Әрбір мұсылманның ұлық мерекесі
Шілде айының 9-ы күллі мұсылман қауымы асыға күткен, исі мұсылман жамағатымен жаппай атап өтілетін үлкен мерекенің бірі – Құрбан айт мейрамы басталады. Әлем мұсылмандары бұл күні Жаратушы иеміздің разылығы үшін құрбандық шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысатыны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, құрбан шалу секілді ізгі амалы арқылы мұсылман адам Раббысына жақындай түседі. Жалпы, дін мамандарының айтуына сүйенсек, «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді екен. Мұндай ұлық мерекенің маңыздылығы мен мәні туралы толығырақ білу үшін аудандық, орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменовке бірнеше сауал қойған едік.
– Берік Мәдиұлы, алдымен жалпы Құрбан айт мерекесі туралы тарқатып айтсаңыз...
– Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын. Көптен күткен мұсылманның ең ұлық мерекесі – Құрбан айт та келіп жетті. Аудан тұрғындарын барша әлем мұсылмандары зор қуанышпен атап өтетін айрықша күнмен құттықтаймын. Биыл Құрбан айт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітуімен осы жылдың 9-шы шілдесінде басталып, 11-не дейін жалғасады. Құрбан айт намазы 9-ы күні таңертеңгі сағат 6.00-де оқылады.
«Айт» сөзі – араб тілінен аударғанда «Мейрам» деген мағынаны білдіреді. Күллі мұсылман үмметі ерекше ықыласпен және көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алатын екі үлкен мейрамы бар. Алғашқысы – оразадан басталатын «Рамазан айты» болса, екіншісі – рамазан айынан соң жетпіс күннен кейін келетін Құрбан айт. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанында, жергілікті тұрғындарының Исламға дейінгі дәуірлерде тойлайтын өзіндік мерекелері болған екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдинаға кіргеннен кейін оларға: «Сендердің осы кезге (Исламға) дейін екі мерекелерің болған еді, енді Алла Тағала ол екі мерекелеріңді одан да қайырлы екі мерекеге ауыстырды. Ол – «Ораза айт» және «Құрбан айт» мерекелері», – деген еді.
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) екі айт намазын оқығаны жайлы хабар бұлтартпас, анық жолмен бізге жеткен. Сондықтан жұма намазы парыз болған кісілерге осы екі айт намаздары да уәжіп болады. Айт намазының уақыты – күннің көкжиектен бір немесе екі найза бойындай көтерілгендегі уақыт. Ол бесін намазы кіргенге дейін жалғасады. Айт намазы – екі рәкағат жамағатпен жария түрде оқылады.
– Арапа күні туралы айтсаңыз. Осы күні Ықылас сүресін 1000 рет оқыса, мол сауап болады дегенді естіген едім...
– «Арапа» араб тіліндегі «білу», «түсіну» деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа деп аталуының себебі, зүл-хиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе әлде аян ба» деп ойлаған ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі.
Арафа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәлардың кешірілуін Алладан үмітпен тілеймін...» – деп бұл күнгі оразаның маңыздылығын баса айтуда. Тағы бір хадисінде: «Дұғалардың ең қайырлысы – арап күні жасалған дұға...» – деген. Ендеше, Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінде, оның ішінде арапа күні сауапты амалдарды көптеп орындаған дұрыс.
Біздің елде арапа күні ертесі болатын айт күніне шелпек-бауырсақ пісіріп, дастарқан әзірлігі жасалып жатады. Сонымен қоса, бір күн ораза ұстағанда дұрыс болады.
– Арапа оразасын қай кестеге қарап ұстайды?
– Арапа оразасын ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алса болады. Дәлірек айтқанда: таң намазы кірген уақыт ауыз бекіту уақыты болмақ. Сол уақытқа дейін сәреңізді ішіп-жеуге рұқсат. Ал ақшам намазының кірген уақыты ауыз ашар уақытының кіргенін білдіреді. Осы тұрғыда күннің толықтай батуы маңызды.
Ауыз ашқанда да әдеттегідей сумен немесе құрмамен ашып, қазақшалап тілек-дұғасын жасай бересіз. Арнайы ниет-дұғасы жоқ.
Арапа күні сәресіге ұйықтап қалған адам, еш нәр татпастан сол күнгі нәпіл оразаға ниет етіп ұстап кете беруіне болады. Оразаңыз саналады. Осы тұрғыда айта кетелік, ниет - түске дейін жасалған болуы тиіс. Түс уақыты кіргеннен кейін оразаға ниет етілмейді, еш нәр татпаса да.
– «Арапа күнгі оразаны халыққа хабарласа, 80 жылдық ғибадат сауабы беріледі» деген хабарлама қаншалықты шындыққа саяды?
Арапа күні ораза ұстаудың сауапты екендігі даусыз. Бірақ әлеуметтік желілерде таралып жатқан Арапа күнгі ораза жайында хабарлаған адамға 80 жылдық құлшылық сауабы беріледі дегенге саятын ақпараттың дінімізде негізі жоқ. Ондай ақпардың бірінде былай делінген: «Кім «зүл хижжә» айының алғашқы он күнінде ораза ұстаса, екі жыл құлшылық еткенмен тең. Ал кім ол жайында адамдарға жеткізсе, 80 жыл құлшылық еткенмен тең». Бұл мәлімет - хадис емес. Сол себептен, хадис ретінде таратудан сақ болған жөн. Аталмыш мәліметтің бірнеше нұсқасын кездестіруге болады.
– Құрбан айт мерекесін қарсы алу үшін қандай дайындық қажет?
– Құрбан айт мерекесін атап өту үшін жақсылап ғұсыл құйылғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіссу сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар малдарын сойып, етін тиісті адамдарға таратады. Мұсылмандар көрші-қолаң, туған туысты қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Бұл күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер табысқаны жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Сонымен қатар дүниеден өткен ата-әже, әке-аналарымыздың қабірлеріне барып, құран оқып, дұға бағыштау да сауапты істерден болып табылады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көршіқолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше сәлем-сауқат жолдап, кішігірім болса да сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізу – құптарлық іс. Айтта осындай амалдарды жасау адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншіліктері мен сыйластықтарын барынша арттырады. Құрбандыққа мал шалу тәртібі бойынша құрбан шалатын адам мұсылман, азат, мұқим (сапардағы жолаушы емес, жергілікті) болуы, сондай-ақ шариғатқа сәйкес бай саналатын жағдайға ие болуы шарт. Бұл үш күн қатарынан тойланатын Ұлық Айт кезінде, әлемдегі мұсылман қауымы Алланың ақ жолына бағыштап құрбандық шалады. Атабабаларының әруақтарына Құран оқытады, бір-бірлеріне ізгі тілектер тілейді. Құрбандық малдың жол-жоралғысы әрбір мұсылманның ниетіне, жағдайына қарай жасалады.Құрбандыққа шалынатын малдың адал және семіз болуы шарт. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Құрбандықтарыңды таңдап, семізінен сойыңдар, сират көпірінде сол малға мініп өтесіңдер», – делінген.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ және ол (құрбан) қиямет күні алдыңнан шығады», – десе, тағы бірде: «Адам баласы құрбан айт күні қан шығарудан (құрбан шалудан) артық амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес», – дейді. Құрбандық ретінде шалынған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келіп, Алланың алдында куәлік береді. Сол жануар қанының алғашқы тамшысы жерге тамбай тұрып, Алла Тағаланың құзырында құрбандық шалушы жоғары дәрежеге жетеді.
– Білуімізше, құрбандық шалудың да өз тәртібі мен әдебі бар...
– Иә, құрбандыққа шалынатын қой бір жасқа толған болуы керек немесе бір жасар қойлардың арасына қосып жіберсе білінбейтін семіз, ірі алты айлық тоқты да жарайды. Сиыр екі жасын, түйе бес жасын толтыруы шарт. Бұл малдарды жеті кісіге дейін бірігіп құрбандыққа шалуға болады. Ал сол малдардың бір немесе екі көзі соқыр, ақсақ, арық, құлағы мен құйрығы туғанда жоқ әрі құлағының жартысынан көбірегі кесілген, тісінің жартысы жоқ болса және тауық, үйрек, қаз, қоян сияқты жануарларды құрбандыққа шалуға болмайды. Құрбандықтың уақыты айт күнінің таңында басталып, айттың үшінші күні күн батарға дейін жалғасады. Мешіті бар жерлерде айт намаздары оқылып болысымен бірден құрбандық шалынады.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім айт намазынан бұрын мал шалса, оның орнына қайтадан мал шалсын. Ал кім намаздан соң мал шалса, оның құрбандығы қабыл болады және ол мұсылмандардың сүннетіне дөп келеді», – деген.
Малды жақсы бауыздай білсе, құрбандықты иесі өзі шалғаны мұстахаб болады. Егер қолынан келмесе, білетін біреуге шалдырсын. Алайда құрбандық иесі басында тұруы қажет. Құрбандықты күндіз шалғаны мұстахаб, ал себепсіз түнде шалу мәкруһ (құпталмайтын) болады. Құрбандыққа шалатын мал құбылаға қаратылып арнаулы дұға оқылады. Үш мәрте тәкбир айтылады және былайша ниет етіледі: «Иә, Раббым! Бұл пенденің саған қарсы келіп, қателік жасаған кезі болса, назалы да наразы сөзі болса, соның бәрін кешіре гөр. Өзімнің мына ақ адал малымды құрбандыққа шалғалы тұрмын. Қабыл ала гөр, я Раббым. Бисмиллаһи Аллаһу Акбар!»
Малдың еті үшке бөлінеді, бір бөлігі үй ішінің нәпақасы, екінші бөлігі дос-жарандар, қонақтарға, үшіншісі пақыр, мұқтаждарға садақа үшін беріледі. Дегенмен барлығын толығымен таратса да болады. Шалынған құрбандықтың етінен ең алдымен оны шалушы ауыз тигені абзал. Сойылған малдың терісін не басқа жерлерін сатуға болмайды. Егер сатқан жағдайда, сол ақшаны жоқ-жітікке садақа етіп беру керек. Сонымен қатар, жалданған қасапшыға құрбандыққа шалынған малдың етімен есептесуге болмайды. Оның еңбекақысын өз алдына төлеуі тиіс. Ал құрбандықтың етінен садақа ретінде беремін десе, оған қарсылық жоқ.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА