Жүрегі жылы, емі шипалы
Бұрынғы аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының көрегендігі, іскерлігі және тынымсыз еңбегінің арқасында қаражат көздері іздестіріліп, Қазалы ауданында жаңа аурухана салынып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ондағы Ангиограф аппараты Қазалымен бірге Арал, Қармақшы аудандары және Байқоңыр қаласы тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау ордасындағы кардиология бөлімінің меңгерушісі, кардиолог дәрігер Ләззат Жұбанова жаңадан құрылған ұжымды ортақ іске жұдырықтай жұмылдырып, науқастардың жағдайын жасауға күш салып келеді.
Жетпістің желкенін көрген тұста жүрек қыспасына ұшырап, аталған ауданаралық Орталық ауруханасына жедел жәрдем көмегімен келіп түстім. Мені қара торы, жүзі жарқын, сөзі майда дәрігер қабылдап, өзінің аты-жөні мен қызметін айтты. «Жақсы сөз – жан семіртеді» – дегендей, дәрігер Ләззаттың жылы сөзі, ауруымды сейілткендей болды. Палатаға жатқызып, толық тексеруден өткізіп, каронография жасауға рұқсат берді. Әрине жүрекке ота жасайтын жерде облыстық медицина орталығының рентген-эндоваскулярлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Исмайыловтың жетекшілігімен жоспарлы емдеу шаралары жүргізіліп, қасында жергілікті аурухананың дәрігерлері Кенесары Қоспаев, Аян Қазиұлы, фельдшер Қасқырбай Молдабаев, мейіркеш Әлия Сүлейменова, рентген лаборант Ғалымжан Жайылқановтар болды. Білікті дәрігерлердің арқасында ота жеңіл өтті. Бұрын да облыстық ауруханада Нұрлан Тоқтағұлұлы маған екі рет ота істеген. Бұдан кейінгі ахуалды қолына алған Ләззат ақауы бар жүректі емдей бастады.
Біздей қариялардың еркелеген баласындай, өзінен кейінгі жастарға ақылшы анасындай болып жүреді. Әрине бұндай биязы мінез, тұла бойындағы тектілік бір өзіне жарасып-ақ тұрады. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары маман расында үлкен құрметке лайық.
Аурудың беті қайтып, сауыққаннан кейін Ләззаттан өмірдерегі жайлы сұрағанымда 1979 жылы 14 сәуірде Қазалы ауданында дүниеге келгенін білдім. 1996 жылы Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепті үздік бітіріп, Ақтөбе қаласындағы медицина институтына түсіп, 2004 жылы ойдағыдай бітіргеннен кейін, Жетес би ауылдық емханасына учаскелік дәрігер болып орналасады. Жаңадан келген жас маманға учаскелік дәрігер болып жұмыс істеу біраз қиыншылықтар туғызады.
Аудандық емханаға кардиолог дәрігері болып ауысып, 4 ай Алматы қаласында УЗИ жүрек мамандығы бойынша оқып келіп, 2018 жылы сәуір айында аудандық аурухананың терапия бөлімінде терапевт дәрігер қызметін атқарады. Сол жылы Облыстық кардиология орталығында тәжірибеден өтеді. Ізденімпаздығымен танылған жанға тиісті орындар ауданаралық ауруханадағы жаңадан ашылған кардиология бөлімі меңгерушілігі қызметін сеніп тапсырған.
Ауруханадан шығар кезімде менің палатама келген науқас Бердібай Тілеков: «1952 жылғымын, Арал қаласында тұрамын, бұрын ауырмағанмын. Түн ортасында ауа жетпей кеудем қысып жатыр екен. Шұғыл жедел жәрдем шақырттым, кардиолог дәрігер Лайық Бижанова көмегін көрсетіп, осы ауруханаға жедел жәрдеммен әкелді. Бұнда келгеннен кейін Ләззат қызым күтіп алып, тексеруден өткізді. Жүрек тамырым 98% бітіп қалыпты, бір ажалдан қалдым. Екі күн жансақтау бөлімінде емдеді, міне палатаға шықтым, Ләззатқа айтар алғысым шексіз» – деп риясыз пейілін ақтарыла ортаға салды.
Жүрегі жылы, емі шипалы жандардың басын қосқан Қазалы ауданаралық ауруханасының кардиология бөлімі ұжымының қалтқысыз қызметіне көпшілік дән риза.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы