Тендерге таныс керек пе?
Аудандағы кішігірім баққа темір қоршау тұрғызудан бастап, құны миллиардтаған теңге тұратын көпір соғу мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асатыны белгілі. Ерекше айта кету керек, мұнда жұмыс құнына, көлеміне қарай лимит қарастырылған. Соның өзінде жыл басынан бері, 5 ай ішінде жалпы соммасы 2 миллиард теңгеге жуықтайтын 91 мемлекеттік сатып алу конкурсы өткен. Бұл цифр бұрын БАҚ беттерінде көріне бермейтін салаға деген қызығушылығымызды оятты. Күнделікті өмірде «тендер» деген терминмен танымал тіршіліктің айналасында қазалылықтардың да жауап алғысы келетін сұрағы аз емес. Осындай сауалдың бірқатарын аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Нұрлан Толыбаевқа қойған едік.
– Нұрлан Бақытұлы, әңгімемізді мемлекеттік сатып алу заңдылықтарынан бастайық. Тендерді заттың нарықтағы бағасынан бірнеше есе төмен сомаға жеңіп алатындарды көз көріп жүр. Ондай шаруада сапа болады деуге ауыз бармайды. Сіз қалай ойлайсыз?
– Әрине ел арасында жиі айтылатын мұндай әңгімені естімедік деу әбестік болар. Бізге келіп түскен тапсырыс заң талаптарына сай порталға салынады. Онда қызмет пен тауардың техникалық ерекшеліктері анық, ұғынықты көрсетіледі. Сондықтан конкурсқа қандай баға ұсынуды кәсіпкер өзі біледі. Сәйкесінше, ұтып алған жағдайда жауапкершілікті толық сезінуі шарт. Іс біздің бөлім құзыретінен өткеннен кейін қабылдап алушы органдар, тапсырыс пен орындау жұмысының сәйкестілігін тексеретін мамандар бар. Олар кәсіпкердің қандай төмен бағаға ұтып алғанына емес, көрсетілген сапасына мән беріп, қабылдайды. Мұндай жағдай жиі орын алып тұратыны белгілі. Дегенмен көп жағдайда тапсырыс берушінің талабы қанағаттандырылады.
Мемлекеттік сатып алумен айналысатын кәсіпкерлерге алдымен лотты зерттеп алуға кеңес берер едім. Мәселен, тәжірибемізде елде жоқ затты арзан бағада таба алатын азаматтар да бар. Олар тікелей шетелмен, фабрика, зауыттармен сауда-саттық жасап, жақсы пайда табады. Олармен бәсекеге түскісі келетіндер шаруаны зерделемей, шығынға батқан кездер де болды. Адам болғасын, кейде білместікпен, жастықпен қателік жасап қойғандарға жанымыз ашиды. Бірақ олардың баға ұсыну саясатына араласа алмайтынымыз тағы бар.
– Аз-кем цифрларды сөйлетсек. Биыл қанша тендер ойнату жоспарда бар? Жұмыстарыңыздың жағымды нәтижесін неден байқауға болады?
– Ең алдымен мемлекеттік сатып алу бөлімі осы мақсатта пайдаланылатын қаржыны оңтайлы, тиімді жұмсауды, сондай-ақ «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермеуді қағида етіп алғанын айтайық. Биыл осы рәтпен 64 тапсырыс берушінің 2857 сатып алу конкурсын ұйымдастыруды жоспарға кіріктірдік. Бұл дегеніміз 4 миллиард 51 миллион теңгені құрайды. Соңғы бес айда бөлімнің білікті мамандары 111 миллионға жуық қаржыны үнемдеді. Жалпы сомманың басым бөлігі аудандық, 30 проценті республикалық, тағы 23 проценті облыстық қазынаға құйылды.
Бұдан бөлек, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы ашық конкурс тәсілімен 20 конкурс өткізілді. Тапсырыстан 238 миллион 81 мың теңге артылды. Ал бөлім қызметкерлерінің кураторлық жұмысы аясында 21 миллион теңгенің 4 тендерінен 7 миллионға жуық қаржы негізсіз жұмсалудан сақталды.
– Бұрындары тендердегі «қасқыр» кәсіпкерлер тапсырыс берушімен астыртын келісімге келетінін, өзіне қолайлы талаптарды техникалық сипаттамаға енгіздіріп алатынын еститін едік. Қазір қалай?
– Мұндай уәж кезінде жиі айтылды. Бірақ бұл – Заң тұрғысынан рұқсат етілмейтін іс. Оның үстіне қазіргі күні мемлекеттік сатып алумен айналысатындардың саны біршама артқаны себепті пайда болған бәсекелестік мұндай айланың жолын түбегейлі кесті десек қателеспейміз. Өйткені ауданның мына бір шетіндегі кәсіпкер сол саладағы келесі кәсіпкермен мүмкіндігі жағынан теңестірілді. Заң талаптары да мемлекеттік сатып алудағы бәсекелестіктің әділетті өтуіне жұмыс жасап тұр.
Мысал үшін айта кетейік, бір мемлекеттік сатып алуға он адам қатысты делік. Конкурс аяқталғаннан кейін оны кем дегенде жетеуі ішкі аудит мекемесіне арыз-шағым түсіреді. Мұны дұрыс емес деп айта алмаймыз. Сондықтан әрбір қатысушының не себепті жеңімпаз атана алмағанын жеке түсіндіріп беруге тиіспіз. Бірақ кемшіліксіз, 100 проценттік көрсеткішке қанша ұмтылғанымызбен ойлағанның бәрі бола бермейді. Осыдан біраз уақыт бұрын белгілі бір конкурсқа мекемелер құжат тапсырды. Арасында жалған диплом тіркеп жіберген тұлғаның айласын байқамай қалдық. Бірақ уақыт-сағатынан оздырып болса да, кеткен кемшілік жайын бізден жоғары тұрған мекемеге хабарладық. Соған сай 10 айға жуық мемлекеттік сатып алу бөлімінің есепшоттары бұғатталып, қиын кездерді бастан өткердік. Ол аз болғандай комиссия мүшелеріне айыппұл салынды. Бірақ абырой болғанда, кінәсіздігіміз дәлелденіп, бәрі қалпына келтірілді. Сондықтан мемлекеттік сатып алу бөлімі заңбұзушылыққа, біреудің мүддесіне ықпалдасуға жол бермеуді мақсат ететінін, екінші мәрте әлгіндей олқылыққа жол бермеуге бар күш-жігерін жұмсайтынын көпшілік біле жүрсе деген тілек бар.
– Қала мен кент арасындағы құрылыс «форс-мажор» жағдайына тап болғаны айтылды. Ашып айтсақ, тараптар келісімшарт жасасқаннан кейін құрылыс заттарының бағасы бірнеше есеге өсіп кетті. Мұндай жағдайда шығынға батқан кәсіпкерді кім құтқарады?
– Құрылыс заттарының күрт қымбаттап кетуі азамат ретінде мені де алаңдатады. Тапсырыс орындаушылардың жағдайы тіптен қиындай түсетіні түсінікті. Бірақ мемлекет арнайы «форс-мажор» жағдайында кәсіпкерге жәрдемдесуге мүмкіндік қарастырып қойған. Мұндайда тараптар себебін көрсете отырып, жоба-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіп, қосымша келісім жүргізіледі. Соның негізінде қаржы қаралуы мүмкін.
Осы тұста тапсырыс берушінің жобаны дұрыс жоспарламауы ксәпкердің мезгілге сай бағаның тұрақсыздығынан зардап шегуіне немесе жұмыстың сапасыз шығуына айтарлықтай әсер ететінін айтпай кетуге болмас. Мысал үшін ғимарат тұрғызуды алайық, желтоқсанда қажетті қаржы бөлінді. Ақпан-наурыз айларында заңдылыққа сәйкес конкурс өткізіледі. Құжаттармен ірілі-ұсақты шаруаны біржақты еткен соң, үш ай жазда мезгілдің қарасып тұрған уағында жұмыс аяқталады. Жөнді жоспарлау осылай өтеді. Күннің қызып тұрған шағында құйылған іргетас та, сылақ та сықырлап кеуіп, құрылыс сапалы жүреді. Кейбір әріптестеріміз жоспарды жүре түзетіп, конкурсты жазға дейін созып алады да, күн суыта бастағанда жанталаса іске кіріседі. Қыстыгүні құйылған іргетаста сапа, сылақта көрік болмайды. Талапқа сай етіп салғысы келгендер көктемді күтіп, жобаның аяқталу уақытынан кеш қалады. Сондықтан жоспарлауға үлкен іс ретінде жауапкершілік таныту керек.
– Ел бойынша тендердің ілімін үйрететін Нұрлан Байділдә жастар арасында танымалдылыққа ие. Бірақ оның ақылы курсына қатысуға, ақылын тыңдауға әркімнің қолы жете бермейді. Ауданның мемлекеттік сатып алу жұмысын жүгіртіп отырған сіз қызығушы жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Салаға басшылық еткен үш жыл ішінде түрлі жағдайдағы азаматтарды көз көрді. Тендердің ыстығы мен суығына түсіп, шыңдалған азаматтардың тәжірибе жағынан алдын орап кетемін деп айта алмаймын. Дегенмен іс бастаушы жастарға қанағатшылдық артықтық етпес еді. Табысқа жетуде ақырын, бірақ үздіксіз қимыл қашан да нәтиже берген. Мұнда да солай. Кейбір сатып алудың қыр-сырын білмейтін талабы таудай жастар бір конкурстан кейін сағы сынып қалып жатады. Болмаса қомақты қаржыны сәтсіз жобаға салып, шығынға батады. Мұнда да сәтсіздіктер толағай табыспен қатар жүретінін ескермейді.
Аты-жөнін айтқаным әбестік болар, былтыр осылай ақыл сұрап жас жігіт келді. Мен қаржысы аз жобаларға қатысып, пайдасын келесі бір конкурсқа салып отыруға кеңес бердім. Өйткені ірі соммадағы мемлекеттік сатып алуға қатысатын күнге жеткенше өрен тәжірибе жинап, қиындықтардан сабақ алып үлгереді. Кейін сол жігіттің еліміздің ірі қалаларында сметалық құжат дайындайтын компания филиалдарын ашқанын естіп, қуандым. Бірақ әлгінде айтқанымдай, біршама уақыт өткен соң сәтсіздікке ұшырағанға ұқсайды. Десе де мен оның бұған бола берілмейтінін сеземін. Өйткені салада кездесетін көп қиындықты еңсерген, біліктілігін жетілдірген кәсіпкер шаруасыз қалмайды.
– Соңғы сауал болсын, тендерде «көке» керек пе?
– Қазір портал ашық, қатысушыға, тапсырыс берушіге, тіпті жай ғана бақылап отырамын деген адам өзіне керек ақпаратты алуына болады. Сондай-ақ кәсіпкерлерге заңды, мемлекеттік сатып алудың өткізілу тәртібін ыждахаттылықпен санаға сақтап алған артықтық етпейді. Бұдан бөлек, мемлекеттік кірістер басқармасына салық төлеуден «абыройлы» азаматтардың конкурста жеңімпаз атануы жеңілірек. Тоқсан ауыз сөздің түйіні, ісіне жауапкершілік танытып, еліне, туған жеріне болысқан іскерлердің ілкімді тірлігі мемлекет тарапынан әрқашан бағаланады, қолдау табады.
– Бүкпесіз пікір-жауабыңызға ризашылық білдіремін.
Әңгімелескен
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ