Жаңа қондырғының жаңалығы
Бүгінгі күні басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан кемде-кем. Мұны экологиялық аймақта өмір сүріп жатқандар көбірек түсінеді. Туғаннан пайда болған соққы салдарынан денсаулығы нашарлағандарда кінәрат қай ағзадан екенін білудің өзі бірталай ізденісті қажет етеді. Әсіресе жүйке жүйесі мен өмірлік маңызы бар ағзалардағы ақауды табу көптің қолынан келе бермейді. Содан соң науқастар облыс орталығы Қызылордаға ағылатыны тағы бар. Себебі қазалылықтар ауданда да компьютерлік томография аппараты жұмыс істеп тұрғанын біле бермейді.
“Neusoft” қайта қолданылатын КТ сканерлеу жүйесі бірнеше жылдан бері науқастардың дертін анықтауға сүбелі үлесін қосып келеді. Аталған құрылғы арқылы ми ағзаларының, оның ішінде жарақаттар, ісіктер, миға қан құйылу мөлшері 1 мм дейін топографиялық орналасу аймағы анықталады. Көз, құлақ, мұрын қуыстарының олқылықтарын 100 проценттік сенімділікпен анықтауға мүмкіндік береді. Ішкі ағзалардың ішінен өкпе, өңеш, жүрек, асқазан, бауыр, ұйқы безі, бүйрек, талақ, ащы-тоқ ішектер, әйелдер және ерлер жыныс аурулары, буын және омыртқадағы өзгерістерді анықтайды. Бір ерекшелігі, қатерлі ісіктердің жаңа басталған сатысында және метастаздарды 1 мм-ге дейін анықтау мүмкін болып отыр.
Бүгінгі күні компьютерлік томография аппараты Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының халқына қызмет көрсетеді. Осындай жоғарғы қызмет арқасында көптеген науқастың диогнозы анықталған. Мәселен, жыл басынан бері ишемия – 41 науқас, субарах (миға қанның шашырап құйылғаны) – 19, кистоз – 72, созылмалы холецистит – 17, созылмалы бронхитпен ауыратын 132 науқастың диагнозы дөп қойылған. Сол сияқты дене сүйектері сынып, жарақат түрлерін және ішкі ағзадағы бауыр, бүйрек, асқазан, өт жолы, өкпе, қуық безі, ішектердің көптеген ауруын ерте диагноздаудың арқасында талай қайғылы оқиғаның алдын алған. Қазіргі заманда әлемді дүр сілкіндірген коронавирустың асқынған түрі өкпенің қабынуына әкеліп соғуда. КТ аппараты өкпенің қанша бөлігі зақымданғанын айқын байқауға таптырмас құрал болып отыр. Орталық есебімен бүгінге дейін аты жаман індет жұқтырған 96 науқас тіркелгенін де айта кетейік.
Қажетті құрал қолда бар болғанымен оны оқитын, қалай қолданылуын білетін мамансыз жұмыс бекер. Мұнда да өз ісінің шеберлері жетерлік. Мәселен, КТ дәрігері, білікті жоғарғы санатты рентгенолог Ерболат Дәрібай науқастарға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұдан бөлек Ғалымжан Тажибаев, КТ рентген лаборанттары Нұрболат Мыңболсын, Аралбай Мералы, Биболат Тлеубай, Жадырасын Азиев сынды дәрігер-рентгенологтар адамды дендеген сырқатты тауып, кеңес беруге дайын. Қарасақал Ерімбет №92 үйде орналасқан құрылғы аптаның барлық күні, демалыссыз, тәулік бойы қазалылықтар үшін қызмет ететінін еске сала кеткен жөн.
Сартай БАЙЖАН