан тамырларын зақымдайды
Күнделікті тұрмыста бас сақинасы ұстап, балтыры сыздамайтын жан кемде кем шығар. Тәнге батып, сай сүйегіңді сырқыратар сырқаттың сан алуан түрін көріп, біліп жүрміз. Бірі жазылса, екіншісі айықпас дертке айналады. Солардың қатарында жүрек қан тамырлары ауры жиі кездеседі. Кесірлі кесел әлем бойынша өлім санын арттырып, жыл сайын осы ауруға шалдығатын адамдар қатары жылдам өсуде. Қазалы ауданы бойынша да науқастар қатары көбеймесе, азая қойған жоқ. Соған орай Қазалы ауданаралық ауруханадан арнайы кардиология бөлімі ашылып, жүрекке ота жасау қызметі жүзеге асуда. Мұндағы жұмыс жайын рентген-эндоваскулярлы хирургия бөлімінің меңгерушісі, рентген-хирург, нейрохирург Кенесары Баспаевтан сұрағанды жөн көрдік.
– Медицина саласы ұзақ мерзімді білім алуды, жан жақты ізденісті талап ететін ең күрделі мамандық саналады. Оның ішінде хирургия бағытын таңдауға көптің жүрегі дауалай бермейді. Мұндай қадамға қалай келдіңіз?
– Бала кезімде қатты ауырдым. Сол кезде Байқоңыр қаласының хирург-травматолог дәрігерлері аяққа тұрғызған болатын. Денсаулығымды қалпына келтірген білікті дәрігерлер болашақта хирург мамандығын таңдауға септігін тигізді деп айта аламын. Жалпылай алғанда ақ халатты өзіне сай кіршіксіз киіп жүру оңай емес. Қаншама маңдай тер мен күн-түндік еңбекті талап етеді. Өзім де жаңаны оқып-білуге, жан-жақты ізденуге, дамытуға әрдайым әзір тұрамын. Мәселен, осы күні елорда да екі айлық біліктілікті арттыру оқуындамын. Мұның талабы мен күрделілігіне қарамастан саналы түрде медицина саласын қаладым. Ал мұнда сәт сайын іліміңді толықтырып тұру парыз. Себебі медицинадағы даму уақыт өте жаңару үстінде. Жаңа технологиялар мен жаңа тәсілдер күнделікті қолданысқа енуде. Қыс айында Стамбулға барып, бір аптаға ілімімді көтеріп келдім. Ол жақтың мамандары мықты, медицинада үлкен жетістіктерге жеткен. Біз де оларды қуып жетуге қауқарымыз бар.
– Білуімше алғашқы еңбек жолыңыз нейрохирургияда басталды. Жүрекке ота жасау ісіне не түрткі болды?
– Еңбек жолын жалпы хирург болып бастадым. Нейрохирургия саласымен 2014 жылдан бастап айналысып келемін. 2018 жылы рентгенхиругиядан( кардиоинтервенция) қайта даярлаудан өттім. 2019 жылы аурухана базасында жаңа орталықты қалап қан тамыр жүйесінің патология ауруларына ота жасап келемін. Оның ішінде тек жүрекке ғана емес.
Бұрындары обыр және құрт аурулары алдыңғы шепте болса, осы күндері дүниежүзі, соның ішінде Қазақстанда өлім-жітімді себеп есебінен қан тамыр жүйесі аурулары бірінші орын алады. Бүгінде әрбір оныншы адам осы дертке шалдыққан. Инфаркт, инсульт, кант диабеті осы аурулардың алдын алу үшін жоспарлы түрде ота жасалады. Осындай мәселелерді жоюмен айналысуды жөн көрдім. Бұрын Қазалыда аптасына 2-3 инфаркт болса, қазір жоспарлы түрде жүрек тамырларына ота жасау арқылы науқастар қатарын азайтуға үлес қосудамыз. Осы күндері айына 2-3 инфарктқа дейін көрсеткіш кеміді. Ол менің командамның кішігірім жеңісі десем артық айтқандығым емес.
– Соңғы уақыттары жүрек қан тамырлары дерті неге белең алып барады? Қауіпті аурудың қандай белгілері бар?
– Жүрек қан тамыр аурулары холестерин әсерінен өрбиді. Кейбіріміз іштей ойлаймыз, кезінде холестеринге бай семіз малдың майлы етін жеп, қымыз бен шұбат ішкен. Қалай олар бұл дертке шалдықпады? Оларды жүрек ауруынан үздіксіз қозғалыс пен тынымсыз еңбек сақтап отырған. Тамақты молынан ішкенмен, көп қозғалыста болғандықтан ағзадағы зат алмасу тепе-теңдігі бұзылмайды.
Қазір астың құрамы өзгеріп, қозғалыс азайды. Сонымен қатар адамдардың жүйкесіне экологиялық зардаптар мен әлеуметтік проблемалар біршама жүк түсіреді. Осының барлығы жүрек қызметінің бұзылуына әкеледі.
Айта берсең оның пайда болу себебі көп. Алдымен ішкен асты қадағалаған жөн. Саналы түрде қарасақ, тамақ түрлерінің басым бөлігі түрлі жасанды қоспалар арқылы дайындалады. Әсіресе құрамында концентраты жоғары өнімдердің қатары көбейді. Мәселен, кәуап, фасфуд, колбаса, кока-кола, ходдогтар түрлі жасанды дәмдеуіштер арқылы әзірленеді. Мұндай ауқат ағзаға тез сіңіп, адамды тез тойдырғанмен, аз уақыттан кейін қайта ас ішуге мәжбүрсің. Сондықтан да әрбір екінші адамда артық салмақ бар. Осыны ескеріп, тойып тамақ жемей, қан айналымы жүйесін бұзбай көп қимылдап, семіздікке душар болмаудың жолын ұстану қажет. Екіншіден жүйкеге де салмақ түсірмеуге кеңес беремін.
Ғылыми жағынан қарағанда, бұл дерттің бірнеше түрі бар. Денеде қаншама тамыр жүйелері ұдайы дамылсыз жұмыс істеп тұрады. Мысалы, жүректің ишемикалық ауруы – жүрек бұлшық етін қанмен қамтамасыз етіп отыратын қан тасымалдаушы тамырлардың зақымдалуынан болады. Бас қан тамырларының ауруы – миға қан тасымалдайтын тамырға зиян тиген салдары – басты себеп. Перифериялық артерия ауруы – аяқ пен қолға қан тасымалдайтын қан тасымалдаушы тамырлардың ауруы. Ревмокардит – стрептокок бактерияларының ревматикалық шабуылының нәтижесінде жүрек бұлшық еті мен жүрек клапанының зақымдалуы. Туа біткен жүрек ақауы – баланың дүниеге келген шағынан жүрегінің деформациялануы. Терең тамырлардың тромбозы және өкпе эмболиясы – жүрек пен өкпеге жететін қанды тасымалдайтын аяқ қан тамырларында қанның ұйып қалуы.
Инфаркт пен инсульт, әдетте, жүрек пен миға баратын тамырлар бітеліп қалған кезде мазалайды. Негізінен алғашқы ескертуі ретінде инфаркт пен инсультты атай аламыз. Инфарктың белгілеріне кеуде жасушалары ауырып, жайсыз сезім тудырады. Жүрек болса, кеуде немесе төс артында шаншу, ентигу, физикалық жүктемеден соң ауа жетпей қалу. Ми тамырларына баратын тамырлар бітеле бастаса, аяқ-қол әлсіздігі, тілдің ұйып күрметілуі басты белгілерге жатады. Қай орган закымдалады соған байланысты әсер береді.
Сондай-ақ қол мен сол жақ иық ауырып, шынтақ, жақ немесе арқада жағымсыз сезім пайда болады. Кейде бет жансызданады. Көз көрмей қалуы мүмкін. Бұдан өзге науқастың басы айналып, дем жетпей, жүрегі айниды.
Зиянды факторларға майлы тағамдар жатады. Темекі, аз қозғалыс, семіздік әр 2-3 адамда кездесетін патология.
– Бүгінге дейін қанша адамға ота жасалды?
– Ота жасаған адамым өте көп. Олардың қатарында Арал, Қазалымен қатар, Қармақшы, Байқоңыр тұрғындары да бар. Шүкір, бәрі аман-есен. Халқымның алғаусыз алғысы мен күн-түн деместен, айлап, жылдап оқу оқып, жетілудің арқасы деп ойлаймын. Қанша шаршап-шалдықсаң да, науқас аяғына тұрғанда шабыттанамын. Жүректің қан тамырлары мен жоспарлы, жедел отаны қосқанда 1000-нан аса қызмет көрсеттім. Науқастарға отаны ангиограф құрылғысы арқылы жасаймын. Менен бөлек дәрігер кардиолог Ләззат Жұбанова, реаниматолог Аян Қазиұлы, дәрігер невролог Гүлмариям Дарменовалар сырқаттанушылардың денсаулығын түзеуге атсалысады. Бұл кезге дейін қазалылықтар Астана мен Алматыға баратын. Енді ешқайда бармай-ақ ауданда ота жасату мүмкіндігі зор. Біз бұл арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың санын көбейтпей және өлім-жітімнің алдын алуды мақсат етудеміз. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты жақсарып, өмір сүру сапасы жақсарады.
Бұйырса алға қойған жоспарлар жетерлік. Соның бірі – инсульт кезінде бас-ми тамырларынан тромбты алу, бітелген тамырды ашу, жарылған ми тамырларын бітеу тәсілін тәжірибеде қолдануды діттеудемін. Сонымен қатар 2023 жылы аяқ тамырларын ашып, гангрена, яғни ампутация (аяқты кесу) алдын алуды көздеп отырмын. Бұған орай Астанадағы нейрохирургия институтында білімімді жетілдірудемін.
Осылайша өзекті мәселелерді азайтуға септігімді тигізгім келеді. Келешекте де көптеген түрлі оталарды жүзеге асыруды мақсат тұтудамын. Бірақ маман тапшы, басқа да бағытта дамиын десем уақыт та жеткіліксіз.
– Инсульт кезінде бас-ми тамырларынан тромбты алу, бітелген тамырды ашу, жарылған ми тамырларын бітеу тәсілін тәжірибеде қолдануды діттеп отыр екенсің. Талабың оң болсын! Дегенмен бұл сал болғандарды қайта қалпына келуіне көмектесе ме?
– Оның уақыт шектеуі бар. Егер науқас инсульт алған соң маған ота бөлмесіне 6-8 сағатқа дейін жетсе, онда оны аяққа тұрғызуға мүмкіндік жасауға болады.
– Гангрена ненің әсерінен болады?
– Аяқ тамырларының бітелуі, атап айтқанда, атеросклероз және қант диабеті әсерінен пайда болады. Гангрена – белгілі бір тіннің некрозы және ыдырауы, әдетте қанның тіндерге бармауын айтады. Ол жарақаттар мен инфекция кезінде байқалады. Тіндік некроздан кейін, оған бактериялар жұғып, тіндердің ыдырауына әкелуі мүмкін.
Гангрена дереу емдеуге әрекет етуді талап етеді. Оны емдеу зардап шеккен аймақта қан айналымын қалпына келтіру, инфекцияны емдеу және өлі және өлетін тіндерді жою болып табылады. Гангренаның ауыр жағдайларында, дененің кез-келген бөлігін қолдағы немесе аяқтағы саусақты ампутациялау керек.
– Түсінікті. Бұндай сырқатқа шалдыққан қанша қазалылық бар?
– Өте көп. Қазір науқастарды анықтап, тамырдағы аневризманы Қызылордаға жіберіп жатырмын. Енді келесі жылдан бастап ауруларды ауданда емдеуге әрекет жасау қажет. Рентген хирургияның жетістігі сонда жалпы ағзада қандай тамыр бар сол жерге ота жасауға болады. Миома, простатит, варикоз, варикацеле бәріне ем қолдану мүмкіндігі жоғары. Бұл елде енді дамып келе жатыр. Рентген хирургия бұрын тек үлкен орталықта болатын. Осы күні мемлекет тарапынан қолдау болып, басқа да қалаларда дамуда. Соның ішінде біздің ауданда да қолға алынуда.
– Жүрек қан тамырлары ауруын жеңу үшін және алдын алуға не істеу қажет?
– Ғалымдардың болжауынша, 2030 жылы осы аурудан 23,3 миллион адам көз жұмады. Онымен табак өнімдерінен бас тарту, дұрыс тамақтану, майсыз тағамдарды тұтыну, физикалық белсенділікті арттыру, қан қысымын төмендету, диабеттен сақтану және липидтердің деңгейін төмендету арқылы күресуге болады.
Негізінен жыл сайын 9,4 миллион өлімнің 16,5 процентіне қан қысымының көтерілуі себепші.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА